Дөңгелек үстел жолдауды  насихаттауға арналды   

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының мәнін талдау мақсатында Атырау мұнай және газ университетінде «дөңгелек үстел» өтті.

       Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Атырау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ –сі ұйытқы болды.

Алқалы жиында облыс әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова стратегиялық маңызды құжаттың ел дамуына жол ашатын басым бағыттарына тоқталды.

«Елбасы айтқандай, бүгінде көл-көсір мұнай дәуірі аяқталып келеді. Сондықтан, қазір назар аударатын маңызды міндеттердің бірі – агроөнеркәсіп кешенін дамыту. Оған елімізде кеңінен мүмкіндік беріліп жатқанда бізге еңбек өнімділігін арттырып, экспортқа бағытталған тауарларды молынан шығару қажет. Өндірісті жаңғырту жайы да ұмытылмауы тиіс»,- деді Нұрсәуле Сайлауова.

Белгілі болғанындай, аймақта балық және балық өнімдері көлемінің  70 пайызы Ресей, Еуропа елдеріне экспортталады. 150-200 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен егін егіп, өнімдерін шетелге экспорттауда «Дастан», «Агрофеликс» шаруа қожалықтарын зор жұмыс атқаруда. Соңғы уақытта ет өнімдері де ресейлік тұтынушыларын тауып жатыр.

Сондай-ақ, жиында басты инвестиция – адами капиталға ерекше көңіл бөлінді. Білім беру сапасы ұдайы назарда тұруы қажеттігі айтылып, сұранысқа орай кәсіптік білім берудің маңыздылығы да сөз болды.

Бұл бағыттағы университеттегі жұмыстарға тоқталған оқу орнының ректоры Әли Әбішев кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңғыртып, тәжірибе алмасу мақсатында шетелдерден мамандар шақыртылып жатқанын айтты.

Бұдан басқа, жиында Ассамблея мүшелері сөз сөйлеп, Елбасы Жолдауындағы міндеттерді қолдап, оны іске асыруда күш-жігермен еңбек ететіндіктерін ортаға салды.

 

 

     Атырау облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз қызметі