«Халық келісімі» қоғамдық бірлестігіне  25 жыл

Маңғыстаудағы «Халық келісімі» қоғамдық бірлестігіне 25 жыл. Осыған орай өңірде «Маңғыстау – татулық пен келісім аймағы» атты мерекелік шара өтті.

Бұл бірегей институт еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, облысымыздағы тұрақтылықты сақтау мен ел дамуының мақсатына айтулы үлес қосып келеді.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов «Халық келісімі» қоғамдық бірлестігін айтулы мерекемен құттықтай отырып, ел игілігі үшін еткен еңбектеріне табыс тіледі.

-Кезінде тағдырдың жазуымен қасиетті қазақ даласына сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепкен еді. Бүгінде олар тегі басқа болғанмен теңдігі бір, қаны бөлек болғанмен жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды. Қазақстан Республикасы Президентінің саяси ерік-жігерінің арқасында біздің мемлекетте бүкіл әлемде кеңінен танымал қазақстандық этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің бірегей үлгісі қалыптасты. Біздің болашақ ұрпаққа беретін ең басты байлығымыз – бұл халықтың бірлігі, деді облыс әкімі.

«Халық келісімі» қоғамдық бірлестігінің 25 жылдық мерекесіне орай қоғамдағы тұрақтылық пен этносаралық келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін облыс әкімі Ералы Тоғжанов этномәдени бірлестік мүшелеріне алғыс хат табыстады.

 

Айман Нұрмағанбет