Елімізде 84 мешіт қаңырап, бос тұр.

Бүгінде Қазақстанда 3601 мешіттің 84-і қаңырап бос тұр. Бұл процесті жүйеге келтіру үшін ғибадатхана салуда рұқсат беретін айқын стандарттар керек. Мәселен ғибадатхана салуға ниетті азаматтарға қосымша талаптар қойылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Ғибадатханаларды, соның ішінде мешіттердің де құрылысын тәртіпке келтіретін уақыт жетті. Мұсылман үшін мешіт – Алланың үйі, ол таза, күтілген болуы керек. Келуші жамағаттың санына сәйкес болуы, тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі, айналасына кедергі келтірмегені абзал. Мәселен, егер де мешіт немесе шіркеу қараусыз қалса, жамағат аз келсе, егер ғибадатхана халық көп жүретін көшенің бойында салынып, бірақ көлік қоятын орындары болмаса, егер қатты дыбыстар немесе қоңыраулар сол жердегі тұрғындардың мазасын алса, онда бұл құбылыс тек жағымсыз әрекеттерді туғызатыны анық. Өкінішке қарай, бізге мұндай шағымдар түсіп жатыр. Кейде мешіт салу сәнқойлық болып саналады, ал мешітте имамның болмауы немесе оны ұстап тұру жергілікті қауымға ауыр тиетіні назарға алынбайды. Салдарынан кейбір жерлерде мешіт ғимараттары сатылымға шығарылып жатыр. Құдайшылық іс бұл тек мешіт немесе шіркеу салу ғана емес», — деді министр алқа отырысында.

Ермекбаевтың айтуынша, бүгінде Қазақстанда 3601 мешіт бар, бірақ оның 84-і қаңырап бос тұр.

«Бұл процесті жүйеге келтіру үшін діни ғибадатханаларды салуда рұқсат беретін айқын стандарттар болуы керек. Соның ішінде жаңадан құрылыс салуға ниетті азаматтарға қосымша талаптар қойылуы мүмкін. Мысалы, ғибадатхана салудың жаңа үлгілік ережелерін енгізу керек», — деді ведомсто басшысы.