Ауылы көркеймеген елдің экономикасы қарқынды дамымайды
«QAZAQSTAN ZAMANY» газеті және «Нұр Отан» партиясының, Ауыл шаруашылығы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, «ЕлАна» сайтының «Ауыл экпедициясының» қорытынды дөңгелек үстелі
Өткен жылы халықаралық «QAZAQSTAN ZAMANY» қоғамдық-саяси газетінің бастамасымен «Нұр Отан» партиясы және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «ЕлАна» сайтымен бірлескен дәстүрлі «Ауыл» экспедициясы бүкіл Республиканы аралап шықты. Мақсат: Елдің тыныс-тіршілігін бағдарлау, халықтың тұрмысын саралау, еңбек адамдарымен сұхбаттар құрып, ауылдың қам-қарекетін, кем-кетігін зерделеп, газет арқылы сараптама мақалалар жазу, игілікті істерге мұрындық болу. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына, сондай-ақ халыққа арнаған Жолдауын қолдау, насихаттау мақсатында «Ауыл-Рухани жаңғырудың қайнар бұлағы» атты экспедиция ұйымдастырылған болатын. Алтай мен Атыраудың арасында өткен экспедиция барысында еліміздің 26 жылдағы жетістіктері газет бетінде өткен жылы жарияланды.
Осыған орай, дәстүрлі экспедицияның қорытындысын талқылау жыл сайын өткізіліп келеді. Биыл да дөңгелек үстел басына «Нұр Отан» партиясы мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығы, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, көрнекті зиялы қауым және БАҚ өкілдері бас қосты. Бұл жолы да ел сенім артқан азаматтар жиналып, ауылдың жетістіктері мен кемшіліктерін әңгімеге арқау етті. Әттең дегізгені, бұл жолы депутаттар белсенділік танытпады.
Дөңгелек үстелге «Qazaqstan Zamany» газетінің бас директоры Сәуле Мешітбайқызы, газеттің бас редакторы Ертай Айғалиұлы, «Нұр Отан» партиясы өкілі Амангелді Кеңшілік, Ауылшаруашылық вице-министрі Ерлан Нысанбаев, Қазақстан Республикасы Ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев, Қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір, белгілі саясаткер Дос Көшім т.б. елге танымал тұлғалар жиналды.
ГАЗЕТ – ХАЛЫҚ ПЕН БИЛІКТІҢ АРАСЫНДАҒЫ АЛТЫН КӨПІР ЕМЕС ПЕ ЕДІ?!
Сәуле Мешітбайқызы, «Qazaqstan Zamany» газетінің бас директоры:
— Құрметті жиналған қауым! Баршаңызға біздің шақыруымызды қабыл алып, арнайы келгендеріңіз үшін рахмет айтамыз. Ең алдымен өткен мерекелер, ең қасиеттісі Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығы құтты болсын! Одан кейін əлемді тамсандырған Экспо туралы айтпай кеткенім жарамас. Ол да ортақ қуанышымыз. Алда келе жатқан Астана қаласының 20 жылдығы да мерейлі мерекеміз ғой, абыройлы тойлана берсін! Баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, шаттық тілеймін! Сондай-ақ бүгінгі шара аясында, бір кездері елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының Түркияға сапары барысында тікелей қолдауымен жарық көрген «Қазақстан Zaman» газеті, 27 жылдан кейін заман талабына орай “Qazaqstan Zamany” атанып отыр. Бұл газеттің алғашқы редакторы Қалтай Мұхамеджанов ағамыз болғанын көзі қарақты ағайын білетін боларсыздар. Тәуелсіздігімізбен бірге жасасып келе жатқан газетіміз жылдар бойы халықтың мұңы мен сырын бөлісіп қамын жеп, салиқалы ойларын билікке жеткізіп келді. «Qazaqstan Zamany» болып аты өзгергенімен, заты баяғыша қалмақ. Жыл сайын еліміздің сан аймағына түрлі экспедициялар жасап, халықтың сөзі мен пікірін билік тарапына жеткізіп келді, əлі де сол жолдан таймайды. 2010 жылдан Ауыл шаруашылық министрлігімен тығыз байланыстамыз. Алғаш рет министр Асылжан Мамытбеков өзі дөңгелек үстелге қатысып, 2 сағат бойы тапжылмай отырып, түрлі сауалдарға жауап бергені есімізде. 2017 жылы вице-министрі Егізбаев Серік Рахметоллаұлы біздің 25 жылдық мерекемізбен құттықтағанын да ұмыта қойған жоқпыз. Ардагерлер кеңесімен де тығыз байланыстамыз. Оған осында отырған ел ағасы Озғанбай ағамыз куə. Биылғы жылғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен байланыс орнатылды. Олар да қолдау білдіріп, ел игілігі жолында бірлесе жұмыс жасауға дайын.
Мен мұны неге айтып жатырмын? Біз жыл сайын «Нұр Отан» партиясының қолдауымен, ауылшаруашылығы министрлігінің қорғауымен, қазақияның түкпір-түкпіріне экспедиция жасаймыз. Мақсатымыз айқын. Ол алыстағы ағайынның бүгінгі тыныс-тіршілігі мен жай-күйін білу, тұрмысының қаншалықты деңгейге жеткенін саралау. Сапар барысында түрлі топтағы адамдармен кездесіп, небір мақтау мен даттауды естиміз. Сын айтқандардың уәждеріне түпкілікті үңіліп, зерттеп-зерделеп отыруға тырысамыз. Әр облысқа сапарымыз, газетіміздің әр санында жарияланып, ауыл адамдарының ой-пікірлерін қамтуға үнемі күш салып келеміз. Елбасы тарапынан ауылға оң көзқарас бар. Халыққа жолдауларында ауыл жайлы айтылмай қалған емес. Ел қазынасынан ауылды көркейтуге бөлініп жатқан қаржы да шек жоқ. Оған ел-жұрт дән риза. Бірақ көп жағдай да, діттеген мақсатқа жұмсалмаған ақшалар, босқа рәсуә болып жатады. Бұл да керітартпа әрекеттер. Бірден айтайын, ауыл да әлі проблема көп. Жетістіктер де аз емес. Соларды билікке жеткізейік десек, Парламенттің Сенаты мен Мəжілісінен депутаттарды дөңгелек үстелге əкелу мүмкін болмай тұр. Бəрі де жұмыс басты. Түсінеміз. Бірақ, халықтың арасында болып, олардың жан сырын, жан айқайын естіп, көзбен көріп келген біздің дауысымыз депутаттарға жетер емес. Газет – халық пен биліктің арасындағы алтын көпір емес пе еді? Біздің газет, қоғамдағы түйткілді проблеманы ашып беріп, жеңілдік туғызып отырғанын билік басындағылар қашан түсінер екен?
КЕЙ АУЫЛДАРДЫ КӨРГЕНДЕ ЖҮРЕГІҢ СЫЗДАП КЕТЕДІ…
Ертай Айғалиұлы, «Qazaqstan Zamany» газетінің бас редакторы:
— Экспедиция өткен жылдың күзінде бүкіл республиканы аралап шықты. Экспедиция барысында мемлекетіміздің қамқорлығының арқасын-да ауылдарымыз көркейіп, өсіп-өркендеп, жаңа инно-вациялық жобалармен байып, инфрақұрылым-дардың түзеліп, соның нәтижесінде жұмыссыздық азайып, қа-лаға жаппай көшу үдерісі тоқтағанына көзіміз жетті. Біз ол жетістіктерді, игі істерді газет беттерінде жарияладық. Әрине, әлі де болса көкейтесті мәселелер де, кемшіліктер де жоқ емес.
Жергілікті өндіріс пен шаруашылықтарға ауыл шаруашылығы мамандары жетіспейді. Мысалы, агроном, мал дәрігері, гидромелиоратор, ихтиолог, балық мамандары, неше түрлі өнім өңдеу технологтары т. б. Тіптен жай механизатор жетіспейді.
Барлық ауылдарға тән бұл кемшіліктер ауылдың жыл өткен сайын қартайып келе жатқанын көрсетеді. Бұл дабыл қағарлық көкейтесті мәселе. Сондықтан Үкімет жастарды ауылда қалдырудың кешенді, шынайы іс жүзіне асатын бағдарламасын жасамаса болмайды. Осы күнге дейінгі бағдарламалар делитанттық, көзбояушылық дүниелер екендігін ересектерді қойып, еңбектеген сәбилерге дейін біледі. Сосын ерекше айтқым келетіні: шекарадағы ауылдарға ерекше қамқорлық қажет. Әсіресе тұрғындар санын көбейтудің жолдарын қарастырған жөн. Бұл қауіпсіздік мәселелерін шешуде зор рөл атқарады.
Тағы бір ортақ проблема (Солтүстік, Шығыс өңірлерімізде, бұған Батыс Қазақстан облысы да кіреді). Демографиямыздың көңіл аударарлықтай төмендеп бара жатқаны. Мектептер бала жетіспеуінен шетінен жабылып жатыр. Мектебі жабылу деген сөз — ауылдың түбегейлі жабылуы деген сөз. Бұрын 7 мыңнан аса ауыл бар болатын. Соңғы есептеулер бойынша оның саны 6 жарым мыңға әзер жетеді. Аса қорқынышты үрдістер шекара бойындағы ауылдарда зор белең алып отыр. Біз жергілікті тұрғындармен әңгімелескенде оны тоқтатудың мына бір жолдарын ұсынды.
«НҰР ОТАН» АУЫЛ МӘСЕЛЕСІНЕ НЕМҚҰРАЙЛЫ ҚАРАМАЙДЫ
Амангелді Кеңшілік, «Нұр Отан» партиясы өкілі:
— Мен бұл тақырыпқа байланысты көп мәліметтерді көріп отырмын. Қазіргі уақытта өздеріңіз байқаған боларсыздар, «Нұр Отан» партиясы басшылығына Мәулен Сағатқанұлы Әшімбаев келді. Ол кісі өте үлкен стратег. Саяси жағдайды терең білетін азамат. Келешекте сіздермен бірге жұмыс істеуге әзірміз. Бүгінгі дөңгелек үстелден өзіме қажетті көптеген фактілерді естіп таң қалып отырмын. Әйтсе де мынаны баса айтқым келеді: «Нұр Отан» партиясы жұмыс істеп жатыр. Әсіресе ауыл-аймаққа деген көзқарас өзгеше. Әр облыста филиалдарымыз бар. Сол жақтардан неше түрлі сарындағы хаттар жиі келіп жатады. Ол хаттардың барлығына партия рекция жасайды. Баяғыдай емес, партия қазір саяси күшке айналды. Бүгінгі жиында көтерліген мәселелерге бей – жай қарай алмаймыз. Оны мен шешпесем де, арнаулы адамдардың құлағына жеткіземін.
«БОС ЖЕР ЖАУ ШАҚЫРАДЫ»
Өмірзақ Озғанбаев, ғалым, қоғам қайраткері:
— «Qazaqstan Zamany» газетінің есеп беру жиынында былтыр да болған едім. Жыл бойына ауыл-елді аралап, газет бетінде мәселерді көтеріп, солардың ішіндегі күйіп тұрғандарын осындай басқосуға жиып әкелу, талқылау – үлкен мәні бар шаруа деп есептеймін. Бір айта кетерлігі, осы аталған келелі мәселелер Үкімет басшысының назарына ілігіп, тиісті министрліктер, мәселен, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым, Денсаулық, Ауыл шаруашылығы министрліктері осыған қарай әрекет етсе құба-құп болар еді. Сондай-ақ, газет ұжымы да жағдайды бақылауда ұстап, келесі жылғы жиынды күтпей-ақ, уақытында оқырманға ақжолтай жаңалығын жеткізіп отырса деген ниет бар. Ауылдың мәселесі – қазақтың мәселесі екені сөзсіз. Біздің тарихымыздың, мәдениетіміздің, салт-дәстүріміз бен тегіміздің ауылдан бастау алатынын ұмытпауымыз қажет. Ауылдың жағдайы әлсіресе, осы аталғандардың бәрі де әлсірейтіні белгілі. Баяндамаларыңызбен таныса отырып, бір нәрсені көзім шалды. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысының ауыл-елдімекендерінен шыққан жастар Ресейге кетіп жатыр деп дабыл қағыпсыздар. Бұл – рас дүние әрі бұған онша таң қала қоймаймыз. Бірақ, осының салдарымен емес, себебімен күрессек қой деп ойлайсың. Өйткені, солтүстіктің тұрғындары орыс тілін орыстардан артық білмесе, кем білмейді. Екіншіден, Ресей жағы ҰБТ-ың қалай деп тексермейді және үшіншіден, Мәскеу, Санкт-Петербургтерде жоғары білім алуға кететін шығын Қазақстанға қарағанда әлдеқайда арзан. Мінеки, мен білетін осы үш жағдай – қазақ жастарының Ресейге кетуіне негізгі себептер. Одан кейін шекараның бос болмауы төңірегінде аз-мұз айтылды. Бұл да – ойлантатын мәселе. Қазақта «бос жер жау шақырады» деген даналық сөз бар. Көреген бабаларымыз жоңғарларды тым-тырақай қуып шыққаннан кейін Іленің бойына Қабанбай батырды, Ертістің бойына ер Жәнібекті елмен бірге жіберіп, қоныстандырған. Осы арқылы бүгінде өндіріс ошағына айналған қалалар пайда болды. Ел көшкен сайын бос қалатын шекараларымызға шеттегілердің көзі түспес үшін мұны да басты назарда ұстауға тиіспіз.
Озғанбаевтың Ресейге қазақ жастар кетіп жатыр деген жан айқайына берілген жауап!
РЕСЕЙГЕ ЖАСТАР КЕТІП ЖАТЫР ДЕГЕН – ҚАҢҚУ СӨЗ!
Нұрлыбек Жеңісбек, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің басшысы:
— Өзім де ауылда өстім. Ауылда оқыдым. Сондықтан ауыл жайымен жете таныспын деп айта аламын. Ауылдың жайы барлығымызды алаңдатып отыр. Жақында Елбасының қабылдауында болған Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың «әр ауылда Бауыржан Оспанов секілді бір-бір азамат болса ғой» дейтін. Шынында ондай азаматтар да жоқ емес. Яғни әрбір азамат өзінің ауылына жанашырлықпен қараса жақсы болар еді. Екіншіден Кеңестік кезеңнің қамытын қайырып тастайтын кез келген секілді. Нарықтық заманда жасап жатырмыз ғой. Жеке азаматтық пікірім еңбектің көзін тауып істеу жағына келгенде шабандық танытып жататынымыз бар. Мемлекеттке иек сүйеп алу жағы да ауылда сақталып отыр. Бұл да өз кезегінде ауылдың дамуына ықпалын тигізіп жатыр. Сонан кейінгі бір мәселе Оңтүстіктен Солтүстікке көшу. Бұл жобаның да кемшін тұстары бар. Қазір оңтүстіктен солтүстікке көшіп барған отбасының әрбір мүшесіне 84000 теңге ақша көмек қаражат беріледі. Солтүстіктегі бір ірі кәсіпорын оңтүстіктен көшіп келген азаматтарды жұмысқа қабылдайтын болса, мемлекет оларға әрбір жұмысшы үшін 1 миллион теңгеден қаражат бөледі. Мұнымен қоса 5 адамнан кем болмауы керек дегендей. Бұл мәселе де біздің министрліктің құзырына жататын шаруа. Осы қызметке келгеніме 5 айдан асып барады. Соңғы уақытта ауылдарды аралап тексеріп көргенімізде бір байқағанымыз ауылдағы ағайын мемлекеттен бөлінетін түрлі көмек қаражаттар мен жеңілдіктер туралы ақпаратты дұрыс ала алмай отыр екен. Осы кемшіліктің орнын толытру үшін «Әлеумет» деп аталатын ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргізетін кешенді бағдарламаны жасап шықтық. Жақында таныстыруын өткіздік. Бағдарлама халықтың барлық санаттарын қамтитын 4 бағыттан тұрады: «Отбасы – Семья», «Жастар практикасы – Молодежная практика», «Еңбек – Труд», «Зейнет – Пенсия». Бағдарламаның мақсаты — әлеуметтік-еңбек саласындағы мәселелер бойынша халықты ақпараттандыру деңгейін арттыру. Әрқайсысын өз алдына бөлек-бөлек түсіндірумен айналысады. Яғни бөлек аудиториямен жұмыс істейміз. Сосын оңтүстіктен солтүстікке көшу жобасына қатысты бір айта кететін мәселелердің тағы бірі — жастардың Ресейдегі оқу орындарына кетіп жатқандығы екен. Мен өзім Мәскеуде екі жыл магистратурада оқып келдім. Сонда байқағаным Қазақстандық түлектерге біршама жеңілдіктер қарастырылғанымен де, олардың беделді оқу орындарындағы оқу ақысы 420-430 мың рубльдің төңірегінде екен. Бұл дегеніміз біздегіден әлдеқайда қымбат. Ал ішнара арзан оқу орындары бар шығар деймін. Тағы бір айта кететін мәселе, әлеуметтік тақырып ауылдағы басты тақырыптардың бірі. 2018 жылдан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде көптеген реформалар жүргізілмек. Бұл реформалардың нәтижесі қысқа уақыттың ішінде көріне қоймайтын шығар. Қазірдің өзінде атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын енгізіп жатырмыз. Осы салада жұмыс істеп жүргендіктен министрліктің шашбауын көтергенім емес. Елден келгеннен кейін мұндай мәселелердің жеріне жеткізе үңілгенді жөн санаймын.
БІЗ 70 ЖЫЛ БОЙЫ КӨП НӘРСЕДЕН ҚҰР ҚАЛҒАН ХАЛЫҚПЫЗ!
Ерлан НЫСАНБАЕВ, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
— Ауыл – бәріміздің де алтын бесігіміз. Бала күнімізде малдың жем-шөбін беріп, қораны жайғастырып, түннің бір уағында жаман тонды киіп алып, ауру қой туып қоймады ма деп әлсін-әлсін қарап қоятынбыз. Осының бәрі әлі күнге көз алдымызда. Қазір мемлекет тарапынан ауылға көңіл бөлініп жатырғаны даусыз, бірақ, жеткіліксіз деп есептеймін. Кеңес Үкіметі кезіндегі жүйе сол заманда өз жемісін берді. Ал қазіргі нарық заманында басқа жүйеге ауысуға тура келді. Осы орайда жиында қозғалып отырған келелі мәселелердің кейбіреуіне тоқатала кетуді жөн санап отырмын.
Біріншіден, ауылдардағы маман тапшылығы. Бұрыннан бері ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындарымыз ешқайда кеткен жоқ. Біздің министрлікке қарайтын Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Астанадағы С.Сейфуллин атындағы және Оралдағы Жәңгір Хан атындағы ЖОО-ларға соңғы жылдары 3 мыңнан астам грант бөлініп жатыр. Енді жыл сайын білім алып шыққан жастарымыз қайда жүр деген сұрақтың туындайтыны заңды. Солардың бәрін қызметке салу үшін арнайы нормативтік акт жасап жатырмыз. Яғни, Кеңес Одағы кезіндегідей тегін білім алған жастар ауылға барып ең кемі 3 жыл еңбек етуі тиіс. Сондай-ақ, 2009 жылдан бері «Дипломмен ауылға!» деген бағдарламаның жүзеге асып келе жатқанынан хабардарсыздар. Қазіргі таңда еліміз бойынша 9300 студент ауыл шаруашылығы мамандығын игеріп жатса, жыл сайын орта есеппен 6 мыңға жуық жас маман аталмыш маман ауылға жіберіледі. Мемлекет тарапынан аталмыш бағдарламаға бөлінген ақша да аз емес, 2009 жылдан бастап есептегенде 54 мың жас маманды қолдау мақсатында 12,5 миллиард теңге жұмсалды. Әрине, қай салада болмасын мамандар тапшылығы сезіліп тұр. Жыл сайын 6 мың жас маманды ауылға жібергеннің өзінде бұл кемшіліктің орнын толтыру мүмкін болмай тұр. Сондықтан аталмыш нормативтік акт жағдайды біршама өзгертеді деген сенімдемін.
Екіншіден, жеке қосалқы шаруашылық мәселесі. Ауыл болғаннан кейін әр тұрғынның үйінде екі-үш бас сиырдан, он-он бес қойдан болатыны белгілі. Соңғы шыққан ауыл шаруашылығы кооперативтері Заңы осы жеке қосалқы шаруа қожалықтарын дамытуға бағытталған. Егер де жеке шаруа қожалықтары кооперативтерге топтасатын болса, оларға көптеген жеңілдіктердің қарастырылғанын айта кету керек. Шамамен соңғы 16 жылда республика бойынша 1180 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, олардың құрамына 173 мың жеке қосалқы шаруа қожалықтары мен фермерлер кіріп отыр. Не үшін бірігуіміз қажет деуіңіз мүмкін. Мысалы, колхоздардың дәурені жүріп тұрған кезде бес қанатты суармалы жерлер жүйесі жұмыс істеді. Ал, қазір соның бәрі жекенің қолына өткеннен кейін бәрі бытырап, шашырап кеткен. Бұл қай жағынан болмасын ауыл шаруашылығының дамуын тұсап отырғаны айдан анық. Кооперативтер туралы арнайы Заң қабылданғалы екі жыл өтсе, осы уақыт ішінде әлгі «ұжымдасқан» шаруа қожалықтары 19 мың тонна ет және 132 мың тонна сүт өнімдерін дайындаған екен. Дегенмен, әлі де болса халық арасында түсіндіру жұмыстарында кемшілік бар сияқты. Өйткені қай өңірге бармайық, кездесе қалған екі адамның біреуі міндетті түрде кооператив мәселесінен хабарсыз, оның ұтымды тұстарын біле бермейді.
Үшіншіден, асыл тұқымды мал басын көбейту, жалпы селекция мәселесі. Біз, 70 жыл қоршауда қалғандай күй кешіп, көп нәрседен қалыс қалдық. Соның зардабын әлі күнге тартып келеміз. Шетелден асыл тұқымды мал әкелуден қашпау керек. Тек оларды тұқым үшін, селекция үшін әкелу қажет. Жаңадан тұқым алу үшін бір адамның ғұмыры немесе бірнеше жыл уақыт кетеді. Ал бұл экономикамызды одан сайын баяулатпаса, қарқынын күшейте қоймайды. Қазақтың ақ бас сиырларынан бөлек, австралиялық асыл тұқымды ірі қаралардың әкелінуіне жағдай жасасақ, ең алдымен, өзімізді ет-сүт өнімдерімен жарылқай аламыз.
Төртіншіден, аймақтық ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселесі. Атыраулықтар күріш өсіру мәселесін жылдар бойы көтеріп келеді. Оны қабылдамай жатқан себебіміз – ғалымдардың пайымынша күріш өсіру дәл Атырау өңірі үшін тиімсіз. Ертеңгі күні шаруалар несие алып, не өнім жоқ, не табыс жоқ, қарызын қайтара алмай жүрсе одан не пайда? Сол себепті де, біз, аймақтық ауыл шаруашылығы схемасын сыздық. Онда қай өңірде қандай дақылдарды өсірген дұрыс, қандай шаруамен айналысқан тиімді, міне, осылар көрсетілген.
Қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкірдің сұрағы:
— 1998 жылдары шаруаларға кредит беру жөнінде бастама көтерілді. Бірақ, сол мемлекеттің қолдауына шын мәнісінде жұмыс істейтіндер қол жеткізе алмады. Меніңше, осы қалыптасқан жағдай әлі сол күйінде сияқты. Мемлекет қолдауының әкімдерден ауыспай тұрғанын неге жасырамыз? Осыны тексеріп көрдіңіздер ме?
Ауылшаруашылығы вице-министрі Е.Нысанбаевтың жауабы:
— Әбдіжәлел ағамыздың сұрағы өте орынды. Бірақ бұл мәселе бәлкім сол кездері, ары кетсе 2010 жылға дейін болған шығар. Ал дәл қазір шаруаның қолына микрокредит тимй жатыр, әкімдерден ауыспайды деген мәселе жоқ. Өйткені барлығы қазір электронды жүйеге көшіп, неғұрлым адам мен адам кездеспейтіндей бағдарлама жасақталды. Сондықтан қазір субсидия алу, құжаттар дайындаудың бәрі электронды жүйеге көшіп, өзіңіз айтқан мәселелердің жолы кесілді деп сенімді түрде айта аламын.
(вице-министрге сұрақ)
МОРАТОРИйГЕ ҚАРАМАЙ ЖЕР САТЫЛУДА…
Қайырлы Мәкенұлы Омаров, «Жер тағдыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
— Бүгін «Qazaqstan Zamany» газетінің ұйымдасты-руымен ауылшаруашылығы мәселесі көтерілетінін кеш естіп, дөңгелек үс-телдеріңізге кешігіп келіп отырмыз. Вице-министр Ерлан мырза, солтүстік өңірде болып жатқан ауылшаруашылығы жерлерін халықтан сұрамастан қылмыскерлер кепілдік арқылы алып, соның салдарынан халық ауылдан көшіп жатқаны, соңғы күн көрісі пайдан айырылып жатқаны бізді қынжылтады. Осы бассыздықты қашан тоқтатамыз? Қазақ қашан өз жеріне, өз еліне ие болады? Бүгін солтүстікте қытай азаматтары Элеватор, ХПП-ларымызды ақырын-ақырын өздеріне алып жатыр және қазақтың атын жамылып та әрекет жасап жатқандарын көзіміз көріп отыр. Мен халықтың арызын арқалап сонау солтүстік өңірде болдым. Ғабит Мүсірепов ауылында, Ақжар ауданында, Тайшы ауданында жер мәселесі ушығып тұр. Халық саясатқа наразы. Ауылшаруашылық жерлерін мораторийге қарамастан сот орындаушылары сатып жатқан жерлерді құрметті вице-министр қалай тоқтатамыз? Қалай халыққа қайтарамыз?
