Фейнман тәсілі: кез келген пәнді тез үйренуге бағытталған үш қадам
«Мен о баста озат оқушы болмадым. Сабақ кезінде ең бастысы оқуға кеткен уақыт деп есептейтінмін. Кейіннен өмірімді түбегейлі өзгерткен жағдайға тап болдым».
Физика бойынша Нобель сыйлығының иегері Ричард Фейнман «бір нәрсені білу» мен «бір нәрсенің атын ғана білу» құбылыстарының арасындағы айырмашылықты айқындады. Оның жетістігінің себебі де осы жаңалық болды.
Фейнман әр құбылысты өзгелерден артық түсіндіретін оқу әдістемесін тапты. Ақырында бұл тәсіл «Фейнман тәсілі» атанып, кез келген пәнді тереңдетіп түсіндіруге бағытталды. Сіз білгіңіз келген әр тақырып, пән, не түсінік болсын, мейлі оның еш айырмасы жоқ. Қалағаныңызды таңдаңыз. Фейнман тәсілі кез келген бағытта тиімді. Ең бастысы бұл тәсіл өте қарапайым. Жай ғана тәсіл емес, өзгеше ойлау жүйесіне жетелейтін ашық терезе іспетті. Ал, қабыл алыңыз.
Фейнман тәсіліндегі үш қадам
1 Қадам. Баланы осылай үйретіңіз
Таза ақ парақ алыңыз. Нені үйренгіңіз келетінін жазыңыз. Бұл пән туралы не білетініңізді балаға түсінікті болатындай етіп жазыңыз. Ақыл тоқтатқан ересек досыңызға айтып түсіндіргендей емес, тілі анық шыққан, ойын жеткізе алатын, негізгі түсінік пен байланыстың ара-жігін нақты ажырататын, назарын неге аударуды білетін сегіз жастағы балаға арнап жазыңыз.
Көпшілік өзі ештеңе түсінбеген кезде күрделі сөздерді немесе мамандыққа қатысты жаргон сөздерді пайдалануға тырысады. Нені түсінбей тұрғанымызды анық айта алмай, өзімізді өзіміз ақымақ қыламыз. Жаргон сөз қолдану – айналамыздан өзіміздің нені түсінбегенімізді жасырған түріміз. Идеяны бастан-аяқ қарапайым сөздермен сипаттап, бала түсінетіндей етіп жазсаңыз (шамаңыз келгенше кең таралған, жиі еститін сөздерді қолданыңыз), соғұрлым өзіңізге сол тақырыпты терең түсінуге, ұғымдар арасындағы байланысты ажыратуға, ара-жігін нақты жіліктеуге көбірек ықпал етесіз. Тырысып көрсеңіз, қай тұста қателікке ұрынып, кемшілікке бой ұратыныңызды байқайсыз. Бұл өте жақсы тәсіл, осы бағытта оқу керек деген мүмкіндік.
2 Қадам. Қайталау
Бірінші қадамды жасағанда оқу кезіндегі басты кемшіліктеріңізді анықтайсыз: бір жерінде ең маңыздысын ұмытсаңыз, дұрыстап түсіндіріп бере алмадыңыз, яки күрделі ұғымдарды дұрыс байланыстыра алмадыңыз. Мұның барлығы өте маңызды. Себебі, нені білетініңіздің, қандай білім алғаныңыздың шегін анықтадыңыз. Жауапкершілік – қабілетіңіздің шегін білу, дәл қазір солардың бірін анықтап алдыңыз. Ары қарай білім алу осы нүктеден басталады. Кілтипан неде екенін білген соң тақырыпта қайта оралып, түсіне алмаған жерден бастап бір қайталау керек. Қарапайым тілмен түсіндіріп бергенше қайталай беріңіз. Біліміңіздің шегін анықтау – үнемі жасайтын қателіктерден сақтандырады, сонда біліміңізді кәдеге жаратудың мүмкіндігі ұлғая бермек.
3 Қадам. Ұйымдастыра біліңіз әрі жеңілдетіңіз
Енді қолыңызда жазбаша ескертпелеріңіз бар. Бәрін басынан бір қарап шығыңыз. Бастапқы түпнұсқада айтыла беретін кәсіби терминдерден теріп жазып қоймапсыз ба, бір тексеріп шығыңыз. Осы жазбаны қарапайым әңгімеге айналдырып қайта жазыңыз. Дауыстап оқыңыз. Егер бұл түсініктеме қарапайым, анық, түсінікті болмай қалса, құлаққа түрпідей тисе, бұл сіздің біліміңіз әлі де жетілдіруді талап етеді деген сөз.
4 Қадам (міндетті емес): Бөлісіңіз
Нені түсінгеніңізді түсіндіріп бергіңіз келсе, өз біліміңізбен бөлісуге даяр болсаңыз (сіздің пәнді дұрыс ұғынбайтын адам болса, не сегіз жастағы бала болса қатып кетер еді). Сіздің тиянақты білім алғаныңыздың нақты дәлелі – оны өзгеге оңай түсіндіріп беруіңіз.
Аударған Шынар Әбілдә