Балаларға қуаныш сыйлаған «Мейірімді күн»
Атырау облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы «Жастар қанаты» биылғы жылға көптеген мазмұнды шаралар жоспарлап отыр. Соның бірі жыл басында өткізілген «Мейірімді күн» қайырымдылық акциясы балаларға арналды. Жастар қанаты тобының мүшелері айтулы күнді қаланың сыртындағы табиғат аясында орналасқан «Мекен» демалыс базасында ұйымдастырды.
Шараға «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйімен» қоса қаладағы №3 мүмкіндігі шектеулі балалар мектеп-интернатының тәрбиеленушілері, барлығы 100-ге жуық бала шақырылып, қатысты. Қыстың қолайлы күнінде табиғаттың әсем көріністерін тамашалаған балалар демалыс базасында уақыттарын мазмұнды ойындармен, ән- бимен, пікірлесу сәттерімен көңілді өткізді.
Шара бағдарламасына орай ақ қарда атпен серуендеп, мұз айдынында конькимен сырғанап, сондай-ақ «Жақсы көңіл күй әлемі» аниматорлары дайындаған шоу-бағдарламаларға қатысты. Мұндай бас қосу балаларға қатты ұнады, олар әсерлі сәтті өз ойларымен жеткізіп, жаз айында осында тағы оралсақ деген армандарын да білдірді. «Жастар қанаты» тобы алдағы күндерде де балаларға қуаныш пен мейірім сыйлаудың жаңа бағдарламаларын жүзеге асыратын болады.
Светлана Муньянова