Шабдалының пайдасы

Шабдалының отаны нақты белгісіз. Ұзақ жылдар бойы, шабдалының отаны – Иран саналған. Бірақ жабайы түрі Қытайда табылғаннан кейін зерттеушілер шабдалының отаны – Қытай деген тұжырымға келген. Қазіргі кезде шабдалының 3000-ға жуық сұрыпы бар. Екі түрі бар: Біріншісінің қабығы түкті, екіншісінікі – тегіс. Шабдалының жеміс беру кезеңі мамырдан қазанға дейін созылады. Ерте пісетін сұрыптарына қарағанда, кеш пісетіндері хош иісті, дәмдірек және дәрумендері көп болады. Шабдалы 40-50 жылға дейін өмір сүреді, бірақ ауруға шалдыққыш болғандықтан көбінесе 15-30 жылға дейін өмір сүреді. Шабдалы – жарықсүйгіш өсімдік, көлеңкелі жерде жемістері кішірейіп, дәмсіз болады. Шабдалыны отырғызғаннан кейін 3-5 жылдан соң жеміс бере бастайды. Әр ағаш 30 кг-100 кг-ға дейін жеміс бере алады. Өнімді мол алу үшін жыл сайын бұтақтарын шарпып, сиретіп отыру қажет.

Шабдалы қантқа, органикалық қышқылдарға, ферменттерге, өзектерге, илік, азотты және пектинді заттарға, С, В1, Р, РР дәрумендеріне, каротинге, флавоноидтарға, сонымен қатар минералды заттар мен микроэлементтерге бай. Әсіресе, Қырым шабдалысында В2, өзбек шабдалысында Е дәрумені көп болады. Фармацевтика саласында шабдалыны пектиндер мен эфир майын алу үшін қолданады. Шабдалыдан тосап, нәрсу, джем жасайды. Ал сүйектерінен «персико» деп аталатын ликер жасайды.

Пайдалары:

Шабдалы адамның жүрек бұлшық етін нығайтады,

Жүрек аритмиясынан арылуға көмектеседі,

Гастрит асқынғанда да ол асқазанды тыныштандырады,

Асқорытуды жақсартады, қан аздыққа пайдалы,

Иммундық жүйені нығайтады.