Мырзахметов Жамбылды жаңаша жаңғыртпақ
Мүмкіндік мол, міндет зор
Жамбыл облысының тізгінін Асқар Мырзахметов алғалы қай салада болмасын жұмыс жаңаша жүйеге түскені жасырын емес. Бұрынғыдай жиындарда ұзын-сонар баяндамалар тыңдалмай, нақты қордаланған мәселерге басымдық берілуде.«Баласағұн» орталық концерт залында өткен аймақ басшысының есепті жиынында да жаттанды сандардан гөрі, негізгі түйткілдер төңірегінде әңгіме өрбіді. Және Асқар Исабекұлы жыл ішінде жеткен жетістіктерімізбен қатар, кемшіліктеріміз бен алда тұрған мақсатты міндеттерімізді де жан-жақты баян етті.
— Құрметті облыс тұрғындары!Өткен жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындаоң динамикасақталды. Есепті кезеңде 368 миллиард теңгеге өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, өсім 1,8 пайызды құрады.
Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 13,0 миллиард теңге инвестиция тартылып, 10 жоба жүзеге асты. Бұл жаңа 716 жұмыс орнын құруға мүмкіндік туғызды. Десе де, былтыр кейбір кәсіпорындарда өндіріскөлемініңтөмендегені байқалады. Мысалы, қант өндірісі 22 пайызға кеміп, соның салдарынан тамақ өнімдерінің өндірісі 17 пайызға азайған. Ал Амангелді газ өңдеу зауытының нақты көлем индексі 52 пайызды көрсеткен. Бұған себеп -өндіріс орнында жоспарлы жөндеу жұмыстарының жүріп, шикізатты өңдеуге тапсырыстың азайғаны болып тұр. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін экономиканың барлық секторында тұрақтыбақылау-талдаужүргізілуі тиіс. Ол үшін тиісті басқармалар, әкімдер мен кәсіпорындар арасында әріптестік байланысты бір жүйеге салғанымыз жөн.
Екіншіден, кәсіпорындардың жұмысын тұрақтандырып, олардың қуаты мен жүктемесін көтеру бойынша нақты межеленген жоспарлар қабылданғаны абзал. Сол үшін, мамандарды тарта отырып, өнеркәсіп саласының аймақтық картасын әзірлеу қажеттілігі туындап отыр. Оған тұрып қалған, жаңғыртуға жататын кәсіпорындар енуі тиіс, — деп бастады сөзін облыс әкімі.
Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейеді
Бұдан кейін өңір басшысышағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жайына тоқталды.
— Өткен жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 58 мың бірлікке жетіп, 9 пайыздық өсімді көрсеткен. Ал олардың тарапынан 285 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, жоспар 0,7 пайызға артық орындалған. Статистикалық көрсеткіштер жақсы. Дегенмен, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің сапасына да терең талдау жүргізуміз қажет. Бұл ретте, жергілікті жерлерде шағын және орта деңгейдегі қайта өңдейтін кәсіпорындарға қолдау көрсетіп, кәсіптердің бағыттарын әртараптандыру маңызды. Осы жұмыстарды жүйелендіру үшін өнеркәсіп саласының аймақтық картасына нақты көрсеткіштер түзіп, оны іскеасыруды қазірден бастап қолға алуымыз қажет. Бұл жөнінен тиістітапсырма берілді.Ендігі жерде, әкімдер мен басқармалардың өндірісті дамытудағы жұмыстары осындай индикаторлар арқылы бағаланатын болады, — деді А.Мырзахметов.
Арнайы аграрлық аймақ құрылады
Облыс әкімі баяндамасында басымдық берген тағы бір бағыт – аграрлық сала болды.
— Өткен жылы ауыл шаруашылығында255 миллиард теңгеніңөнімі өндіріліп, өсім 5,5 пайызға жетті. Салаға салынған инвестиция көлемі 24,7 миллард теңгені құрап, агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 11,8 миллиард теңге субсидия төленді.
Пайдаланылмай жатқан жерлерді айналымға енгізу арқылы ауылшаруашылық дақылдары орналастырылған алқаптар 6,2 пайызға артып,биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын650 мыңгектарға орналастыруды межелеп отырмыз.
Есепті жылы мал шаруашылығының барлық санаттарында ет , сүт, жұмыртқа, жүн өндіру көлемі ұлғайған.Мал саны көбейген. Алайда, облыста, қолайлы жағдайларға қарамастан, жеміс-көкөніс, алма, жидек өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындардың тапшылығы байқалады. Осыған орай, облыстан агро-индустриалды аймақ құру мәселесін қолға алу қажет деп санаймын.
