Жеңіс күнін мерекелеу басталды

Қазақстандықтар үшін орны бөлек мерекенің бірі – 9 мамыр Жеңіс күні. Айтулы мерекенің 71 жылдығын тойлау республика көлемінде басталып та кетті.

Бүгін Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Отан қорғаушы күнін және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығын мерекелеу қарсаңында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығына барды,-деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

 Іс-шараға мемлекеттік органдардың басшылары, еңбек ардагерлері мен Қарулы Күштердің офицерлері қатысты. Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығын Қазақстан Президенті 2015 жылғы 1 желтоқсанда ашты. Ұлттық әскери-патриоттық орталық құрылымына Әскери-тарихи мұражай, Орталық әскери оркестр және Орталық ансамбль кіреді.

Мемлекеттік хатшы Қарулы Күштердің Әскери-тарихи мұражайының экспозицияларымен танысты. Сондай-ақ жоғары оқу орындарының студенттерімен, «Жас Ұлан» республикалық мектебінің және әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілерімен, Астана қаласы орта мектептерінің оқушыларымен кездесу өткізді. Кездесуде Қазақстан Республикасын одан әрі дамыту және өркендетуге бағытталған «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін іске асыру аясында өскелең ұрпақты әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеудің өзекті мәселелері талқыланды. Жиынға қатысушылар Қорғаныс министрлігінің елдегі ардагерлер қоғамдастығымен, өскелең жастармен және жаңа қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу жөніндегі құзырлы мемлекеттік органдармен тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету тұрғысында пікір алмасты. Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы жас ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесін жетілдірудегі басымдықтарды айқындап, Отан қорғаушы күнімен және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығы мерекесімен құттықтады.    

«ЕлАна»