(Сұраққа жауап)
МОРАТОРИЙГЕ ҚАРАМАЙ ЖЕР БЕРІЛІП ЖАТЫР ДЕУ — ӨТІРІК
Е.Нысанбаев ҚР, АШМ вице-министрі:
— 2016 жылдан бері жер мәселесіне қатысып жүрмін. Сол кезден бері яғни мораторий жарияланғалы бері 1 гектар жер шетелдікке, шетел компанияларына, өзіміздің азаматтарға да жалға берілген емес. Ал, халықтың өз иелігіндегі жер телімдерін, өздері бірігіп игеріп, арты дауға айналып жатқан мәселелердің жөні бөлек. Мұндай жағдайда тек қана сотқа жүгінгеннен басқа амал жоқ. Министрліктің 2018 жылға белгілеп отырған жоспарларының бірі цифрландыру бағдарламасын онан ары тереңдете түсу болып отыр. Халыққа қажетті, яғни жеке азаматтарға қажетті бизнеске арналған жер телімдерін тек қана электронды конкурс арқылы беруді жолға қоямыз. Осы арқылы жер телімінен үмітті тұлғаны, әкімшіліктегі жауапты адамдармен жең ұшынын жалғаспайтын жүйені іске асырғымыз келеді. Соның ережесін жасадық. Ауыл шаруашылығына қажетті жерлерді Қазақстан азаматтарына жалға беру мәселесі бойынша да осы әдісті енгізгелі жатырмыз. Мұнда жерге өтініш беруші адам ешқандай әкімшіліктің есігін тоздырмай-ақ, үйінде отырып, өзінің жерді игеру төңірегіндегі жоспарларын жолдай алады. Сонымен қатар пайдалануға қажетті жерлер туралы да ашық жариялап отыруды қолға алғалы жатырмыз. Тағы да қайталап айтамын, «әкімдер мораторийға қарамай жер беріп жатыр» деген сөз — жалған. Мұны толық дәлелдеп бере аламын.
АУЫЛДА ҚОРДАЛАНҒАН ПРОБЛЕМА КӨП…
Дос Көшім:
— Мен мәселенің анық-қанығына жаңа ғана терең бойлай бастадым. Өйткені «Qazaqstan Zamany» газеті басшылары ақылдастар алқасына шақырды. Осы себепті ауыл мәселесін терең қаузап жүрген басылымның жұмысымен танысуға тура келді. Қазір қазақ тілді 4-5 газет қалды. Оларды тұтынушылар көп жағдайда ауыл халқы. Осыны біздің үкімет те сезінуі керек. Өз саясатын газет арқылы жүргізу керектігін. Және екіншіден ауылдың барлық жағдайын шырылдап айтып жатқан газетті көріп отырып, менің есіме бір оқиға түсіп тұр. Баяғыда «Ауыл» деген газет болды. Сол газетте қордаланған ауыл мәселелері журналисттік зерттеулермен сарапталып жазылатын. Оны билік оқитын, ойланатын. Бүгін бәрі басқаша бағыт алды. Бүгіндері ауыл туралы әртүрлі сөздер таралады. Арасында шындық та, дақпырт та жүреді. Осыны көріп отырып айтқым келетіні: қағаз жүзінде шығатын газеттерге мемлекеттік органдар мен министрліктер тікелей араласуға тиіс-ті. Өйткені олар өздерінің айтатын сөздерін, кей уақытта ақталатын мәселелерін, кейде халыққа жеткізетін ойларын тікелей газет арқылы жеткізе алады. Әсіресе ауылшаруашлығы жағдайында. Бұл бір саланы ғана қамту деп ойламаймын. Меніңше ауылмен байланыс, қазақтың өмірін қамту сияқты көрінеді де тұрады. Әрине ауыл тек шаруашылықпен бағаланбайды. Мәдениет пен білімде қамтылуы керек. Біз осыдан 5-6 жыл бұрын «Ұлт тағдыры» қозғалысы ұйымы 3-4 облыстағы қазақ мектептерінің жағдайын тексердік. Сонда жағамызды ұстадық. Жүзу бассейіндері мен ауруханалардың қазақ мектебі болғанын көрдік. Үлкен типовой мектептің бәрі орыс тілділерге кезінде берілген, ауылдан көшіп келушілер көбейген сайын, мектеп салынып жатқан жоқ. Соның зардабын тарып отыр халық. Сосын қазақ мектептерінің 50 пайызында спорт залдары жоқ. Тағы бір проблема ата – аналар балаларын 6 сыныптан кейін орыс мектептеріне беріп жатады. Неге десең, «менің балам, жақсы спортшы болйын деп тұр, қазақ мектебінде спорт залы жоқ» деген уәжді алға тартады. Алдағы уақытта экспедиция барысында мәдениет пен білімді де қатар алып жүрсек дегім келеді.
«БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ КӨБІ ШИКІ БОЛЫП ШЫҚТЫ…»
Өтен Ахмет, жазушы, драмматург:
— Ауылды өте жақсы білеміз. Қазір де байланысымыз үзілген жоқ. Менің бір байқағаным ауылдан бір безінген адам қайтадан «атамын» десең де ол жаққа аттап басқысы келмейді екен. Сол сияқты малдан бір кеткен адамға «басыңа алтын телпек кигіземін» десең де қайтадан барып мал бағуға жүректері дауаламайтын бір түрлі психология бар екен. Менің жаман ойым айтады, әуелі экономика, онан кейін саясат дедік қой. Бұл енді саясатқа жататын шығар, ауылдың әлеуметтік саяси статусын өзгерту керек секілді. Ауылдың өзінің құқықтары, финанстық, биліктік мүмкіндіктері болса. Яғни өз жеріне, өз суына өздері ие болатындай мүмкіндіктері болса. Сөйтіп төменнен бастап көтеруді қолға алсақ деймін. Бұған қоса мәдениет пен тұрмыс қатар жүруі керек. Қазір «дипломмен ауылға барады» деп күткен жастардың көбі базарда жүр. Әрқайсысының бір-екіден дипломдары бар. Осыларды сіздер секілді салмағы бар басылымдар үнемі назарға ұстап отырса, жоғарының назарын аударып, ауылдағы проблемаларды шешудің жолдары табылатын шығар деп ойлаймын.
АУЫЛДЫҢ ҚҰЛДЫРАУЫ — ЕЛДІГІМІЗГЕ СЫН!
Айдын Оразанбаев, ауыл тұрғыны:
— 26 жылдан бері ауылдың талай мүмкіншіліктерінен айрылып қалдық қой. Жаңа бір бауырымыз айтып қалды. «Ауылдағылар жалқау» дегендей сарындағы әңгімені. Мен өткен жазда экспедиция құрамында 8 облыстың ауылдарын аралап көріп қайттым. Көп ауылдарда қйқалы жайлымдар мен шұрайлы егістік жерлерді азғантай адамдар жеке меншіктеріне алып алған екен. Сөйтіп шаруашылықпен айналысуға мүмкіндіктері азайған ауыл адамдары қалаға, жұмыс іздеп көшіп кеткен. өз басым ауылдың құлдырауы, мемлекеттік мекемелердің қызметінің сапасыздығынан деп түсінемін. Өздері жоспарларын жасайды, онысын уақытында орындамайды. 26 жылда не болды? Барлық қазба байлықтарымыз бен, дайын дүниелерімізді сатып құрттық та, айналып келіп жер сатуға кірістік. Кезінде миллиондаған қазақ аштан қырылып жатқанда жер сату ойына келмеген. Бұл мәселелерді шешуге әлі де бір 26 жыл керек шығар. Бірақ мемлекеттің болашағын ойласақ, бұл мәселе ең өзекті мәселелердің бірі екенін ұмытпағанымыз жөн.
