Ақпаратқа қолжетімділік – жаңғыртудың жарқын жолы
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Бес институттық реформасының «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» атты бесінші бағытын Дариға Назарбаева басқаратын жұмыс тобы әзірлеген заңдар іске асыруға тиісті болатын. Осы «100 нақты қадамның» ішіндегі 94, 95, 96-қадамдарды іске асыру тетіктерін қамтамасыз ететін «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң жобасын әзірлеген жұмыс тобын Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен ӘШІМБАЕВ басқарды. Біз депутаттан осы заң туралы айтып беруін сұрап әңгімеге тартқан едік.
– Мәулен Сағатханұлы, алдымен елімізде демократиялық жүйе құру үдерісін жаңғырта түсетін «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң жобасын әзірлеу барысындағы жұмыстарыңызға тоқталып өтсеңіз.
– Президенттің «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» атты бесінші реформасын іске асырудың 94, 95 және 96-қадамдары «Ашық үкімет» атты бастаманы Қазақстанға енгізуге бағытталған. Біз «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң жобасын әзірлеу барысында көптеген мемлекеттердің тәжірибесін зерттедік. Өйткені, мұндай заң біздің елімізге ғана емес, демократиялық бағытты ұстанған барлық елдерге де тән. Шетелдіктердің өткен жолдарын, тәжірибелерін білу – өте маңызды. Сондай-ақ, біз олардың заң жасау бағытында еңбектенетін мамандарының, сарапшыларының пікірлерін де тыңдадық, олардың арасынан бірнеше кеңесші алдық. Әсіресе, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше мемлекеттердің тәжірибелерін қарастырдық. Соның ішінде Ұлыбритания, Германия, АҚШ, Ресей мемлекеттерінің осындай заңын зерттеп, тәжірибелерін ескердік. Сондай-ақ, ЕҚЫҰ, ЭЫДҰ және Халықаралық журналистер ұйымымен де осы заңның төңірегінде пікір алмастық.
Шетелдіктердің тәжірибесімен қатар, өз еліміздің мемлекеттік басқару тәртібінде, саяси жүйесінде шетелдіктерге ұқсамайтын, өзімізде ғана қалыптасқан кейбір ерекшеліктері бар екенін де ескердік. Зерттеулердің нәтижесінде осы заң бойынша өзімізге қолайлы озық механизмдерді табуға тырыстық. Айта кететін жайт, бұл заң жобасын дайындауға Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясының фракциясы бастамашы болып, оны әзірлеуді бізге жүктеді. Заң жобасын әзірлеу барысында депутаттармен қатар, біз үкіметтен де, үкіметтік емес ұйымдар қатарынан да мамандар тарттық. Сондықтан, бұл заң көппен келісіліп, барлық пікірлер мен ұсыныстар ескеріліп, толыққанды болып туған заң деп айтуға толық негіз бар.
– «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, барлық тараптардың ұсыныс-пікірлері ескерілген екен, ендеше ол халқымызға зор пайдасын тигізетін заң болар деген үміттеміз. Енді осы заңның ерекшеліктері туралы айтып берсеңіз.
– Заңның ең бірінші ерекшелігі сол – онда қандай ақпараттарды ашық алуға мемлекет шектеу қоймайды деген сұраққа жауап беріліп, олардың нақты тізімі де берілген. Соның ішінде азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығына қатер төндіретін төтенше жағдайлар мен апаттар және олардың салдарлары, санитарияның, демографияның, көші-қонның, білім берудің, мәдениеттің, әлеуметтік қорғаудың, сондай-ақ қылмыстық ахуалдың жай-күйі, терроризм актілері, экологияның, өрт қауіпсіздігінің жай-күйі, санитарлық-эпидемиологиялық және радиациялық жағдай, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі, жеке және заңды тұлғаларға мемлекет беретін артықшылықтар, өтемақылар мен жеңілдіктер, Ұлттық банктің алтын-валюта қорының мөлшері, мемлекеттік құпиялардан басқа нормативтік-құқықтық актілердің мәтіні мен олардың жобаларын қамтитын ақпараттар және т.б. туралы мәліметтерге ешқандай шектеу қойылмай, бәрі де қолжетімді болды. Бұл тізбені барлық мемлекеттік органдардың шенеуніктері ақпарат беруден жалтарып, шығарыпсалма жауап бермес үшін әдейі нақтылап жаздық. Заңның бұл талабы – оның негізгі нормаларының бірі.
Осы заңда біз негізінен екі жаңа ұғым енгіздік. Оның біріншісі – «ақпарат пайдаланушылар». Бұл ақпаратты сұрататын немесе пайдаланатын барлық жеке немесе заңды тұлғалар. Қарапайым тілмен айтқанда халықтың барлық өкілдері. Екіншісі – «ақпарат иеленушілер». Оған мемлекеттік органдар, мемлекеттік ұйымдар, мекемелер, квазимемлекеттік сектордың субъектілері жатады. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан қаржы алатын заңды тұлғалар мемлекеттен алатын қаржының пайдалану мәселелеріне байланысты ақпаратты халыққа шектеусіз беруге міндетті. Бізде табиғи монополистер бар екенін білесіздер, солардың бағаны қалай қалыптастырып жатқаны туралы ақпараттар да сұраған халыққа шектеусіз көрсетілуі керектігі заңда жазылды.
Осы заңның тағы бір ерекшелігі сол, онда ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етудің нақты тәсілдері айтылып, олар санамалап көрсетілді. Атап айтқанда, ақпараттар сұрау салу бойынша, ақпарат иеленушілер орналасқан үй-жайларда және осы мақсаттарда бөлініп берілген өзге де орындарға ақпаратты орналастыру арқылы беріледі. Сондай-ақ, Парламент палаталары отырыстарын, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың өкілетті органдарының отырыстарын, мемлекеттік органдардың жыл қорытындылары бойынша өткізілетін алқа отырыстарын интернет-ресурстарында онлайн режімі арқылы ашық көрсетуді қамтамасыз ету арқылы ақпараттар ашық жеткізіледі.
Заң бойынша, барлық орталық атқарушы органдар (Қорғаныс министрлігінен басқа) мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган басшыларының, әкімдердің және ұлттық жоғары оқу орындары басшыларының есептерін тыңдау мен талқылаулар ашық түрде өткізіліп, пайдаланушының қалауынша ақпарат толығымен беріледі. Сонымен қатар, ақпараттар БАҚ, ақпарат иеленушінің интернет-ресурсына, «Электронды үкімет» веб-порталының тиісті құрамдастарына орналастыру арқылы ашық болып, барлық пайдаланушыға қолжетімді болады.
– Жасыратыны жоқ, біздің көптеген заңдарымыздың іске асыру тетіктері нақты белгіленбегендіктен, оның орындалмай жататын кездері де кездеседі. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң осындай олқылықтарға жол бермес пе екен?
– Жоқ, біз ондай дүниелердің болатынын алдын ала ескеріп, заңның жемісін халық толығымен көруін қамтамасыз еттік деп айта аламын. Атап айтқанда, біз ақпаратқа қол жеткізудің нақты тетіктерін ширатып тұрып жаздық. Рас, бізде кейбір заңдардың орындалу тетіктері көрсетілмегендіктен, оның талаптарының орындалуына қол жеткізу қиын болып жатады. Біз сондай олқылықтарды қайталамау жағын қатаң түрде ескердік. Мысалы, бір азаматымыз мемлекеттік органға ақпарат алғысы келіп сұрау берсе, оған жауап қанша күнде келуі керек, кім жауапты, жауап қандай түрде берілуі керек, ауызша не сұрауға болады, жазбаша сұраулар қандай түрде болады – бәрі ширатылып, осы заңның талаптарында қарастырылды.
Соның ішінде ауызша сұрау салушыға ақпарат иеленушілердің құрылымдық бөлімшелері, пошталық және электронды мекенжайы, анықтама қызметтерінің телефондары, сондай-ақ олардың басшылары туралы мәліметтер, ашық конкурстық сауда-саттықтар (аукциондар, тендерлер) өткізу уақыты мен орны, бос қызметтік орындарды біле алатын телефон нөмірлері және т.б. ақпараттардың берілетіндігі нақты айтылды. Осыған дейін мұндай ақпараттарды ауызша сұрағанға көбінесе ешкім жауап бермейтін. Заңның 11-бабында осы мәселелер толығымен қамтылды.
