«Золотой Витязь» иегерлері «Гостиный двор» фестиваліне қатыспақ

    Астана қаласының Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры 27 мамыр мен 2 маусым аралығында Ресей Федерациясының Орынбор қаласында өтетін VIII Халықаралық «Гостиный двор» театр фестиваліне Қазақстан атынан қатысады,-деп хабарлайды театрдың ақпарат орталығы.

       «Гостиный двор» Халықаралық театр фестивалі алғаш рет 1994 жылы Орынбор қаласында ұйымдастырылған. Бүгінде аталмыш өнер мерекесі РФ-ның мәдениет министрлігінің, РФ-ның театр одағы өкілдерінің бастамасымен жүзеге асып келеді. Фестивальге елімізден басқа Әзірбайжан театры, Қырым-татар Мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры (Симферополь, Қырым Республикасы), Башқұртстан Республикасының Мемлекеттік академиялық орыс драма театры (Уфа), Мәскеудің жасөспірімдер театры, Ресейдің жастар театры (Мәскеу) қатыспақ.

        Ел намысын қорғайтын ҚАЛЛЕКИ театры фестиваль қарсаңында орыс драматургі Валентин Ежовтың «Тыраулап ұшқан тырналар» лирикалық драмасын сахналайды. Қойылымның режиссері, Қазақстанның Халық артисі, профессор – Талғат Теменов.

        Аталмыш қойылым бас кейіпкер Пернебек Боранбаев пен неміс қызы Инганың арасындағы кездейсоқтықтан туындаған махаббат тақырыбын көтереді. Осы аралықта адамзатқа ортақ қасиет – махаббат пен жауыздық, адамгершілік пен сыйластық, өшпенділік пен сүйіспеншілік, сағыныш пен мейірімділіктің ұшқынын спектакль барысынан байқауға болады. 

        Қойылымдағы басты кейіпкер Пернебек Боранбаевты отандық кино өнерінде бірнеше басты рөлдерді сомдап жүрген жас актер – Әбілмансұр Серіков сахналаса, неміс қызы Инганың рөлінде театрдың жас актрисасы – Ақмарал Танабаева. Сондай-ақ, спектакль барысында театрдың жас артистерімен қоса Қазақстанның Халық артисі – Тілектес Мейрамов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Ақыш Омаров, Нүркен Өтеуілов, Қуандық Қыстықбаев, ҚР «Дарын» Жастар сыйлығының иегері Сырым Қашқабаев өнер көрсетеді.  

        Айта кетейік, 2015 жылы 29 қараша мен 6 желтоқсан аралығында ҚАЛЛЕКИ театры Мәскеу  қаласында өткен XIII Халықаралық «Золотой Витязь» театр форумында осы «Тыраулап ұшқан тырналар» лирикалық драмасымен қатысып, Гран-при иегері атанған болатын. Сонымен қатар, қойылым барысында өз өнерлерін ортаға салған Қазақстанның Халық артисі Тілектес Мейрамов, актер Әбілмансұр Серіков, актриса Ақмарал Танабаевалар «Золотой Витязьдің» алтын дипломанттары атанғанын көзі қарақты көрермен жақсы біледі. «ЕлАна» ақпараттық агенттігі елордалық өнер ұжымын Орынбор төрінде қазақтың туын биік ұстап, жеңімпаз атанып келулеріне тілектестігін білдіреді.

«ЕлАна»