Былтыр «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары 2- 4 есе артығымен орындалған. Десе де, биыл тірі салмақтағы ет өнімдерін өндіруді — 127 мың тоннаға, сүтті –311 мың тоннаға және экспорттық ет өнімдерін — 2,4 мың тоннаға дейін жеткізу қажет.Себебі, өнеркәсіптегі кәсіпорындар сияқты, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың да жүктемесі төмен.Соның бірі, мемлекеттік бағдарламаның шеңберінде 2,5 миллиард теңгеге жуық инвестиция салынған, тәулігіне 40 тонна ет өнімдерін өндіруге қауқарлы «Оңтүстік-халал тағамдары» кәсіпорны шикізаттың жетіспеуінен толық түгілі, жартылай қуаттылығына шыға алмай отыр, — деп облыс әкімі бұл олқылықтың орнын толтыру үшін басқармалар, аудан әкімдері мен өндіріс орындары бірлесе жұмыс жасауы қажеттігін тағы бір мәрте еске салды.
Асқар Мырзахметов игеруге жарамды жерлерді игілікке пайдалана алмай отырғанымызды да баса айтты. Аймақ басшысының сөзіне сүйенсек, облыс аумағының 72 пайызын тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға қолайлы жерлер алып жатыр екен. Және оның 295 мың гектары инвестиция тарту мақсатында қолдануға қолайлы көрінеді. Сондықтан осы жерлерді климаттық ерекшелігін ескере отырып, келешекте болашағы бар жобаларға беру көзделуде.
Алда тұрған тағы бір үлкен міндет – ол тұқым сапасын жақсату болып тұр. Асқар Исабекұлының айтуынша, облыста 10 аттестатталған ауыл шаруашылығы субъектілері жоғары репродукциялы тұқым өндірумен айналасып отырып және тұқым шаруашылығын дамытуға 645 миллион теңге субсидия қаралғанымен өңірде себілетін тұқымдардың 90 пайызының сақтау мерзімі 10 жылдан асып кеткен екен. Мұндай тұқымдардың өнім беру қуаттылығы төмен болатындығы айтпаса да белгілі. Осыған орай, аймақ басшысы егер тұқым өндірумен айналысып отырған шаруашылықтар жоғары сұрыпты тұқым шығара алмаса, онда әлемдегі белгілі сорттарды қолданысқа әкелу жағын қарастыруды ұсынды.
Егіктік даласын тыңайту мен минералды тыңайтқыштарды кең көлемде қолдану жағы да биыл жіті бақылауда болады. Өйткені өткен жылы өңір шаруалары егістік даласының ортақ есеппен 17 пайызына ғана тыңайтқыш қолданған. Ал кейбір аудандар тіпті 10 пайызға жетпеген. Ағымдағы жылы жер құнарлығын арттырып, өнім көлемін өсіру үшін тыңайтқыштарды енгізу алқабын 117 мың гектарға арттырып, оны 800 миллион теңгеге субсидиялау көзделуде. Осылайша тыңайтқыштардың қарапайым шаруаларға да қолжетімді болуына басымдық берілмек.
Тағы бір қуанарлығы биылдан бастап ағын су мәселесіне де айрықша көңіл бөлінбек. Облыс әкімінің баяндамасынан білгеніміз, үстіміздегі жылы аймақтағы 24 су қоймасы мен бөгеттерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, 2021 жылға дейін «Қарақоңыз», «Ынталы», «Тасөткел» су қоймаларының көлемін ұлғайту жағы да қаралуда. Одан бөлек, келешекте сиымдылығы 40 миллион текше метрді құрайтын қосымша 3 су қоймасын салу да жоспарда бар.
Құрылыс саласы қанат жаяды
Үстіміздегі жылы құрылыс саласы қарқынын бәсеңдетпейді. Бұл жайында да облыс әкімі ауқымды ақпар беріп өтті.
— Өткенжылы құрылыс жұмыстары 3,1 пайызға артып, 112,4 миллиард теңге мақсатты жұмсалды. Нәтижесінде 34 әлеуметтік, 25 инфрақұрылымдық және 397,5 мың шаршы метр тұрғын үй құрылыстары жүргізілді. Енді биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 320 пәтерлі 4 көпқабатты үй мен бір үлгідегі 505 жеке тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспарлануда. Бұдан бөлек, өткен жылдан өтпелі 13 үйдің құрылысы аяқталатын болады. Ал жалпы жыл соңына дейін 420 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Сондай-ақ, Тараз қаласындағы №14 және №15 ықшам аудандардың құрылысы жалғасын табады.
