Ең сұлу əйел — аяғы ауыр əйел
Жүктілік кезең – бала тәрбиесі тұрғысынан маңызды кезеңдердің бірі. Себебі, қазіргі ғылыми зерттеулер бойынша, баланың мінез-құлқының кейбір тұстары осы кезеңде қалыптаса бастайды. Гинекология саласының мамандары: «Іште жатқан сәбидің қимылдары анасының қуанғанына немесе қайғырғанына қарай өзгереді. Анасы мұңайғанда қимылсыз жатқан сәби, анасы қуанғанда жыбырлап қозғала бастайды. Осылайша сәби жатырда жатқан кездің өзінде анасының психологиялық күйіне қарай көңілді, мұңды немесе томаға тұйық мінезді болып өседі» — дейді.
Ананың психологиялық көңіл-күйі (ұрыс керіс, қуаныш т.б.) қан арқылы балаға өтіп тікелей әсер етеді. Егер ана ренжісе немесе бір нәрседен қорықса, ішкі бездерден бөлінетін сөл қанға араласады. Артынша балада да сондай көңіл-күй пайда болады. Аяғы ауыр әйел баспалдақтан шыққанда, темекі тартқанда іштегі сәбидің жүрек соғысы жиілей түседі. Ал анасы шаршағанда қимыл-қозғалысы үдей түседі. Темекі шегетін әйелдер қылмысқа бейімдеу ұрпақ әкеледі.
Бес айлық кезінде жатырдағы баланың есту мүшесі жетіліп, сырттан келген дыбыстарды ажырата бастайды. Осы кезеңде балада өмір бойы қолданатын ми клеткаларының жартысынан көбі пайда болады. Ал жүктіліктің 28-аптасынан бастап іштегі баланың қабылдау қабілеттері артып, тіпті ансы жеген тәттіні сезіп, қуанады екен. Сондай-ақ, жүктілік кезіндегі стресс бала денсаулығындағы кінәраттарға жол ашады.
Жүктілік кезінде ана Құранды көп тыңдап, өзі де дауыстап оқитын болса, баланың жатырда жатып-ақ баланың Құранмен танысуына жол ашылады. Құлшылығын атқарып, дұғасын жасаса, іштегі сәбиімен бірге жалбарынғандай болады. Анасы әрбір әрекетіне мұқияттылық танытып, мұсылмандыққа сай өмір сүрсе, іштегі баласы сол кезде-ақ бақыттылардың қатарына қосылады. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бақытсыз адам анасының құрсағында жатқанда-ақ бақытсыз, бақытты адам анасының құрсағында жатқанда-ақ бақытты» — деген.
Міне, сондықтан жүктілік кезінде ана әрбір ісіне, сөзіне, денсаулығына, көңіл-күйіне баса мән бергені жөн. Жаны сұлу әйелден жаны сұлу ұрпақ туады. Алла әрбірімізге сондай ұрпақ өсіруді нәсіп етсін.