Аруақ риза болсын десең жалған бәсекелестікті тоқтатайық!
Қос хат. Оқырманның, ұлтына жанашыр қос қарияның қос хатында көтерілген көкейтесті мәселелер өте тамаша. Рахмет сіздерге ағаларым! Бұл екі мәселе де әбден айтыла-айтыла жауыр болған тақырыптар. Бірақ бажайлап қарасаңыздар нақтылық бар. Осы айтылған мәселелер айтылып қана қоймай, сүйінші сұрайтындай іс жүзіне асқанына қуанып қалдық. «Аттыға ерем деп жаяудың таңы айрылыпты» дегендей жалған бәсекелестік онсызда күнін зорға көріп жүрген қазақтың түбіне жетіп жатқаны ащы шындық қой. Ысырапшылдық, аста төк дастарқан жасау шынында да белең алды. Совет, Қабдысалық сынды салиқалы ақсақалдарымыз мұндайға қарсылық білдіргенмен тосқауыл қоя алмай жүр едік. Бұл іске соңғы кездері имамдар батыл түрде араласты. Нәтижесі мінеки!
Кеңес өкіметі кезінде-ақ өлілерге зәулім үйлер, кесенелер тұрғызыла бастаған. Еуропаға, орысқа еліктеп марқұмдардың суреттерін орнату бәсекеге айналған. Қазірде бұл жаман әдетті жалғастырып жатқандар баршылық. Біздіңше оны да тоқтату керек. Себебі ол мұсылманшылдыққа жатпайды.
Сонымен сіздердің назарларыңызға қос хатты берумен қатар суреттерді де жариялап отырмыз. Біз осы бастаманы енді бүкіл елімізге өнеге ретінде насихаттайық. Біз аруақты риза еткіміз келсек құран бағыштайық, жеті күлшемізді пісірейік. Олардың үстін ауыр тастармен бастырып қинамайық. Белгі құлпытас, оған аты-жөні, қай кезде қайтыс болғаны, туған жылын ойып жазалық, бәлкім руы да жазылса артық болмас. Сонда көрпе топырақтың астында жатқан аруақ та риза, әрі күн шуағын сіңіріп демалып жатады.
Дастархан мәзіріне бауырсақ, жеті күлше, сары май, қант салайық. Көңіл айтып келушілер де бұған ренжімейді. Өмір болған соң өлім де қатар жүреді. Үнемдейік, дүние қызығын тірілер көрсін!
Ертай Айғалиұлы