Түркістанда «Тарихи таңдау» атты көшпелі экскурсия өтті
Түркістан қаласында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесі аясында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Тарихи таңдау» атты көшпелі экскурсия өтті. Шараға Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков, университет ректоры У.Әбдібеков және оқу орнының студет жастары қатысты.
Басқосуда алғашқы болып сөз алған Әмірхан Рахымжанов қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты көне шаһардың бірі — қасиетті Түркістан қаласында көшпелі көрме жобасын жалғастыру — үлкен маңызға ие екендігін айтты.
«Елбасымыз рухани жаңғырудың жаңа белестерін бастағаны баршамызға аян. «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесі аясында Түркістан қаласында экскурсиямызды ұйымдастырып отырмыз. Осы материалдарды жинақтап, зерттеп, зерделеп, мұқият сақтап отырған жалғыз мекеме – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы. Мемлекет басшысының тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы шешуші рөлін жан-жақты көрсететін бұл жоба бүкіл ел тұрғындарының назарына ұсынылып келеді. Елбасының Тәуелсіз Қазақстан тағдырындағы қайраткерлігін мұрағат құжаттары мен жәдігерлер арқылы жүйелі түрде кеңінен насихаттайтын бұл көшпелі жобаның маңызы зор», — деді Әмірхан Мұратбекұлы.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, көшпелі экскурсияның маңыздылығына тоқталды.
«Елбасымыздың қайраткерлік жолындағы барлық маңызды құжаттары топтастырылған бұл көрменің орны ерекше. Өскелең ұрпаққа үлкен тәлім, тағылым, жігер сыйлайтыны анық. Мұндай шараның біздің өңірде өтіп жатқандығы қуантады», — деді Ұласбек Сәдібекұлы.
Елбасы кітапханасының «Тарихи таңдау» көшпелі экскурсия көрмесін тамашалауға Түркістан жұртшылығы белсене қатысты. Келушілерге Н.Ә.Назарбаевтың комсомол-металлургтен бастап, ҚазКСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы, Жоғарғы Кеңес төрағасы және ҚР Тұңғыш Президентіне дейінгі еңбек жолы жайлы баяндайтын маңызды материалдар ұсынылды. Сондай-ақ, жұртшылық назарына Президенттің сирек кездесетін бейнешежіре кадрлары мен фотосуреттер көрсетілді.
фотограф: Самат Мырзалиев
ОҚО әкімінің баспаөз қызметі