Павлодарда VII қысқы Универсиаданың ашылу салтанаты өтті

Аталған іс-шараға 2 мыңға жуық спортшы жиналып, олимпиада алауы жағылды.

Республикалық универсиаданың ашылуы «Астана» мұз сарайында өтті. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов спортшыларды құттықтау барысында павлодарлықтардың қысқы студенттік ойындарының өңірімізде өткізіліп отырғанына қуанышты екенін атап өтті.

 

  • Аймағымызда аталған іс-шараларды өткізу үшін ауқымды жұмыстар жүргізілуде, сонымен қатар спорттық ғимараттар да жеткілікті, — деді облыс әкімі. — Сіздерге зор денсаулық, табыс, амандық және жеңіс тілеймін.

Олимпиада алауын Оңтүстік Кореяда өткен XXIII қысқы Олимпиада ойындарының қатысушысы, шаңғышы Анна Шевченко жақты.

Павлодарда VII қысқы Универсиада 11 наурызда аяқталады. Жарысқа еліміздің 36 жоғарғы оқу орнынан 2000-ға жуық спортшы қатысады. Қысқы Универсиада ойындарының бағдарламасына спорттың тоғыз түрі ұсынылған: шаңғы жарыстары, қысқы президенттік көпсайыс, қысқы спорттық бағдарлау, футзал, қол күресі, гір көтеру спорты, пауэрлифтинг, баскетбол, қазақ күресі. Павлодар облысының намысын жергілікті ЖОО 300 астам студенттері қорғайтын болады.

Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі