Мұсылманның мұсылманға деген қарым-қатынасы!
Алла Елшісі (с.ғ.с.):
«Бауырыңмен дауласпа, оны келемеждеме, орындай алмасаң оған уәде берме», – деп ескертеді.
Расында, пайғамбарымыз даналығында біреудің біреуді ғайбаттауы – өз өлген бауырының етін жеумен тең екені айтылған. Бұл ойланған әрі Алладан қорыққан құл үшін ғибратты сөз.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұсылман мұсылманға деген қарым-қатынасы жөнінде былайша шегелеп ескертеді:
«Бір-бірлеріңді күндемеңдер,
бір-бірлеріңе қымбат сатпаңдар,
бір-бірлеріңді жек көрмеңдер,
бір-бірлеріңнен теріс айналмаңдар,
бір-бірлеріңнің саудаларыңды бұзбаңдар,
(бір-біріңе) бауыр болыңдар,
Оо, Алланың құлдары! Мұсылман – мұсылманның бауыры.
Оған зұлымдық қылмайды,
оны көмексіз қалдырмайды,
оны төмендетпейді.
Тақуалық – мұнда (Алла Елшісі (с.ғ.с.) үш рет кеудесін нұсқайды).
Бір кісіге жеткілікті жамандық – оның мұсылман бауырын төмендетуі. Мұсылманға мұсылманның қаны, малы және намысы – харам» (Муслим).