Солақайды түзетпеген жөн
Бұрынырақта солақай баланы оңқайға айналдыруға жұрт кәдімгідей көңіл бөлетін. Тіпті баланы оң қолымен жазуға үйрету үшін сол қолын байлап қою да кездесетін. Әсіресе қыз баланың солақай болғаны әжептәуір міндей бағаланатын.
Қазір жұрттың ой-өрісі артып, мұның табиғи ерекшелік екенін аңғарып, солақайды оңқайға айналдыруға көп ұмтыла қоймайды. Солақайлардың арасынан да талай ұлылар шыққанын естігеннен кейін бұған оншалықты мән бермейтін болды. Бұрынғыларды айтпағанда, тіпті АҚШ-тың көзі тірі президентінің бірі солақай екенін жұрт теледидардан ресми құжатқа қол қойғанда талай көрген. Оны айтпағанда, өзіміздің ұлы композиторымыз Нұрғиса Тілендиев солақай болғаны белгілі, домбыраны сол қолымен шертті.
Енді оны жас кезінде оңқайға айналдырғанда, ұлы күйші болмай қалуы да мүмкін екен. Өйткені ол туа бітетін қасиет көрінеді. Адам ағзасы соған икемделген болса, оны өзгерту зиян болмақ. Жалпы, адамдардың 10 пайызы солақай болып туады екен.
Ол сәби кезінен аңғарылады. Жасы әлі бірге толмаған баланың өзі бірнәрсе ұстауға әрекеттенгенде ыңғайлы қолын созады. Бұл қасиет кейін өмірлікке айналады.
Ал есейген соң ол біржола әдетке айналады. Олардың сол қасиеттерін өзгертуге ұмтылу олардың психикасына айтарлықтай салмақ түсіреді. Солақайлық мін емес. Солақайлардың арасынан да талай ұлылар шыққанын ұмытпайық!