Каспий теңізінің жағалауында курорттық аймақ салынады

Атырау облысының Исатай ауданында Каспий теңізінің жағалауында 500 орындық оқу-сауықтыру балалар лагері салынады. Балаларға арналған мұндай нысан облыста алғаш рет қолға алынды. Лагерь бірнеше аймаққа бөлінетін ауқымдылығымен маңызды. Әкімшілік аймақта қызметкерлер жатақханасы, әкімшілік ғимарат, медициналық бөлімше орналасады.

Аумақта  балалар орталығы,  кинозал, жаттығу залы, кітапхана мен балалар шығармашылығына арналған бірнеше үйірмелер болады.  Мұнда балалар жас натуралистер стансасында жаттыға алады.

Спорт аймағында футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, теннис корты, үстел теннисі алаңы, скалодром алаңы, әр түрлі көше жаттығу құралдары, бадминтон, воркаут алаңдары болады.  Жағажай құбылмалы тереңдіктегі ашық бассейнмен, саябақ, ролледром, скейтдроммен жабдықталады. Велосипедпен серуендеп, таңертең жүгіргісі келетіндер үшін  жүгіретін жол мен екі жолақты велосипед жолы қарастырылған.

Лагерді көгалдандыру жұмыстары тұзды топырақ жағдайында өсіруге жарамды ағаш-бұталы көшеттер  мен арнайы ағаш кеспектер отырғызу әдісімен жүргізіледі. Осы лагерь құрылысы Атырау облысы халқына Каспий теңізінің жағалауына өркениетті түрде шығуға жол ашады. Лагерь құрылысы жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік аударымдары есебінен жүргізіледі. Құрылыс 2018 жылы басталады деп жоспарланып отыр.

-Лагерь құрылысы, аталған жерде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу шағын және орта бизнес субъектілеріне шағын қонақүйлер, демалыс базасы, тамақтану орны секілді жаңа демалыс орындарын ашуға, ал тұрғындарға, қонақтар мен туристерге Каспий теңізінің жағалауында толыққанды демалуға мүмкіндік береді,- деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

—  Осындай нысандар салу мультипликативтік нәтиже береді. Жаңа жұмыс орындарын құру, ШОБ субъектілерін көбейту, сыртқы және ішкі туризмді дамыту жұмыстары Елбасы тапсырмасының аясында жасалуда.

Сонымен қатар қазіргі уақытта Бесікті ауылында салынатын 300 орындық балаларға арналған емдеу-сауықтыру лагерінің жобалық сметалық құжаты дайындалу кезеңінде. Алдағы жылдарда атыраулық балалар жазғы, қысқы демалыстарын Каспий мен Жайық жағалауларындағы жайлы шипажайларда өткізіп, туған жер аясында денсаулықтарын сауықтырып, әрі мазмұнды демалатын болады.

                                                                                            

 Светлана Муньянова