Қазіргі таңда, облыс аумағындағы жолдардың сапасы 77 пайызға қанағаттанарлық күйде. Біз осы көрсеткішті 2020 жылға қарай 82 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Ол үшін биыл қазынадан 9,1 миллиард теңге қаралып, 24,2 шақырым жол төселіп, 384 шақырым автожол орта жөндеуден өткізіледі. Сонымен қатар, бюджетті қайта қарау кезінде 114 шақырым тасжолды жөндеуге қосымша қаржы көздерін қарастырдық.
Газдандыру мәселесіне келсек, үстіміздегі жылы 11 жобаны жүзеге асыру үшін 3 миллиард теңге бөлініп отыр. Ал 396 миллион теңгеге тағы 5 жобаның сметалық құжаттары әзірленуде. Осы жобалар толықтай іске қосылғанда көгілдір отын тартылған елді мекендердің саны 303 бірлікке жетеді. Ауыз су жүргізу жайына тоқталсақ, бүгінде облыс көлемінде 62,2 пайыз ауылдық жерлер орталықтандырылған ауыз су құбырына қосылған. Ал биыл 6,2 миллиард теңгеге 14 нысанның жобалық сметалық құжаттарын әзірлеп, оның 7-ін жыл соңына дейін пайдалануға беруді межелеп отырмыз. Әрине, бұл жұмыстарға тоқмейілсуге болмайды. Сондықтан 2020 жылға қарай ауыз су құбыры тартылған елді мекендердің санын 80 пайызға жеткізу жоспарымызға еніп отыр, -деді өңір басшысы.
Адами капитал – жаңғыру негізі
Асқар Исабекұлы денсаулық сақтау және білім саласында да шешімі кезек күттірмейтін мәселер барын жасырмады.
— Денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға өткен жылы 57,1 миллиард теңге жұмсалған. Ал жергілікті бюджет есебінен саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 3,4 миллиард теңге бөлінген.Нәтижесінде өткен жылы алғашқы медициналық көмек көрсететін 12 нысан бой көтерген. Биыл біз қосымша осындай тағы 9 нысанның құрылысын жоспарға енгізіп отырмыз. Ал, жалпы алғанда бүгінгі күнге 82 денсаулық сақтау нысанының құрылысына сұраныс туып тұр.Егер орта есеппен жылына 10 нысан салатын болсақ, онда бұл сұранысты қанағаттандыру үшін әлі 8 жыл керек. Сол себепті, бұл мәселені 2-3 жылда шешу үшін, биыл қосымша 30 нысанның құрылысын қарастырамыз. Яғни, үстіміздегі жылы 9 емес 39 нысанның құрылысы жүреді. Қалған 43 нысан 2019-2020 жылдары іске қосылатын болады.Бұған бюджет қаржысын үнемдеу тәсілдерін қолдану арқылы қол жеткіземіз деп отырмыз.
Облыс бюджетінің ауқымды бөлігі білім беру саласына жұмсалып келеді. Өткен жылы 98,4 миллиард теңге бөлінсе, биылғы жылы оның көлемі 102,7 миллиард теңгеге жетті. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту барлық білім беру жүйесінің негізі болғандықтан, оның мәні ерекше. Статистикаға сүйенсек, облыста 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 90,2 пайызды құрайды.Бұл тек кезекте тұрған балалардың саны. Сондықтан, біз жалпы балалар саны мен халықтың табиғи өсімін ескере отырып, тиісті жоспарды бекітуіміз керек.Ол үшін облыстағы 477 мектепке дейінгі ұйымның тек 20 пайызы ғана жекеменшік нысандар екенін ескере келе, 2020 жылға дейін әр ауылда, ауданда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жаңа нысандардың салынуына көңіл бөлуіміз қажет. Бұл жұмысты «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында да атқаруға болады.
Елбасы биылғы Жолдауда цифрлы білім беру ресурстарын дамытуға бет бұруды тапсырды.Бүгінде облыс бойынша мектептердің 99,8 пайызы цифрлық білім беру ресурстары порталына,70,7 пайызы жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосылған. Алайда, мұның өзі, әсіресе бала саны көп мектептерде, әрбір мұғалім мен оқушының ғаламторға шығу мүкіндігін қамтамасыз етпейді.Сондықтан ғаламтор жылдамдығын көтеру үшін жергілікті бюджеттен 229 миллион теңге қарастырылып отыр.
