Қонақ күту әдебі
Қонақжайлық – қонағы айтпай қонатын, көршісі айтпай кіретін халқымыздың қанына сіңген дәстүрлік әдебі. Қонаққа үйдің төрін, астың дәмдісін ұсынып, соған бір жасап қалу – ежелден келе жатқан ескі салтымыз. Қонақты ақ жарқын көңілмен жақсылап күту көрегенділік, адамгершілік, азаматтық қана емес, тіпті міндет болған.
Мейман келмейтін үй көңілсіз әрі суық көрінеді. Сол үшін мейман келген үй іші қуанып, түгел аяғынан тік тұрып, қарсы алады, қолынан келсе мал сойып, көрші-қолаңды қонақтың құрметіне шақырады. «Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады» дегендей, қонақ үй иесіне, әсіресе, қазан-ошақ иесі болып табылатын әйел адамға сын. Сондықтан әйелдер, ұят болып жүрмесін деп, барлық дәмді ас-суын қонаққа арнап сақтайды. Көрпе-жастық, ыдыс аяқ, сүлгі-орамалға дейін тәуірін шығарады. «Қонақ аз отырып, көп сынайды», оның өзі кейін ел-жұртқа таралады, кейде кісі бетіне салық болатын әңгімеге айналады деп, қонақ күтуге ерекше мән беріледі.
Қонақ күтудің ережесі:
Жайған дастарханыңыз жинақы, әдемі болсын
Қонақтың мазасын алатын немесе көңіліне келетін әңгімені айтпаңыз.
Өкіндіретін жағдайдың болмауын қадағалаңыз.
Қонақ барда отбасы мүшелерінің өзара не басқа біреулермен сөзге келіп ренжісуіне болмайды.
Тымырайып үндеспеуі, қабақтары қатулы, жүздері түнеріңкі болуы, бала-шағаға ақырып жекірушілік қонақты жақтырмағандық ретінде бағаланып, әдепсіздік, көрегенсіздікке саналады.
Қазақ халқы атам заманнан бері қонақжай халық болған. Қонақты шын көңіліңізбен қабылдап жылы жүзбен шығарып салған. «Мейман – атаңнан да үлкен» дейтін мақал халықтың қонақтың мәртебесі мен оған көрсетілуге тиісті сый құрметке инабаттылық тұрғысынан қарайтынын көрсетеді.
«Құтты қонақ келсе, кой егіз табады» демекші, келген қонақтарыңыздан құт дарып, шаңырақтарыңыздан сыйлы қонақ үзілмесін.