– «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» дегендей, бүгінгі жастар интернет-ресурстарды қалай қолдануды меңгеріп, оның сүйегін шағып, майын ішетін болып алды. Сондықтан, интернет-ресурстарда ақпараттар орналастырудың маңызы зор. Заңда осы мәселе ескерілді ме?
– Әлбетте. Заңның 16-бабына біз осы интернет-ресурстарда ақпараттарды қалай орналастыру нормаларын толығымен кіргіздік. Онда ақпарат иеленушілер мемлекеттік органның ұйымдық құрылымы мен басшылары туралы мәліметтерді, ресми жаңалықтарды, алда болатын оқиғалардың күнтізбелерін, басшыларының ресми сөйлеген сөздері мен мәлімдемелерінің мәтіндерін веб-сайтқа орналастыруға міндетті екені айтылды. Сондай-ақ, мемлекеттік және салалық бағдарламалар, тұжырымдамалар мен доктриналар, аймақтарды дамыту жоспарлары, саланы дамыту стратегиялары және т.б. ашық көрсету талап етілген. Республикалық және жергілікті бюджеттер, Ұлттық қор қаражаттарының пайдаланылуы туралы ақпараттар, нысаналы және өзге де бағдарламаларға қатысу, т.б. туралы ақпараттар берілуі нормада көрсетілген.
Осы заңды дайындаған мамандардың ойынша, интернет арқылы ақпарат беру алдағы уақытта ақпаратқа қолжетімділіктің негізгі тәсілдерінің бірі болады. Сондықтан, біз осы нормада бәрін де қамтуға тырыстық. Сонымен қатар, «Электронды үкіметтің» веб-порталына байланысты мәселелер де осы заңға кіргізілді. Оны «қазақстандық ноу-хау» деп айтсақ та артық болмайды деп ойлаймын. «Электронды үкіметтің» веб-порталында төрт ішкі портал болады. Оның біріншісі ашық деректер, екіншісі ашық бюджеттер, үшіншісі ашық нормативтік-құқықтық актілер және төртіншісі мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау интернет-порталдары.
Осының біріншісіне барлық мемлекеттік органдардың статистикасы, яғни экономикалық, әлеуметтік деректері шоғырландырылып, орналастырылатын болады. Мысалы, біреуге экономикалық мәселелерге байланысты ақпараттар керек болса, соның бәрі бір жерден табылады. Бұл журналистерге ғана емес, жеке кәсіппен айналысатын азаматтарымызға және жалпы халыққа да тиімді болады деп ойлаймыз.
Екінші, веб-порталда барлық мемлекеттік органдардың мемлекеттік бюджеттері жарияланады. Соның ішінде облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктердікі де бар. Жалпы, бюджетке қатысты барлық мәліметтер, қаражаттардың кірісі мен шығысы барынша ашық болуы керек. Сондай-ақ, бюджет жобалары да ашық болады. Осы жобалар бойынша халықтың ұсыныс-пікірлер айтуына мүмкіндік беріледі. Мысалы, бір жол салу мәселесі бойынша жоғарыдан жасалған жобадан гөрі жергілікті халықтың ұсынысы орынды әрі тиімді болуы мүмкін.
Үшінші мәселеге келсек, заңды әзірлеген барлық мамандар бүкіл нормативтік-құқықтық актілердің бір жерге шоғырланғанын қалайтынын айтты. Сол ескеріліп, заңдармен қатар, Үкіметтің барлық қаулылары, әкімдіктердің нормативтік-құқықтық сипаты бар барлық құжаттары осы порталға орналастырылатын болады. Бұл да жұрттың бәріне тиімді болады деп ойлаймыз.
