Бизнес, үкіметтік емес ұйымдар және мемлекеттік органдар арасындағы диалог

Ақтауда «Unisef» – Біріккен Ұлттар Ұйымы Балалар қорының қолдауымен «Қазақстандағы Орталық Азияның Еуразия» қорының ұйымдастыруымен«Work-shop», яғни ұжымдық оқыту форматында «Маңғыстау облысындағы балалардың құқығын қорғау саласындағы корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын насихаттау» шарасы өтті.

Шараның мақсаты – Маңғыстау өңіріндегі компаниялардың корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын ұстанудағы негізі тараптар платформасын құруға бағытталған.

Шараға ірі және орта бизнес, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері қатысты. Ал сөз сөйлегендер қатарында Қазақстандағы Орталық Азияның Еуразия қорының атқарушы директоры Ринад Темірбеков, даму және зерттеу жөніндегі менеджері Динара Нұрышева, «Құқықтық саяси зерттеу орталығы» қоғамдық қоры директорының орынбасары Татьяна Зинович, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, облыстық білім басқармасы, Ақтау қаласының әкімдігі, жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма, кәсіподақ ұйымының өкілдері болды.

Шара кезінде бірнеше бағытта бірқатар өзекті тақырыптар қамтылды. Мәселен, пікірсайыс кезінде мамандар бірқатар сұрақтарға жауап іздеп, өзара пікір алмасты. Әсіресе балалар мен жастардың стейкхолдерлер тобы секілді бастарын жиі қосу, олардың талап-тілектерін ескеру, компаниялар тарапынан болашақ кадрлармен тікелей байланыс орнату арқылы корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын жылжыту. Ал мұндай шараларды алдын-ала жоспарлау, ұйымдастыру және жүзеге асыру кезінде мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар секторларының рөліне мән берілуі қажет екендігі айтылды.

Қазақстандағы Орталық Азияның Еуразия қорының атқарушы директоры Ринад Темірбековтың айтуынша, ірі кәсіпорындар, муниципалитеттер және жергілікті қоғамдастық арасында дамыту диалогын құру үшін,алдымен қажетті шарттарды белгілеп алу қажет. Ал мүдделі тараптар қатарына бизнес, мемлекет, жергілікті қоғамдастық, балалар және жастарды жатқызып, олардың пікіріне назар аударған жөн.

«Бүгінде жастарға ауадай қажетті бірнеше сала бар. Олар негізінен кәсіптік бағдар және еңбекке тарту, экология мен денсаулық, білім, мәдениет саласын дамыту, кедергісіз орта құру, бос уақытты тиімді пайдалану.Жастарды негізінен толғандыратын сала көп, олар — кәсіптік бағдар, медицина, қоршаған ортаны қорғау, білім, IT-технологиялар, қолданбалы икемділік және еш қиындықсыз жұмысқа тұру», — дейді ол.

Айта кету керек, елімізде корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік бүгінде дамудың бастапқы кезеңінде тұр деген пікір жиі айтылып жүр. Бірақ мұнымен келіспейтіндер де көп. Демеушілік пен қайырымдылық кез-келген кәсіпорын үшін корпоративтік мәдениетінің бөлігі және қоғам өміріне қатысудың дәстүрлі бағыттарының бірі ретінде қарастырылады.

«Work-shop» ұжымдық оқыту шарасына қатысқан «Жанартау» қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Арайлым Шамшадинованың айтуынша, ел ішінде қалтасы қалыңдар аз емес. Алайда олар қаншалықты білім, ғылым, мәдениет сияқты салаларды қолдап, өмірде қиын жағдайға тап болған жандарға қол ұшын созып жүр? Яғни, демеушілік пен қайырымдылық көрсетіп жүргендер бар ма, болса кімдер деген сұрақ кім-кімді де ойландырары сөзсіз. Билік мұндай шараларға кәсіпкерлерді тарту үшін барын салуда. Бұл ретте Маңғыстау өңірі көш бастап тұр деуге толық негіз бар. Себебі мұнда жаны жомарт жандардың үлесі орасан, әсіресе меценеттарды айтуға болады. Мәселен, өткен жылы өңірімізде тұңғыш рет «Туған жерге тағзым» атты меценаттар форумы өткен болатын. Белгілі болғандай маңғыстаулық кәсіпкерлер әлеуметтік жобалардың іске асуына 43 млрд. теңге қаражат жұмсаған.

«Жасыратыны жоқ, жаны жомарт жандар көп, алайда олардың дені көзге түскенді қаламайды. Мұны әркім әр қалай түсінеді. Бизнестің корпоративтік-әлеуметтік жауапкершілігі мемлекет пен қоғамның қарым-қатынастарының негізгі элементі болып табылатындығы баршамызға мәлім. Бастысы отандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін мейлінше арттыруға өз үлесін қосуға азаматтық сектор, бизнес және мемлекет мүдделі болуы тиіс. Сонда ғана нәтиже шығаруға болады. Яғни, бүгінде тек қайырымдылық жасап немесе демеушілік көрсетіп қана қоймай, өзекті тақырыптарды қамтитын шараларға белсенді қатысу керек. Өкінішіке орай мүдделі тараптар үшін жиі кездесу мүмкіндігі бола бермейді. Оның бірден-бір себебі уақыттың тапшылығы. Ал мемлекет пен бизнестің әлеуметтік жауапкершіліктің қалыптасуы – тұрақты дамудың негізгі шарттарының бірі екендігін түсінсек, онда қоян-жұмыс жасауымыз керек. Бұл ретте үкіметтік емес ұйымдары да назардан тыс қалмауы тиіс, яғни белсенділік бар жерде нәтижеболары анық», — дейді ол.

Мемлекет үшін инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын құру, таза өнім шығару жөніндегі жобаларға қаржылау қолдау көрсету, жаңа жұмыс орындарын ашу, қысқасы қоғамның тұрақты дамуының әлеуметтік факторларына мән беру маңызды бағыттардың бірі болып қала бермек.

Ал отандық және шетелдік кәсіпорындар болса өзінің қызметкерлерінің еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оқыту, адами ресурстарды дамыту, қоршаған ортаны қорғау шараларына белсенді қатысуда. Бұл ретте қайырымдылық және әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарға демеушілік көмек көрсету, мәдениет пен өнерді, білім, денсаулық және спорт салаларына қолдау көрсетіп жүргендері де жоқ емес. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қолдау көрсету жөніде жергілікті атқарушы органдармен өзара ынтамақтыстық туралы Меморандумға қол қойғандары тағы бар. Қуантарлығы бүгінде бизнес тек өзін ғана ойламайды, мүмкіндігінше әлеуметтік қолдауға қаржы бөлуде.

Яғни, кез-келген өңірдің даму динамикасы мемлекет пен бизнестің өзара бірігуі арқылы шешімін табатынын ескерсек, экономикалық және әлеуметтік мәселелерге әлі де баса назар аударған жөн. Оның үсітне бәсекеге қабілетті дамыған 30 елдің қатарынан көрінуге ұмтылған қазақ елінің алдында тұрған міндеттер аз емес. Соның бірі елдегі әлеуметтік жағдайды барынша жақсарту болып қала бермек.

Мемлекет, бизнес пен қоғамдық ұйымдар бірігіп жұмыс жасаса әлеуметтік саясаттың жүзеге асқаны деуге толық негіз бар. Айта кету керек, көптеген елдердің қаржылық дағдарыстан шыға алмауының бірден-бір себебі экономиканы алмағанда, әлеуметтік мәселелерді шешу үшін ортақ келісімге келе алмауынан туындап отыр.

«Қолдау-Қазақстан» холдингі «Қолдау-Экология» мамандандырылған орталығының жетекшісі Әділбак Қозыбақов болса, әлеуметтік жауапкершілік – қоғам өмірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайларын реттеу жөніндегі қызметтің басты бағыты ретінде қарастырылуы тиіс пікірде.

«Кәсіпкерлік субъектілері өз еркімен қоғамда орын алып жатқан шаралардан тыс қалмағаны дұрыс. Әсіресе әлеуметтік, экономикалық және экологиялық салаларға ерекше назар аударылса. Ал корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік бірнеше бағытты қамтиды, олардың кейбіріне тоқталсақ: корпоративтік басқару, адам құқығын сақтау, жұмыспен қамту және еңбек қарым-қатынасы, қоршаған ортаны қорғау, адал іскерлік практик, тұтынушыларға қоғамдық қатынас, жергілікті қоғамдастықты қолдау және дамыту», — дейді ол.

Түптеп келгендехалықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында жүргізіліп жатқан кешенді бағдарламаларға мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес тараптары белсенді қатысуы қажет, сонда ғана нәтижеге қол жеткізуге болады. Әсіресе халықтың өмір сүру деңгейін әлі де болса жақсартуға күш жұмсалуы керек. Бұл ретте бизнес барлық мәселені мемлекетке ысырып қоймай, өзінің жауапкершілігін де жіті түсінгені маңызды. Жалпы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі өңірдегі экономиканың дамуына зор үлес қосары сөзсіз, тек көңіл бөлінсе жетіп жатыр.

 

Дайындаған: Кәмшат Ізбасарова,

ҚР Журнгалистер Одағының мүшесі

Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы