Майкл Баффер: «Мен суретке Қазақстан азаматымен ғана түсемiн!»
Астана. 3 мамыр. Baq.kz — Белгілі журналист Несіп Жүнісбайұлы жақында кәсіпқой бокстан Лос-Анжелесте өткен жерлесіміз Геннадий Головкин мен Доминик Уэйд арасындағы кездесуге арнайы барып, алған әсерін «Жас Алаш» газетінде бөлісіпті.
Лос-Анжелесте өтетiн Головкин — Уэйд шайқасына кетiп бара жатқанымды хабарлаған едiм. Ендi сол шайқас туралы қысқаша есеп берейiн. Кеңiрек, амандық болса, келген соң жазармын. Шайқас өздерiңiз көрген боларсыздар,шайқас болмады. Бұл жерде айтар нәрсе бiреу-ақ: Головкин секiлдi табиғатынан талантты боксшыға бiрiнен-бiрi өткен қарсылас таңдау керек қой! Генаның жеңiп, Қазақстанның атағы асқақтағанына риясыз қуанамыз. Бiрақ сонау Қазақстаннан Мәскеу арқылы 15 000 шақырым жер ұшып келгенде бiр жарым-ақ раунд көргенiмiзге қоңылтақсып-ақ қалдық. Құмарымыз қанбады. Генамыз Доминиктi де, бiздi де аямады… Лос-Анжелестен әзiрге көргенiм осы бокс қана. Иә, рингте тарғыл даусымен айғайлап-ақ миллион доллар тауып жүрген Майкл Баффермен суретке түсудiң мүмкiндiгi туды. Мақтанғаным емес, оған жүгiрушiлер көп болды, бiрақ ол: «Мен Қазақстан азаматымен ғана түсемiн!» деп ашып айтты. Бұл да – Головкиннiң елiмiзге әперген абыройы.
Геннадий Головкин кәсiпқой бокстағы 35-iншi жекпе-жегiнде жеңiске жеттi. Ал оған қарсылас атанып, жекпе-жекке түскен американдық Доминик Уэйд кәсiпқой бокстағы 19-ыншы айқасында жеңiлiс тапты. Бұған дейiн Уэйдтi бiрде-бiр қарсыласы жеңе алмаған едi. Өзiнен зор шығар боксшыға тап келген Доминик атажұртында бар жиған абыройынан айырылды. 12 раундқа жоспарланған тартыс бес минутқа да жеткен жоқ. 1-раундта ауыр соққыдан жығылып қайта тұрған Доминиктi Гена 2-раундта да көстите соғып есеңгiреттi.
WBA (Super), IBO, WBC (Interim) және IBF тұжырымдарының чемпионы Головкин рингте бүй дедi: “Сауль Альварес пен Әмiр Хан тартысында кiмнiң жеңетiнi маңызды емес. Маған тек WBC тұжырымының чемпиондық белбеуiн берiңiздер!”. WBC тұжырымының чемпиондық белбеуi қазiр мексикалық Сауль Альвареске тиесiлi. Альварес пен Әмiр Хан 7 мамырда айқасады.
Головкин осы күнге дейiнгi өткiзген жекпе-жектерiнiң 32-сiнде қарсыластарын нокаутқа түсiрдi. Ол орта салмақта WBA тұжырымының чемпиондық белбеуiн 16 рет, IBO-ның чемпиондығын 13 рет, WBC (Interim) тұжырымын 4 рет және былтыр канадалық Давид Лемьенi ұрып жығып иеленген IBF тұжырымын алғаш рет қорғады. Кәсiпқой бокста чемпиондық атағын қорғаудан американдық Бернард Хопкинс алда тұр. Ол IBF тұжырымының чемпиондық атағын 20 рет қорғаған. Головкин де Хопкинстiң жасына жеткенше (Бернард Хопкинс 51-де) рекордты бұзатыны анық.
“Головкин – талантты боксшы. Оның қарулы екендiгi бiз ойлағаннан да асып түстi” деп мойындаған Доминик Уэйд IBF тұжырымының чемпиондық белбеуi үшiн айқасқа түскен-дi. Екi раунда Головкин 133 рет соққы жұмсап, 54 рет тура соғыпты. Ал Уэйд 75 рет қолын сермеп, 22 рет қана Головкиндi дәл соққан.
Жылдың соңына дейiн бiрнеше жекпе-жек өткiзуi тиiс Головкин ендi кiмге қарсы айқасуы мүмкiн? Мұқым Мексика мақтанатын Сауль “Канело” Альварес неге үй айналып қашқақтайды? Бокстың бүкiләлемдiк кеңесiнiң (WBC) президентi Маурисио Сүлейман бұған дейiн де айтқан сөзiн тағы да ақтарды. “Сауль Альварес 7 мамырда Әмiр Ханға қарсы жекпе-жекте жеңiске жеткен соң, Головкинге қарсы айқасудан тайсақтаса, чемпиондық атағынан айырылады” дедi.
Геннадий Головкиннiң промоутерi Том Леффлер атынан түскен жоқ әлi. Лос-Анджелесте арқа-жарқа болып жүрген промоутер “ендi кiмдi сабаймыз” деген сұраққа жауап табуы тиiс. Головкинге қарсылас атанып та атақ алып, абырой жиғысы келетiн боксшылар жетiп-артылады. Кәсiпқой бокста 34 жекпе-жек өткiзiп, барлығында жеңiске жеткен, 24 айқасын нокаутпен түгескен мексикалық Хильоберто Рамирес те Головкинге қарсы айқасудан дәмелi. Бiрақ дәл қазiр Генаға “екiнiң бiрi, егiздiң сыңарын” сабай бергеннен гөрi атақтыларды ығыстырған әлдеқайда тиiмдi. Доминиктi бес минут iшiнде дiңкелеткенi үшiн жерлесiмiзге 2 миллион АҚШ доллары көлемiнде сыйақы төлендi. Ауыр соққыға екi раунд шыдас берген Доминикке 500 мың доллар көк қағаз тидi.
Лос-Анжелестiң өзге кереметтерiне ендi кетiп барамын. Одан ары Лас-Вегас! Сонау жер түбiнен келген соң Генаның басты қарсыласы мексикалық Альварестiң пәкiстан-ағылшын жiгiтi Әмiр Ханға қарсы өткiзетiн жекпе-жегiн көре кетейiн. Ол да бiр айта жүретiн шайқас болуға тиiс…
Несiп Жүнiсбайұлы, «Жас Алаш»