Әріптестік байланыс нығаяды

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов халықаралық «Qazaqstan ZAMANY» газетінің бас директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызын қабылдады.
Кездесу барысында аймақ басшысы Болат Жұмабекұлы облыстың әлеуметтік-экономикалық жетістігі туралы сөз етіп, Елбасының “Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарымен бөлісті.


— Биыл облысымыздың құрылғанына 80 жыл толды. Осы мерейлі датаның шеңберінде бірқатар әлеуметтік маңызы бар жұмыстар атқаруды жоспарлап отырмыз. Облыстың экономикалық өсімі тұрақты. Тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында құрылыс саласын қарқынды дамытудамыз. Еліміздің ішкі көші-қон бағдарламасы бойынша оңтүстік өңірлерден азаматтар келіп жатыр. Барлығы жұмыспен қамтылып, баспана берілді. Сонымен қатар мемлекеттік «Серпін» бағдарламасы аясында көп жастар біздің өңірде білім алуда. Алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасаймыз деп сенемін. Біздің өңірде атқарылып жатқан осындай игі істерді халықаралық «Qazaqstan ZAMANY» газетіміз арқылы тұрақты насихаттап тұрсаңыздар нұр үстіне нұр болар еді. Себебі біздің не істеп жатқанымызды халық біліп отыруы керек. Әлбетте бұған сіздердің, яғни БАҚ өкілдерінің көмегі қажет, — деді Болат Жұмабекұлы.
Өз кезегінде Сәуле Мешітбайқызы да басылымның бүгінгі бағыт-бағдары туралы сөз етті.
— Халықаралық «Qazaqstan ZAMANY» газетінің шыға бастағанына 26 жылдан асты. 1992 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы мен Түркияның сол кездегі президентінің өзара келісімі бойынша іске асырылған жоба. Бүгінде билік пен халық арасын жалғап тұрар алтын көпірге айналып үлгерді. Биыл атауын өзгерттік. Бірақ аты өзгерсе де заты өзгермейді. Әр облыста меншікті тілшілеріміз бар. Жыл сайын «Нұр Отан» партиясымен және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп алыс ауылдарға экспедиция жасаймыз. Мақсатымыз — ауылдағы ағайынның мұң-зарына құлақ түріп, оны билікке жеткізу. Биылғы жылға дейін еліміздің барлық облыстарын аралап, бес мыңдай ауылда болдық. Жалпы, біздің еліміздің барлық өңірімен байланысымыз бар. Болашақта Ертіс — Баян өңірлерімен тығыз әріптестік байланыста жұмыс жасауға ниеттіміз, — деді Сәуле Мешітбайқызы.

Өз тілшімізден