Төртінші, мемлекеттік қызметтердің тиімділігін бағалау интернет-порталында баға беру жүйелері туралы ақпараттар орналастырылады. Сонымен қатар, халықтың тарапынан бағалау жүйелері де кіргізіледі. Оның тетіктері қазір ойластырылып жатыр. Ол комментарий немесе рейтинг түрінде болуы мүмкін. Немесе сауалдама жүргізу түрінде де болуы артық болмас еді. Осыны заңды орындаушылар қазір қарастырып жатыр.
– Осы заңның барынша пайдалы әрі тиімді болуы үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Ол үшін заңның жетістіктерін, іске асырылу тетіктерін халыққа жаппай түсіндіруіміз керек. Соның ішінде БАҚ қызметкерлеріне артылатын жүк аз емес. Алдымен журналистердің өзі осы заңды пайдаланып, аталған порталдармен жұмыс істей білуі керек. Оның жұмысына баға беріп, кем-кетігі болса жазып, хабарларына түсіріп, халыққа жеткізгені дұрыс. Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері де осы заңның тиімді жұмыс істеуіне атсалысқандары жөн болар еді. Қоғамдық ұйымдар осы төрт порталдың мүмкіндіктерін алдымен өздері пайдаланып, сосын оның тиімділігі туралы халыққа айтулары керек.
Мысалы, бюджет жобасы талқыланып жатса, веб-порталдан ондағы деректерді білетін қоғамдық ұйымдар өздерінің ұсыныстары мен пікірлерін айтса дұрыс болар еді. Міне, осылай демократиялық үрдістерді іске асыру тетіктерін халқымыз жаппай қолданатын болса ғана оны тиімді пайдалана аламыз.
– Заңды іске асыру бағытында қазір қандай нақты жұмыстар атқарылып жатыр?
– Бүгінгі таңда Инвестициялар және даму министрлігінде ақпаратқа қолжетімділік және оның әрекетін анықтау мәселелері бойынша арнайы комиссия құрылып жатыр. Сол комиссияға мемлекеттік органдардың өкілдері ғана емес, ҮЕҰ мен журналистер қауымының өкілдері де кіретін болады. Бұл комиссия осы заңды іске асыруда жалпы бағытты айқындап, өздерінің ұсыныс-пікірлерін беріп отырады және заңның орындалуына мониторинг жүргізеді.
Бізде көп заңдардың орындалу тетіктері нақтыланбауымен қатар, жауапкершілік қарастырылмағандықтың кесірінен олар жүзеге аспай, қағаз жүзінде қалып жатады. Осы олқылық қайталанбас үшін біз заңға жауапкершілік мәселесін де енгіздік. Егер мемлекеттік органдар тарапынан осы заңның талаптары орындалмаса, Әкімшілік-құқық бұзушылық кодексіне енгізілген толықтыруларға сәйкес тиісті шенеуніктер өз қалтасынан айыппұл төлейтін болады. Кодекске енгізілген толықтыруда айыппұлдың көлеміне дейін көрсетілді. Міне, осы тармақты біз заңның орындалуын нақты қамтамасыз ету үшін арнайы енгіздік.
Дегенмен, заңның орындалуы, жүзеге асуы жолында бұдан басқа да көп жұмыстар істеуге тура келеді. Барлық мемлекеттік органдардың сайттарын жаңғырту керек, қазір ашып қарасақ, олардың көбінен керекті деректерді, ақпараттарды, жаңалықтарды таба алмаймыз. Егер ақпарат толық болмаса, жаңалықтар күн сайын жаңартылмаса, ол «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» заңды тікелей бұзушылық болып табылады. Сонымен қатар, комиссияның тиімді жұмыс істеуіне атсалысуымыз керек. Сондай-ақ, «Электронды үкіметтің» төрт порталының ақпаратпен толтырылуына бәріміз де мүдделі болғанымыз дұрыс. Ал заңның тиімділігін жаппай айтып, халыққа түсіндіру жұмысына барлық БАҚ белсенді түрде атсалысуы керек.
Қазір Ұлттық комиссияның тапсырмасымен бірнеше семинар өткізу қарастырылып отыр. Әкімдіктердің, министрліктердің жанынан құрылған қоғамдық кеңестердің белсенділіктерін пайдалану да көзделуде.
Жалпы, осындай жұмыстарды жүзеге асырамыз деген ойымыз бар.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен: Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»