ОҚО-да биыл медицина саласы 100 пайыз ақпараттық жүйеге көшеді
Оңтүстік Қазақстан облысында қазіргі уақытта медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйемен қамтамасыз етілуі 63 пайызды құрайды. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін бұл көрсеткіш 100 пайызға жететін болады. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Ермек Тәжімұрат мәлім етті.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажеттігіне баса назар аударған болатын. Осыған орай облыста денсаулық сақтау саласында жаңа технологиялардың заманауи нарығын ұсыну аясында «Даму» кешенді медициналық ақпараттық жүйесі енгізілуде.
«Науқастар үшін өздерінің жеке парақшалары арқылы қабылдауға жазылу, дәрігерді үйге шақыру, SOS батырмасы ғаламтор арқылы қол жетімді болып отыр. Өңірде медициналық ұйымдарының 78 пайызы компьютерлік техникасымен жабдықталған. Ағымдағы жылы денсаулық сақтау ұйымдарын компьютерлік техникамен толықтай 100 пайыз қамтамасыз ету үшін 7500-ден астам компьютерлік техниканы сатып алу үшін бюджеттен қаржы бөлінді», — деді Ермек Атшыбайұлы.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ОҚОФ директоры Ақжарқын Таубаева саладағы цифрландыру — ең алдымен азаматтардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру әрі дәрігерлерге тұрғындардың денсаулығын бақылап отырып, түрлі сырқатты алдын алуға септігін тигізетіндігін жеткізді.
«Цифрландыру бағдарламасы 2018-2022 жылдар кезеңінде іске асырылады және еңбек өнімділігінің ауқымды және ұзақ мерзімді өсуіне жағдай жасайды. Бағдарлама азаматтардың дәрігерге жазылу мен дәрігерді үйге шақырудан бастап бүкіл профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтерді толық қамтиды», — деді Ақжарқын Әбдібекқызы.
Ағымдағы жылдың І-тоқсанының соңына қарай уақытша еңбекке жарамсыздық қағазын, сондай-ақ туберкулезге қарсы, психоневрологиялық, нарколо¬гиялық ұйымдарға қатысты анықтамаларды Электронды үкімет порталы арқылы беру жоспарлануда.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі