Оралман мәртебесі үш айға ұзартылмақ
Алғашқы оқылымда мақұлданған халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қон мәселесі туралы заң жобасы бойынша оралман мәртебесін үш айға ұзарту көзделіп отырғанын айтқан Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркина: «Заң жобасында Елбасы жол ашып берген ұлы көшпен атажұртқа оралған қандастарымыздың тағы бір өзекті мәселесі шешімін тапқалы отыр.
Себебі, қазіргі таңда шетелден келген мыңдаған оралман объективті және субъективті себептермен қолданыстағы заңнамада қарастырылған бір жыл ішінде Қазақстан азаматтығын алуға қажетті құжаттарын жинап, тапсырып үлгере алмай, қиындық көріп жүргендігі белгілі.
Бұл жөнінде олар Парламентке талай рет хат жазып, оралман мәртебесінің мерзімін ұзарту жөнінде өтініш білдірген болатын. Міне, осы өзекті мәселені шешу мақсатында халықтың көші-қоны туралы заң жобасының 11-і бабына тиісті түзету енгізіліп, алыстан келген ағайынның өтініштері бойынша оралман мәртебесін үш айға ұзарту көзделіп отыр», —деген жағымды хабарды жария етті.