Оңтүстікте биылғы жылдың алғашқы үшемі дүниеге келді

Оңтүстік Қазақстан облысында биылғы жылдың алғашқы үшемі дүниеге келді. 16 қаңтар күні облыстық №2перинаталдық орталығында бір ұл мен екі бірдей қыз баласы туылған.

Туылғанда әрбір баланың салмағы шамамен 1,5 келі болған. 7 айлығында шала туылған сәбилерді дәрігерлер 40 күн бойы күтіп, жетілдіріп барып бүгін перзентханадан шығарып отыр. Ақхалаттылар қазір нәрсетелердің денсаулықтары жақсы екенін айтады.

«Өкпесі дұрыс дамымай туылған нәрестелердің үшеуі бірдей жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Жансақтау бөлімінде жатқан үшемнің беті 5 күн дегенде бері қарап, қосымша бір ай арнайы күтім жасайтын бөлімшеде болды. Осы аралықта сәбидің әрқайсысы бір келідей салмақ қосты», – деді облыстық перинаталдық орталықтың нәрестелер патологиясы және шала туған нәрестелерді күтім және сырқат бөлімшесінің меңгерушісі Гүлнәр Сапиева.

Алғаш рет ана атанған 21 жастағы Гузал Нурмиминованың жақындары сәбилерді Зухра, Захро және Хасан деп атаған.

Айта кетейік, өңірде жыл сайын орташа есеппен 7-8 үшем туылып келеді. Соңғы 10 жылда мұндай қуанышқа 79 отбасы кенелген. Ал, жылына Оңтүстік Қазақстан облысында орташа есеппен 750 егіз өмірге келсе, соңғы 10 жылда 7259 егіз туылған.

 фотограф: Самат Мырзалиев

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі