Ұлыс күнінің  ұлылығын қашан сезінеміз?

Түбі бір түркі елдері үшін ұлы да, ұлысты ұлттық мереке – әз Наурыз мейрамына айға жуық уақыт қалды. Әншейінде, григориан күнтізбесіндегі Жаңа жылға бір ай бұрын дайындалатын басшылар да, қосшылар да, қалың көпшілік те бұл жолы үнсіз. Әйтеуір, қазақы жыл басы саналатын Ұлыстың ұлы күнінің иісі сезілер емес. Жылдағыдай «Наурыз тойы тар көлемде аталып өтпесін» деп бірлі-жарым азаматтар бас көтергені болмаса, қалғандары санамызға сіңіп, қанымызға дендеген әдеттен арыла алмай отыр.  Неге?..

Қыдыр бабаның Аяз атадан қай жері кем?

Жасыратыны жоқ,жыл сайын Наурыз мерекесіне дайындық шаралары оған төрт-бес күн қалғанда басталады. Турасы дайындалған болады. Көңіліңізге келмесін, бірақ бұл шындық. Мәселен, Иса пайғамбардың туған күнімен тұспа-тұс келетін Жаңа жылға ел-жұрт кемі бір ай бұрын қамданады. Шыршаның шамын жағып, көшелер мен ғимараттардың барлығын мерекелік реңкке сай безендіреді. Балабақшадан бастап, мемлекеттік мекемелерге дейін шырша кештерін ұйымдастырып, Аяз ата мен Ақшақарға төрінен орын береді. Ата-аналардың бірі балаларын  түрлі ертегі кейіпкерлерінің кейпіне ендіріп әлек болса, енді бірі  мейрамхананың тәуірін іздеп, оған ай бұрын тапсырыс беріп сабылады.  Тіпті, Аяз ата мен Ақшақарды ақшаға жалдап, жанұясына шақыратындар да  жоқ емес. Ал, үлкендер болса, аққайнары мен отшашуын әзірлеп, бірнеше күн қонақ күтеді. Өздері де қыдырудан қалыс қалмайды. Қысқасы, Жаңа жылды жан-тәнімен қарсы алады.

Ал, Наурызды ше? Ел егемендігіне қол жеткізіп,  Наурыз мерекесімен қайта қауышқан тұста наурыз көже Ұлыстың ұлы күні ұсынылатын ұлттық тағам ретінде танылды. Өкінішке қарай, сол көженің айналасынан әлі күнге шыға алмай жүрміз.  Әрине, наурыз көже-мерекенің негізгі атрибуты. Десе де, Наурыздың бұдан өзге өзіндік белгілері жоқ па?

Мәселен, Американың Санта Клаусы мен орыстың Аяз атасы, Ақшақарлары сансыз ертегі мен аңыздар арқылы өшпес, өлмес кейіпкерлерге айналды. Ал, Қыдыр ата мен Ұмай ана  ше? Олар туралы ертегі, аңыз жоқ па? Жердің киесі, жаңажылдық берекенің бейнесі, адамзатты жамандықтан аластаушы Ұмай ананың Ақшақардан қай жері кем? Түпкі шығу тарихы беймәлім  Ақшақар  ұл-қыздарымызға  қандай үлгі-өнеге көрсетеді?Қазақ елі жаңа түскен келінді табалдырықтан оң аяғымен аттата сала, «От ана! Май ана! Жарылқа! Жарылқа!» деп, отқа май құйғызған. Осы ізгі ниетті ақ тілеудегі «От ана»,яғни«Май анамыз» бүгінгі ғалымдардың түсіндіруі бойынша Наурыз  мерекесіндегі Ұмай ана. Қалай атасақ та,бұл  кейіпкеріміз Ақшақарға қарағанда қазақы салт-дәстүрімізбен сабақтасып жатыр.Ал, жаңажылдық персонаж ғана емес, бүгінде түрлі  фильмдерде сайқымазаққа айналып жүрген Аяз ата бізге нені үйретуде, ұрпағымызға қандай тәрбие беруде? Оданда қазақы жыл бастау бойынша алғашқы таңның шуағымен бірге келетін, тұлғалы да, кескінді  Қыдыр атаны неге ұлықтамаймыз? Әлгі Аяз ата мен Ақшақарды ақшаға жалдағыштар неге төрін абыз ақсақал Қыдырға беріп, балаларының санасын қазақы әдет-ғұрыппен сусындатпайды? Әрине, бұл  Аяз атаны біржолата ысырып тастап, қазақ Қыдыр атаны ғана қарсы алуы керек деген сөз емес. Тек, орыстың  «шалынан» кем түспейтін Қыдыр атаны ұлтымыз лайықты деңгейде ұлықтаса екен деген ой. Және Наурыз тойында бір көжемен шектеліп қалмай, осы кейіпкерлерімізді қайта тірілтіп, ұрпақ санасында жаңғыртса екен дейміз.

Жасандылықтан  жалыққан  жоқпыз ба?

Тағы бір айтатыны, қазақ халқы ертеде Наурыз айында әр жерге үлкен от жағып, оған май құйып, көрші-қолаңға ұлттық тағамдар ұсынып, ескі киімдерін жаңаға ауыстырып, айналасын күл-қоқыстан тазартып, көшет еккен. Яғни, бәле-жала ескі жылмен кетіп, бар тіршіліктің оянар сәтінде жақсылық шаңырағымызға  ұяласын деп ырымдаған. Қазір, бұл салт пен ғұрыпты әрбір қазақ  ұстанып келе жатыр десек, еріксіз езу тартарсыз. Өйткені, ауылдағы ағайын ғана  наурыз айында көже пісіріп, жоғарыда аталған дәстүрлердің бірлі-жарымын  орындамаса, қаладағылардың жадында мұндай салттың бары ұмыт болғалы қашан…

Рас, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында мектеп оқушыларынан бастап, мекеме қызметкерлеріне дейін сенбілікке шығып, көшелер мен саябақтарды тазартуға кіріседі. Бірақ, бұл ерікті түрде емес, «Амалым бар ма?» деп жасалатынын  ішіңіз сезіп отырған болар. Дәл сондай, көктем шығысымен тал егіп, көшет отырғызушылар да  көбейетіні белгілі. Алайда, олардың да бұл әрекеті қазақы дәстүрге беріктікті емес, мәжбүрліктен туындаған қадам екені  айдан анық. Өйткені, Наурыз мерекесі жақындағанда   басшы біткен тал отырғызып жатқандарын жарыса жарнамалайды. Осы тұста біз наурыз айы ең алдымен мейірім мен жақсылықтың, бірлік пен берекенің төгілер шағы екенін ұмытып кеткендейміз.  Алысқа бармай-ақ, славяндарды мысалға алсақ, олардың  көктемді қарсы алып, қысты шығарып салатын «Масленица» деген мерекесі бар. Ешқандай ресми мерекеленбесе де халық жиналып, от жағып,  бәліштерін таратып, өздерімен-өздері арқа-жарқа болып жатады. Ән де салады, би де билейді. Барлығы шын көңілден. Өздері үшін. Ал, бізде барлығы есеп. Біреу үшін істейміз. Жоғарыда айтқан, сенбілік пен тал егу шаралары, қала берді киіз үй тігіп, көже пісіру де ішкі есеппен жасалады. Мерекеге орай тігілген киіз үйлерге жауапты мекемелер  «Кімнің дастарханы мол?»,  «Әкім бірінші кімнің үйіне кірді?» немесе  «Қандай мәртебелі қонақтар келді?» деген сынды жеңіл ойдың жетегіне еріп, өздерінше бәсекелеседі? Ал, киіз үйлердегі дастарханда қымыз бен шұбаттан бөлек, арақ та құйылып жататынына не дерсің? Ол аз десеңіз, киіз үйге бас сұққан  қонақтар төріңді аяқ киімімен таптап жүргенін көргенде  терең ойға қаласың. Қай заманда қазақ халқы қонағын дастархан  басына аяқ киімімен шығарған? Міне, Ұлық мерекеге, қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа немқұрайды қарау деген осы. Бұл қала берді  мерекелік асты да, үй иесінде сыйламау деген сөз.

Тағы бір шындық,  бүгінгі қазақ наурыз көжені де ақыға дайындатады.  Мерекелік киіз үйлердің қазан-ошағына бара қалсаң, жылда көже сапырып, табақ әзірлеп отырған таныс адамдарды көресің. Олар көженің әрбір қазанына 25-30 мың теңгеге дейін алады. Сонда бір көжені киіз үй иелері дайындай алмаса, маңдайшасына  «бәленше деген мекеменің киіз үйі» деп жаһанға жар салудың қажеті не? Тағы да сол ішкі есеп. Әйтеуір, жоғары жаққа жақсы көрінсем деген ой.

Рас, Ұлыстың ұлы күні орталық алаңда  әртүрлі этнос  өкілдері ұлттық киімдерін киіп шығып, шеру ұйымдастырып жатады.  Олардың қатарында қазекең де оюлы шапанымен орын табады. Бірақ, сол шеру біткен соң, шапанның да, басқаның да қайда қалғанын білмей қаласың. Әйтеуір, бәрі көзбояушылық үшін. Оу, сәні келіскен сол оюлы шапан мен камзолды бір күн киіп жүрсең, кім қой деп жатыр? Қайта бұл жаңғырудың белгісі емес пе?!

Тағы бір таңқаларлығы, Наурыз мерекесі жақындаған сайын ұлттық киім мен бұйымдарды жалға сұраушылар көбейеді. Әйтеуір, қарызданып, қауғаланып жатса да сатып алады. Осыдан кейін халқымыз бұл мейрамның парқын қайдан ұғынып, қалай сезінсін?!

Бірізділік болмай, көш түзелмейді

Көпшілік Наурызды «қыз ұзату», «құда түсу», «тұсау кесу», «сүндетке отырғызу»  көріністерін көрсету деп түсінеді. Наурызды тойлап жатқан қай жерге барсаң да, осы салт-дәстүрлерді келсін-келмесін сахналап, көрініс ретінде көпшілік назарына ұсынады. Осындай сәтте «Жылына бір келетін Наурыз мерекесінде  жаттанды дүниелерді емес, тереңнен тамыр тартатын  тың дәстүрлерімізді неге танытпасқа?» деген ой келеді.  Мәселен, мектеп оқушылары мен ұрпаққа тәрбиелік мәні зор «Бәсіре беру», «Ашамайға мінгізу», «Шарғы салу», «Қыз көші», «Шөміш қағу», «Наурызкөк», «Наурызшешек», «Дәмету», «Құттық», «Бел көтерер», «Селт еткізер» сынды ырымдар мен дәстүрімізді неге дәріптемейміз?! Тарқатып айтсақ, бала есі кіріп 4-5 жасқа келгенде оған туған-туыстары бәсіре тай тарту етеді. Егер балаға арналған бәсіре аты үйретілген, мінуге жарап тұрған болса, онда «Ашамайға мінгізу» дәстүрімен баланы соған отырғызады. Ал «Ашамай»  дегеніміз — екі жаны Х әрпіне ұқсатып жасалатын балаға арналған айшықты ер. Баланың аяғы қысқа болғандықтан, ашамайға үзеңгі салынбайды. Әбзелдің  үстіндегі көрпе де балаға лайықталып тігіледі.

Бұдан бөлек, Наурыз тойындағы салт   «Ұйқыашар» мен «Селтеткізерді»де  білмейтіндер көп. Айталық, бойжеткендер соғымның соңғы етiн уызға салып пiсiрiп, ұнатқан жiгiтiне тартады. Бұл қазақта «Ұйқыашар» деп аталады. Ұйқыашардың қарымтасына жiгiттер «Селтеткiзер» рәсiмiн жасайды, яғни қалауынша айна, тарақ, әтiр суын сыйлайды. Айна- пәктiктiң, жастықтың, тарақ-әдемiлiк пен сұлулықтың, ал әтiр суы-жаңа бүршiгiн жарған жауқазындай құлпырсын деген игi тiлектiң белгiсi.

Сондай-ақ, наурызда  «Көрісу», «Жүздесу» деген жақсы дәстүр бар. Бабаларымыз ертеде  14-21 наурыз аралығындағы бір жетіні өлара деп атаған.Оның сыры —  бір жылда 365-66 күн болса, осы күнді бір айдағы 30 күнге шақсаңыз  6 күн артық қалады. Осы алты күн наурыздың 13-і мен 21-і аралығына келеді. Осы мерзімді  қазақ  «Өліара» кезеңі  дейді. Өліарада табиғат құбылыстары, күтпеген оқиғалар, қыстың қаһарынан қалған ауру-сырқау, табиғат апаттары болады деген сенім  болған. Осы күндері қыстан аман шығып, көктемнің шуақты күнінен үмітті жұрт бірін-бірі құшақтап көрісіп, құрметтеп қонаққа шақырады. «Көрісу», «Жүздесу» деген қазақы дәстүр  осы. Одан бөлек, қазақ өліараның әр күнін болжап, жаңбыр жауса, «шөп шүйгін, мал тоқ болады», ал, жел тұрып, күн суытса, «жаз салқын түседі»  деп бір жылдың ауа райын болжаған. Осы амалдан өткеннен кейін бір ай бойы Наурыз мерекесі тойланған.

Ал, қазір осы дәстүрлер сақталуда ма?  Рас, «Көрісу» кәдесі бірер жылдан бері батыста кең көлемде өткізілуде. Көрісу күні мұнда «Амал мерекесі» деп аталып жүр. Және 14 наурыз күні Отпан тауының етегіне жиналған жұрт бір-бірімен көрісіп, келер жылдан жақсылық тілейді. Дәл осындай «Көрісу» дәстүрінің басқа облыстарда кең көлемде салтанат құрғанын  естігеніміз жоқ. Тек, биыл бірқатар  өңірлер ұлық мерекені  22 наурыздан 22 сәуірге дейін бір ай тойлауды қолға алып жатқан көрінеді. Әрине, мұндай игі қадамдарды қос қолдап құптаймыз. Бірақ, әр өңір өз  «Көрісу» күні мен  Наурыз тойын мерекелеуді қалауларына қарай  белгілейтін болса, ұлт болып ұйысуымыз қайда қалады? Осыдан екі-үш жыл бұрын Ұлыстың ұлы күнін жаз айында қарсы алуды ұсынғандар да болған. Оларға салса, әр облыс Наурыз тойын жылдың әр мезгілінде қарсы алатын шығар. Міне, жыл басын қарсы алудың өзінде бірізділік болмай тұрғанда, басқа жағын қалай жөнге келтіреміз?!

Естір құлақ болса,  елер…

Әрине, мұндай жағдайда ең бірінші үгіт-насихат жұмыстары қажет екені даусыз. Ал, жайшылықта желтоқсанда келер Жаңа жыл былай тұрсын, жеке әртістердің шығармашылық кешінің өзін  бір ай бұрын жарнамалайтын телеарналарымыздың  Ұлыстың ұлы күніне  келгенде тым-тырыс бола қалатындығына таңқаласың. Әрине, көпке топырақ шашпаймыз. Бірақ, отандық арналардың дені тек Наурыз мерекесінің  қалай тойланғаны туралы ғана ақпарат берумен шектелетіні жасырын емес. Дәл сондай, Жаңа жылда «Жаңажылдық жеңілдіктер!» деп жаһанға жар салатын сауда орындары да Наурыз мейрамының қарсаңында үнсіз отыратынына ішің қынжылады. Апта сайын «Түнгі жеңілдіктер» деп ұйымдастырып жататын акциялардың бірін Наурыз мерекесіне арнаса, ешкімнің тірлігі тұралап қалмас. Бұл мәселе өңірдің кәсіпкерлеріне де қатысты. Облыс орталығы мен аудандарда орналасқан сүт өнімдерін өндіруші кәсіпорындар тауарларын наурыздық нақышпен, әлде «Ақ, мол болсын!», «Ұлыс оң болсын!» деген сынды жазулармен шығарса қандай тамаша болар еді. Онсызда тауарлардың бетіне алақ-жұлақ суреттер жапсырып насихаттап жүрген  кәсіпорындар осындай  игі іске барса, бұл көпке үлгі болары даусыз.

Тағы бір ұсыныс, биыл болмаса да, келер жылы билік тармақтарының халық алдында есеп беруі наурыз айында ұйымдастырылса, бұл да бір бабалар дәстүріне адалдық, Ұлыстың ұлы күніне деген құрмет болар еді. Және бұл жай есеп емес, қазақы таным бойынша «Бір жылда не істедім? Не тындырдым? Кімдердің көңілін қалдырдым? Кімді ренжіттім?» деген сынды   рухани есепке де айналары айқын. Оған қоса, осындай жиын арқылы билік пен бұқара бір-бірімен көрісіп, өкпе-ренішті өткен жылда қалдырып, алға мол сеніммен қадам басар  еді.

Егер Наурыз мейрамынрухани есеп беру айына айналдыра алсақ,  мәдениет бағытындағы бар дүниелерді қорытындылар едік. Өткен жылдың ең үздік әнін, күйін, биін, жырын, термесін, әдебиет саласындағы үздік шығармаларды анықтап,  сый-құрмет көрсетіп дәріптесек, ұтарымыз көп болары белгілі. Тіпті, Мемлекеттік сыйлық, «Халық қаһарманы» тәрізді жоғары наградалар мен атақтар осы айда берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Мүмкін болса, мемлекетіміз  Наурыз айын рақымшылық айы етіп белгілеп, тұрмысы төмен отбасыларға, жетім-жесірлерге қайырымдылық шаралары ұйымдастырылса, Ұлыстың ұлы күнінің ұлылығын көрсетері тағы хақ. Өйткені, Наурыз – рухани өрлеу күні. Наурыз – табиғатпен тұтасу айы.Наурыз – кешірім мен мейірім мерекесі.

Ең бастысы, бағаласаң – әз Наурызды бағала! Ұлықтасаң – әз Наурызды ұлықта! Өйткені, қазаққа бұдан асқан қадірлі, жанына жақын мереке жоқ.

Ұлысымыз оң, ағымыз мол болсын! Еліміздің алға басқан қадамы қашан да құтты болып, әрбір отбасы ырыздық пен берекеге кенелсін!

Төрлет, Ұлыстың ұлы күні төріме!

 

Саятхан Сатылғанов

Жамбыл облысы