ШАРУАЛАРДЫ НЕСИЕ АЛУ – ҚИНАП ТҰР
Бауыржан Шақарбекұлы, «Ұлт бірлігі» қоғамдық қорының президенті:
— Ауыл мәселесі дегенде, ондағы ағайындарды қинайтын шаруалардың бірі- несие алу мәселесі дер едім. Екінші деңгейлі банктер бұл салаға құлықсыздық танытып отыр қазіргі таңда. Көрші Қытайда шаруаларға көктемде төмен өсіммен несие таратып, күзде өнімдерін сатқанда қайтарып алатын бір жақсы дәстүрлері бар. Енді олармен теңесіп кетпесек те, осындай бір тиімді жобаларды қолға алсақ жақсы болар еді. Екінші бір айтарым, қазіргі таңда ауылдағылар мал басын көбейтуге тырысып жатыр. Өкінішке қарай сиыр мен қойда кездесетін жұқпалы аурула мазалап тұр шаруаларымызды. Қажетті вакциналарды өзімізде өндіре алмайтындығымыз тағы бар. Мұнымен қоса, аурудың аолдын алу қызметі де ақсап тұр.
Арнайы тұжырымдама қабылдануы тиіс
Әбдіжәлел Бәкір, қоғам қайраткері:
— Шын мәнінде қазір/гі ауылдардың жағдайы өте күрделі. Өзім Қызылордаға жолым түскенде туған ауылыма соқпай кетпеймін. Сонда ауыл жұртының жағдайын көріп, бір жағы қуанасың, екіншіден, күңіренетін тұстарын көріп жүрегің ауырады. Бұған дейін де айттым, тағы да айтайын, біздің Үкімет ауыл жөнінде тұжырымдама қабылдаса дұрыс болар еді. Өйткені, ресми құжат қабылданбай, ауылдарымыздың оңатын түрі жоқ. Оған жалпы жұрттың назарын аударту үшін де аталмыш тұжырымдама қажет-ақ. Ауылға барсаң әкімдерін ұстай алмайсың. Бір кездері ауылымызда су тапшылығы қатты сезіліп, Қырымбек Көшербаевқа кіргенімде осы мәселені дереу көтеріп, ауылға су жеткізді. Кейін ауылдың әкіміне жолығып, басқа қандай мәселесі бар сұрайын десем, маңына жолатпайды, бізден қашады. Неге? Өйткені, сауат жоқ, айтары жоқ, жәй ғана мұғалім әкім бола салады. Ауылда шынымен де маман жоқ, тіпті, әкім болатын адам жоқ. Биліктің өктемдігі халыққа өтіп кеткен. Ел-жұртпен санасу болмағаннан кейін, олардың жай-күйін білмей оңды-солды бағдарлама қабылдай беру өктемдік демей немене?
Министрлік жауап береді
АУЫЛ ХАЛҚЫН МАЗАЛАҒАН САУАЛДАР КӨП…
«Ауыл экспедицясы — 2017» барысында «Қазақстан заманы» журналистері ел ішіндегі толғағы жеткен проблемаларды ауыл халқының және шаруалардың өз ауыздарынан естіп, Ауыл шарушылығы министрлігіне жеткізуге уәде берген болатын. Дөңгелек үстел барысында АШМ вице-министрі Ерлан Нысанбаев мырзаға арнайы слайд арқылы барлық көкейтесті мәселелер көрсетілді. Халықтың талап-тілегі жеткізілді. Вице-министр сұрақтардың баршасына газет бетінде үлгергенше жауап беруге тырысатынын айтқан еді. Сол сөзінде тұрып, екі-үш күннің ішінде халықтың сауалдарына (бәріне болмасада) жауап беріп үлгерді.
Ауыл халқынының АШМ-не жолдаған сауалдарына министрліктің жауабы:
— Жергілікті өндіріс пен шаруашылықтарға ауыл шаруашылығы мамандары жетіспейді. Мысалы, агроном, мал дәрігері, гидромелиоратор, ихтиолог, балық мамандары, неше түрлі өнім өңдеу технологтары т. б. Тіптен жай механизатор жетіспейді.
Барлық ауылдарға тән бұл кемшіліктер ауылдың жыл өткен сайын қартайып келе жатқанын көрсетеді. Бұл дабыл қағарлық көкейтесті мәселе. Сондықтан Үкімет жастарды ауылда қалдырудың кешенді, шынайы іс жүзіне асатын бағдарламасын жасамаса болмайды. Осы күнге дейінгі бағдарламалар делитанттық, көзбояушылық дүниелер екендігін ересектерді қойып, еңбектеген сәбилерге дейін біледі.
— Бүгінгі таңда «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрамына 3 аграрлық жоғары оқу орны кіреді: Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті және Оралдағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті.
Республика бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігінің білім беру гранты негізінде 2017-2018 жылдары ауыл шаруашылығы және ветеринария мамандықтары бойынша 3065 грант бөлінген. Бұл дегеніміз республикамыздың ауыл шаруашылығы саласын кадрға деген тапшылықты толықтай жояды.
Қазіргі таңда аталған университеттерде 20 733 студент оқып жатыр. Олардың ішінде ауыл шаруашылық мамандықтары бойынша 9320. Жалпы 1950 магистранттар мен 194 докторанттар білім алуда.
— Бүгінде мемлекеттік тегін кәсіптік оқыту бойынша жылда әр ауданнан кемі 70 адам тракторист мамандығын алып шығуда. Алайда әр елді мекенде 70 трактор түгілі, 70 шаруашылық жоқ. Сол себепті, Үкімет саны бар, алайда қажеті шамалы мамандықтарды оқыта бергенше, шаруалардың сұранысын сұрай отырып, агроном, селекционер сынды тапшы мамандар дайындаса ұтармыз көп болар еді.
— Елбасының биылғы Жолдауында аграрлық ғылымды дамыту мен агроөнеркәсіп кешені үшін мамандарды дайындау мәселесіне ерекше назар аударылған. Жолдауда: «аграрлық университеттердің рөлін қайта қарау керек. Олар диплом беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандарды дайындауға тиіс. Бұл жоғары оқу орындарынан оқу бағдарламаларын жаңартып, агроөнеркәсіп кешеніндегі озық білім мен үздік тәжірибені тарататын орталықтарға айналу талап етіледі» – деп атап көрсетілген. Бұл ретте, кадр тапшылығы мәселесі толық шешілетін болады.
Қазіргі таңда Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен жас мамандарды ауылға жүмысқа тарту мәселесі бойынша бірқатар жұмыстар жүргізіп жатыр, атап айтқанда, мемлекеттік білім беру тапсырысы (грант) негізінде білім алған ауыл шаруашылығы саласындағы мамандарға 3 жылға ауылда жұмыс істеуге міндеттейтін нормативтік-құқықтық акт бекітілетін болады.
