Тәкаппар кедей
Ертеде бір кедей өмір сүреді. Оның аппақ әдемі жылқысы болады. Сол елдің небір бай-сұлтандары жылқының өзінен он есе артық ақша, алтын берем десе де, кісі жылқысын ешкімге сатпайды. «Мұны неғылмақсың? Сатып жағдайыңды түзеп алмайсың ба?» дегендерге кісі жауап қатпайды.
Бір күні жылқы жоғалып кетеді. Жұрттар: «Әне, босқа ұрлап кетті. Тым болмаса сатқаның дұрыс еді» деп кісіні жазғырады. Кісі: «Оның ұрланған ұрланбағаны белгісіз. Мүмкін өзі кетіп қалған шығар. Мүмкін мен үшін қайырлысы осы шығар» дейді де қояды. Барлығы оны есінен адасқан деп күледі.
Арада он бес күн өткенде жылқысы қайта оралады. Жалғыз емес, екі құлынымен келеді. Біраз уақыт өтеді. Құлындары өсіп кісінің жалғыз ұлы оларды мініп жүргенде құлап аяғын сындырып алады. Жұрттар тағы да: «Бұл бие басыңа бәле болды. Одан да жоғалып кеткені дұрыс еді. Енді көрмеймісің, қолғанат болып отырған ұлың майып болды» – дейді.
Кісі оларға: «Олай тым қатты кінәламаңдар. Осылай болғаны дұрыс болар, қайырлысы осы болар» – дейді.
Арада біраз уақыт өткенде елде соғыс басталып жас жігіттердің барлығы сонда шақырылады. Әлгі кісінің баласы жарымжан болған соң ол қалып қояды. Ауыл адамдары: «Сен дұрыс айтыпсың. Балаңның аяғы сынып, қасыңда қалды. Ал біз балаларымыздан айырылып қалдық» – деп кейиді.
Кісі оларға: «Бірнәрсе туралы кесіп-пішіп пікір айту дұрыс емес. Алдағы болатын нәрсені ешкім де білмейді. Барлығы бір Алланың қолында. Сондықтан әрбір болған істі қайырлысы осы болғай деп алдан тек жақсы нәрселерлі күту керек», – деп жауап береді.