Әкімшілік кедергілер – бөгет емес

Қала әкімдігі мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Астана – адалдық алаңы» жаңа жобасы аясында астаналық №10 емханада кездесу өтті.

Жоба кеңсесінің жетекшісі Жазира Жылқышиева медицина қызметкерлерінің алдында сөз сөйледі. Ол жобаның мақсаты мен мүддесі жайын түсіндіріп, жобаның, ең алдымен, тұрмыста кездесетін жемқорлықтың жолын кесуге бағытталғанын айтты. Ол үшін елорданың барлық мемлекеттік мекемелері мен ұжымдарындағы әкімшілік кедергілер жойылып, адамдардың өмір сүруіне қолайлы орта жасаудың үлесі зор. Оны қала емханаларының бірінде түсірілген ролик арқылы көрсетіп, емханадағы қызметтің дұрыс ұйымдастырылмауы салдарынан орын алған келеңсіз жайттарды талдап көрсетті.

«Денсаулық сақтау мекемелеріне келушілердің көп екенін білеміз, сол себепті біздің бірінші міндетіміз – медициналық қызметті алуда қолайлы орта жасау. Біздің жұмыс тобымыз барлық емханаларға инспекция жүргізіп жатыр, онда электронды кезектің бар-жоғын тексереміз, отыратын орындықтар жеткілікті ме, кондиционер, бахилге арналған автомат, тіркеу жұмысы, колл-орталық пен басқа да мекеменің жұмыстарына жалпы талдау жүргіземіз» деді баяндамашы.

«Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында ауқымды қоғамдық бақылау енгізу жоспарланды. Нәтижесінде сапалы медициналық қызмет алу да қолжетімді бола түседі.

 

                                                                                            НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК