“Заманауи” қайдан келген сөз?
Соңғы кездері тілімізге «заманауи» деген сөз біртіндеп сіңіп келеді. Бұл сөзді, әсіресе зиялы қауым: тарихшылар, әдебиетші-лер, тілшілер жиірек қолданып жүр. Ал мен үшін бұл сөз құлаққа түрпідей тиетін жат сөз секілді. Өйткені «ауи» жұрнағы қазақ лексикасында ешуақытта болған емес. Болса, араб-парсы тілдерінде болған шығар. Мәселен, солардан келген бәдауи деген сөз бізде өте сирек кездеседі және оның мағынасы да онша оңып тұрған жоқ, дуана, қыдырма, қаңғыбас деген ұғымдарды білдірсе керек.
Олай болса, заман деген сөзге неге «ауи» жұрнаған зорлап тықпалаймыз?
Оның орнына осы күнге дейін қолданылып келген «и» жұрнағын неге өз орнымен қолдана бермейміз? Әлде «заманауи» деген сөз көркемсөз шеберлеріне немесе әншілерге қажет, қолайлы болатын шығар. Өйткені олар үшін сөзді мәнерлеп айтып, әндетіп созғанға қолайлы келер. Әйтпесе, заман, қоғам, адам, тарих, әдеп, кітап сөздеріне керек кезінде «и» жұрнағын қосып, замани, қоғами, адами, тарихи, әдеби, кітаби деп айтып жүрміз ғой. Егер осы сөздердің соңына «ауи» жұрнағын жалғап, заманауи, қоғамауи, адамауи, тарихауи, әдебауи, кітабауи деп айтсақ не болар еді? Сондықтан, тілшілер қауымы, терминология комитеті бұл мәселеге мән бере, ойлы көзбен қараса керек еді.
«Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы»…
«Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол — ақынның білместік бейшарасы», — деген Абайдың ескертпесін есімізден шығармайық.
Абдрахман Асылбек