Одан бөлек, биыл облыс орталығынан ІТ мектеп–лицей ашу көзделуде. Бұл жаңа білім ордасы жаңа технологиялық білім беру бағытына тың серпін әкеледі дегенге сенім мол, — деді А.Мырзахметов.
Облыс әкімібаяндамасында жастар саясатын тиімді жүргізу, жұмыссыздықпен күрес, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік сынды мәселер төңірегіндегі түйткілдердің тетігін тауып, шешу жолдарын қарастыруды да құзырлы мекемелердің назарына салды. Ал сөз соңында Қазақ хандығының қазығы қағылған қасиетті Әулиеата жерінің әлеуетін арттырып, Тараз шаһарын шырайландыруға жұрт болып жұмыла жұмыс атқаруға көпшілікті шақырды.
Тұрғындарды толғандырған мәселелер елеусіз қалмайды
Басқосу бұдан соң жарыссөзбен жалғасты. Айта кету керек, жиында талап-тілегін, ұсыныс-пікірін жеткізуге асыққан жұртшылықтың қарасы қалың болды. Мысалы, зейнеткер Сағынхан Әміреқұлов Асқар Исабекұлының алдағы жоспарларын толықтай қолдайтынын жеткізіп, есепті баяндамасына қанағаттанарлық деген баға берсе, Тараз қаласының тұрғыны Алексей Мирзоев бүгінде екінші деңгейлі банктердің болғанына қарамастан, шағын несие беретін жеке кәсіпкерлердің көбейгенін алға тартып, олардың жұмысының қаншалықты заңды екенін білгісі келетінін айтты. Ал, Қазақстанның Құрметті журналисті, мұрағаттанушы Мақұлбек Рысдәулет руханият төңірегінде ой қозғады.
– Құрметті Асқар Исабекұлы, Тараз жерінің тұнып тұрған тарих екенін іскер азамат, мәдениет жанашыры ретінде Сіз жақсы білесіз. Бүгінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асырудамыз. Осы орайда айта кетер бір жайт, рухани жаңғыруымыздың алтын арқауы – ұлттық тарих пен мәдениет. Мұны сөз етіп отырған себебім, Президентіміздің өзі «Тараз – тарихымыздың темірқазығы», «Тараз — рухани байлығымыздың алтын діңгегі» деген болатын. Міне, осы алтын діңгек пен темірқазықты көрсетіп, айшықтайтын мәдени ошақтарымыз бүгінгі талапқа сай болуы қажет. Облыс орталығындағы 70 жылдық тарихы бар облыстық тарихи-өлкетану музейі жаңа экспонаттармен толықтырылуы тиіс. Бірақ, музейдің мүмкіншілігі шектеулі. Алдағы уақытта Тараз қаласында мәдениет ошақтары, оның ішінде музейлер салынса нұр үстіне нұр болар еді, – деді Мақұлбек Рысдәулет.
Келесі кезекте сөз алған Сарысу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Құдайберді Әбілов аталған өңірде 45 мың тұрғынның бар екенін, десе де газ мәселесінің шешілмей тұрғанын айтты. Сондай-ақ, ол жұрт арасында тараған «Сарысуға көршілес жатқан Оңтүстік Қазақстан облысының Шаян елді мекенінен газ тартылады» деген хабардың қаншалықты рас екенін білгісі келетінін жасырмады. Облыстық мәслихаттың депутаты Тұрсынбай Халық азық-түлік бағасын бақылауда ұстау керектігіне тоқталып, өңірде су, газ, жылу мен электр энергиясын тарататын мекемелердің жекешелендірілуіне жол бермеуге ықпал етуді өтінді.
Бүгінде Тараз қаласында 7 саябақ пен 30-дан астам гүлзар бар екен. Дегенмен, осы саябақтар мен гүлзарлардың қазіргі келбетіне кейбір тұрғындардың көңілі толмайды. Мәселен, қала тұрғыны Алпысбай Смайлов Тараз қаласындағы теміржол бекеті алдындағы сквердің талапқа сай еместігін қынжыла жеткізді.
–Ел әлеуеті артқан сайын шаһарымызға шетелден инвесторлар мен туристер көптеп келуде. Соның ішінде отарбадан түсе сала Тараз топырағына табаны тиетін туристерден ұятты болып жүрген жайымыз бар. Мұны айтып отырған себебім, теміржол бекетінің алдындағы сквер көзге қораш көрінеді. Аталмыш орынды ретке келтіретін уақыт жетті. Бұдан бөлек, қаладағы ықшам аудандарда тұрғындар бой жазып, бір ауық серуен құратын дені дұрыс саябақ жоқ. Тағы бір мәселе, жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс мерекесінде тұрғындардың дені Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағына баратыны анық. Бірақ, аталған саябақ бізге Жеңіс рухын сезіндіретіндей жағдайда емес. Осыны ескеріп, алдағы уақытта сол саябақты талапқа сай жаңғыртуға ықпал етуді сұраймын, – деді ол.