— Атырау облысында Ветеринар дәрігерлер, агрономдар, технологтар (егін, бау-бақша, жылыжайда, мал шаруашылығында, балық шаруашылығында), ихтиологтар, энтемонологтар (жәндіктер маманы) жетіспейді.
— «Дипломмен ауылға» бағдарламасының шеңберінде мамандарды тартуға қатысты (бағдарламаның әкімшісі – Ұлтық экономика министрлігі)
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2009 жылдан бастап «Дипломмен ауылға» жобасын (бұдан әрі – Жоба) іске асыру басталды. Әлеуметтік қолдау шаралары ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға көрсетіледі.
Жобаны іске асыру ауылдық елді мекендерге мамандардың ағынын ұлғайтуға мүмкіндік берді. Айталық, Жобаны іске асыруға дейін жыл сайын ауылға шамамен 3300 маман келген, ал жобаны іске асырудың басынын аталған көрсеткіш жылына 6000 маманға дейін ұлғайды.
Жобаны іске асыру кезінде 54 мыңнан астам маман 12,5 млрд. теңге сомада көтерме жәрдемақы алды, ал 23,5 мыңнан астам маман 57,0 млрд. теңге сомада баспана сатып алуға немесе құрылысына бюджеттік кредит алды, бұл ретте шамамен 70%-ы жас мамандар болып табылады.
Соңғы жылдары Жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен бөлінетін қаражаттың оң динамикасы байқалып отыр. Сонымен, 2016 жылы бюджеттік несиелендіруге 8,6 млрд. теңге бөлінсе, 2017 жылы – 11,0 млрд. теңге бөлінді, 2018 жылға 13,6 млрд. теңге қарастырылып отыр.
Анықтама ретінде: жобаның шеңберінде келесі түрдегі әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылып отыр:
– бір маманға 70 еселік айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы төлеу;
– тұрғын үй сатып алу үшін 1500 еселік айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада 15 жылға пайыздық мөлшерлемесі кредит сомасынан жылына 0,01% көлемінде бюджеттік кредит.
— Атырау жерінде күріш өсіруге болады. Осыған байланысты жобаларға қаражат пен субсидия мәселесі жоғарыдан шешімін таппай тұр.
— Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2014 жылғы 23 мамырдағы № 1-1/277 бұйрығымен бекітілген Ауыл шаруашылығы өнiмiнің нақты түрлерiн өндiру үшiн ауыл шаруашылығы жерлерiн оңтайлы пайдалану бойынша өңiрлердi мамандандырудың ұсынылатын схемасында (бұдан әрі – схема) Атырау облысында күріш дақылын орналастыру қарастырылмаған. Схема облыс әкімдігімен келісілген. Айта кету керек, Схемада көрсетілген әрбір дақыл облыстардағы ғылыми зерттеу институттарымен келісіле отырып енгізілген. Сол себепті Атырау облысында күріш дақылын орналастыруды экономикалық тиімсіз деп санаймыз.
АУЫЛ ШАРУАЛАРЫ – МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚОЛДАУЫНА ЗӘРУ
— Қарағанды облысында шөп өте қымбат. Тұқым шашпай, жылда қырқып ала берген соң, табиғи шабындықтың да түсімі азайған. Гектарынан тоннамен түсетін көпжылдық шөпке ауылдың қолы жетпейді. Осыдан 25-30 жыл бұрын егілген көпжылдық шөптер әбден азып, сиреген. Тұқым шашпайды. «Шөптің түсімі аз, тракторларымыз тозған, қосалқы бөлшектер мен жанар-жағармай өте қымбат, істеген бейнетімізді ақтамайды» деп, бұған дейін халыққа шөп шауып сатып жүрген адамдар өткен жылдан бастап тоқтай бастады. Өздеріне ғана дайындайды. Алда ауылдағы көпшіліктің шөпсіз қалатыны анық көрініп тұр.
— Министрлік ауыл шаруашылығы дақылдарын егумен айналысатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің өнім өндіруге жұмсалған шығындарының бір бөлігін бюджеттік қаражат есебінен өтеу шараларын жүзеге асыруда. Министрлікпен өсімдік шаруашылығында ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығын және өнім сапасын арттыру мақсатында басым дақылдарды өндiруге, ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдарына, минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтерге және жеміс-жидек дақылдарының және жүзімнің көпжылдық көшеттерін отырғызу және өсіру (оның ішінде қалпына келтіру) шығындарының құнын субсидиялау шаралары жүзеге асырылуда.
Жоғарыда көрсетілген мемлекеттік қолдау шараларына 2010 жылы бюджеттен 24 977,7 млн. теңге бөлінсе, 2017 жылы ол көрсеткіш 70 624,9 млн. теңгені құрап отыр. 2018 жылы ол шараларға 77 771,9 млн. теңге қаржы қарастырылған.
2017 жылы Қарағанды облысы бойынша мал азықтық дақылдар 295,8 мың га көлемге орналастырылған. Оның ішінде сүрлемдік дақылдар 700 га, бір жылдық шөптер 10,6 мың га және көп жылдық шөптер 282,7 мың га құрайды.
2017 жылы республика бойынша 586,4 мың га мал азықтық дақылдардың көлемін мемлекеттік қолдауға бюджеттен 4 487,7 млн. теңге қаржы бөлінсе, Қарағанды облысы бойынша 19,8 мың га көлемге бюджеттен 183,6 млн. теңге бөлінген. Атап айтқанда Қарағанды облысы бойынша 400 га сүрлемдік дақылдар, 6,5 мың га бір жылдық шөптер жәнеи12,9 мың га көп жылдық шөптер көлемі субсидияланған.
Мал шаруашылығының жемшөпке үдемелі қажеттілігін ескере отырып, сонымен қатар аймақтарда жаппай көпжылдық ескі шөптер (7 жылдан жоғары) бар екенін және олар қазіргі уақытта ойдағыдай өнім бермейтінін назарға ала отырып, 2017 жылдың 23 қазанында облыс әкімідіктеріне, өңірлердегі көпжылдық шөптердің жағдайына сараптама жасау туралы және көпжылдық шөп егетін шаруашылықтарға қолдау көрсету туралы хат жолданған.
Қазіргі уақытта ірі және шырынды шөпке, сонымен қатар концентратты азықты сатып алуға субсидия төленуде. 2014 жыл мен 2017 жыл арасында осы бағытқа 19,2 млрд. теңге субсидия бөлінген. Қазіргі уақытта субсидия төлеу жұмысы жалғастырылуда.
— Біздің өнім өндіру көрсеткішіміз, ет, сүт, егін салаларында Германия, АҚШ, Ресей өнім өндіру көрсеткішінен тіптен самғап, жоғары кеткен. Бұған не дейсіз?
— Бұл жағдай, ең алдымен, АӨК субъектілері тарапынан қаржының жоқтығынан технологиялардың әлсіз енгізілуіне, саланың төмен техникалық жарақтандырылуына байланысты болып отыр.
Осыған байланысты, Министрлік АӨК субъектілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру мақсатында қолданыстағы қаржы құралдарын жетілдіру, сондай-ақ аграрлық қолхаттар сияқты жаңа құралдар енгізу есебінен жекеменшік қаржыландыруды тартуды ұлғайтуды жоспарлауда. Бұдан басқа, «Қазагро» ұлттық холдингі кезең-кезеңімен АӨК субъектілерін одан әрі қаржыландыру үшін несие серіктестіктерін, екінші деңгейлі банктерді, микроқаржы ұйымдарын, лизинг компанияларын қорландыруға көшеді.
БІРЕУДІҢ ҚАҢСЫҒЫНА ТАҢСЫҚ БОЛУ – АБЫРОЙ ӘПЕРМЕЙДІ!
— Атырау облысы өңірінен. Шетелден мал әкелуді тоқтатып, өз жеріміздегі малдарды асылдандыратын ғылымға көңіл бөлу керек? Сіз бұған қосыласыз ба?
— Республика көлемінде 6,7 млн.-нан астам қара мал болса, асыл тұқымды малдың саны 750 мың басты құрайды (асыл тұқымды малдың үлес салмағы 11 %), сондай-ақ қой шаруашылығында 16,0 млн. бас болса (үлес салмағы 14,7%, жылқы шарушылығында 2,3 млн. бас болса, үлес салмағы 8%) құрайды.
Осы мәселе бойынша шетелдерден асыл тұқымды мал сатып алып, республика көлемінде репродукторлық шаруашылықтар жұмыс атқаруда. Асыл тұқымды мал сатып алу үшін және дамыту үшін 2014 жылдан бастап жыл сайын 6,4 мрд. теңге бөлінген, қазіргі уақытта қаржы 2 есеге дейін көбейту көзделуде. Шетелдерден асыл тұқымды малды сатып алып, репродукторлы шаруашылықтарды құру арқылы, болашақта өзіміздің асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында селекциялық жұмыстарды жандандыру арқылы жетістіктерге жетуге болады.
Экспорттың әлеуеттік мүмкіндіктерін көтеру үшін «Сыбаға» бағдарламасы жасалынып, жергілікті малды асыл тұқымды бұқалармен шағылыстыру арқылы, малдың сапасын көтеру бойынша 2013-2017 жылдар арасында бағдарламаға 55,7 мрд. субсидия бөлінген. Бағдарлама аясында 1,3 млн. аналық бас тұқымдық түрлендіруге қатысқан.
— Жамбыл облысы еңбеккерлері жылда ағын су мәселесіне алаңдайды. Ал құдықты өз қаржысына қазғанымен, субсидиясы кешіктіріледі. Осы мәселе Үкімет тарапынан шешімін тапса?
— Жамбыл облысында 2017 жылы 54 суландыру объектісін құру жоспарланса, жыл соңына дейін 223 ұңғыма қазылып, жоспар 413,0% орындалды. Бұл жобаларға барлығы 1027,7 млн.теңге субсидия төленді.
Әкімдіктер өтінімдерінің негізінде міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарлары қалыптастырылады. Қаражатты Министрлік бекітілген қаржыландыру жоспарларына сәйкес ай сайын аударады. Қажет болған жағдайда (жоспардан асып кеткен мақұлданған өтінімдер болса) әкімдіктер бюджеттік заңнамаға сәйкес қаражатты жылжытуды жүргізе алады. Бұл ретте, инвестициялық субсидиялау бағдарламасының жұмыс органы және тікелей іске асырушысы жер-жерлерде облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктері болып табылады.
— Жамбылда қызылша шаруашылығы қарқынды дамып жатқанымен, шаруалар жылда өнімді қант зауыттарына өткеруде қиындықтарға тап болуда. Атап айтсақ, бастапқыда келісілген баға құбылып, төмендеп кетеді. Және өнімді өлшеуде түрлі құйтырғы әрекеттерге жол беріледі. Осыған билік тарапынан бір бақылау болса?
— Қазіргі нарықтық экономика жағдайында мемлекеттік органдар жеке меншікті кәсіпорындарға бағаны бегілей алмайды. Қабылдаудың келісілген шарттары мен бағасы өнім тапсырушы мен қабылдаушының арасындағы келісім-шарттарда көзделуі тиіс. Егер бір тарап міндеттемелерін орындамай, шартта көрсетілген баға бермей, немесе өнімді өлшеуде шартта көзделмеген құйтырғы әрекеттерге жол беріп жатса, екінші тарап, дәлелдемелер жинап, сотқа жүгінуі керек.Мемлекеттік органдардың жүмысы –қызылша өндіруге кеткен шығындардың бір бөлігін субсидиялау арқылы шаруаларға көмек көрсету болып табылады. Мысалы, Жамбыл облысында қайта өңдеуші кәсіпорындарға өткізілген қызылшаның әр тоннасына шаруаларға 10 мың теңгеден субсидия төлеу көзделген.
Түйін:
Ел ертеңі ауыл деп жатамыз. Ендеше ауыл көркеймей, экономикалық өсу қарқыны қарыштап дамиды дегенге сену қиын. Осыны билікте жүрген азаматтар терең сезінуі керек. Әйтпесе «Баяғы жартас – бір жартас» күйінде қала беруі бек мүмкін. Дөңгелек үстелде ауылдың бүгінгі жағдайы жан жақты қаузалып, шаруаларды толғантып отырған көптеген мәселелер ашық айтылды. Жиынның төркіні – ауыл жайлы болғандықтан, дөңгелек үстелге арнайы келген Ауыл шаруашылығы министрі Ерлан Нысанбаев уақытының тығыздығына қарамай жиналған қауымның түрлі сауалдарына, ауылдан арқалап әкелген «аманат хаттарға» тиянақты жауап берді. Өз ісіне адал, халықтың арасынан шыққан министрге ашықтығы үшін, жауапкершілікті терең сезінгені үшін ауыл тұрғындары атынан алғыс айтамыз. Өзге де дөңгелек үстелге қатысқан ұлтжанды азаматтарға көрсеткен белсенділіктері үшін ризашылығымызды білдіреміз. Ауылдың қуанышы мен қапасына қабырғасы қайысатын «Qazaqstan Zamany» газеті, алдағы уақытта да Ауыл шаруашылығы министрлігімен экспедицияны жалғастыратын болады. Алла Тағала ісімізге берекет берсін. Ел-жұртымыз аман болсын!
Нағашыбай Қабылбек
Ерғазы Сейтқали
Ермұрат Назарұлы