Облыстық қоғамдық кеңестің хатшысы Сембек Сейдәзімовтың көтерген мәселесі де көптің көңілінен шықты. Ол сарқынды сулардың кесірінен түптің-түбінде жерасты суы да бүлінетінін, бұның соңы экологиялық зардапқа әкеліп соғатынын тілге тиек ете отырып, аймақ басшысынан алдағы уақытта облыс орталығында суды биологиялық тазарту стансасының салынуына ықпал етуін өтінді.
Жиында сөйлеген тұрғындардың бір тобы Талас ауданындағы Есейхан ауылына ауыз су құбырын тарту керектігін, Тараз қаласында салынған жер үсті өткелінен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өте алмайтынын, сондықтан жаяу жүргіншілер жолағын жүргізу қажеттігін, кейбір сауда орындарының тұтынушыға кассалық чек бермей, «көлеңкелі» бизнестің өрістеуіне жол ашып отырғанын көтерді. Сондай-ақ, жеке мәселелеріне байланысты көмек сұрағандар да болды. Келесі кезекте сөз алған Тараз қаласының тұрғыны Жоратай Мамыраймов «Арай» алқабынан жаңадан пайдалануға берілген тұрғын үйлерге жарық, су жүйелерін тарту жұмыстары қашан қолға алынатынын сұрады. Ал, облыстық мәслихаттың депутаты Гүлжан Тілеубердиева Меркі-Шу тас жолының тозығы жеткеніне назар аударды. Ол тұрғындардың Т.Рысқұлов, Қарасу, Беларық, Тәтті, Ақжол ауылдарымен көршілес жатқан Шу ауданына қатынауы қиынға соққанын қозғап, осы мәселе бойынша көмек беруді өтінді.
Есепті кездесу барысында аудандардың тұрғындары да облыс әкімінің есебін онлайн режимде тыңдап, өз талап-тілектерін жеткізуге мүмкіндік алды. Осы орайда, Шу ауданынан байланысқа шыққан шаруа Мәлік Әбдіраев былтыр қант қызылшасы алқабының әр гектарынан 500 центнерден өнім алып, оның әр келісін Меркі қант зауытына 8 теңгеден өткергенін, алайда бұл баға еткен еңбек пен шығынды ақтамағанын алға тартты. «Қан зауыттары өнімді жоғары бағамен қабылдаса» деген тілегін де жеткізді. Жуалы ауданындағы Ақсай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашов қысқы спорт түрлерін дамыту туралы ұсынысын ортаға салды. Ауған соғысының ардагері Кеңесбек Тауасаров ұрыс қимылына қатысқандардың қоғамдық көлікте тегін жүруге мүмкіндіктері жоқ екенін, өзі мүмкіндігі шектеулілер санатында болса да, 2012 жылдан бері кезек бойынша жер телімін ала алмай жүргенін сөз етті. Шу ауданының тұрғыны Мәлік Сауырбаевты суармалы жерлердің сортаң тартуы, ағын су бағасының қымбаттауы алаңдатса, адвокат Абдолла Бақберген «Ауыл-Береке» базарының санитарлық талапқа сай еместігін, жабайы сауда орындарының көптігін сынға алды.
Басқосуда тұрғындар тарапынан жайылымдық жерлерді мемлекет иелігіне қайтару, мал сою алаңын салуға көмек көрсету, облыста білім сапасының төмендеуі секілді мәселелер де көтерілді.
Жиында облыс әкімі Асқар Мырзахметов тұрғындар тарапынан қойылған әрбір сұраққа толыққанды әрі нақты жауап қайтарып отырды. Ал, шешілуі уақыт пен қаражатты талап ететін мәселелерді жеке бақылауында ұстайтындығын, олардың ешбірінің аяқсыз қалмайтындығын жеткізді.
Осы ретте айта кетерлігі, есепті жиын барысында айтылған және жәшікке салынған өтініш-тілектер мен ұсыныстар бойынша арнайы іс-шаралар жоспары қабылдананып, ол қатаң бақылауға алынбақ.
Саятхан Сатылғанов
Жамбыл облысы