Ата-ананың қадірі

Ата-анасын ешкім таңдап алмайды,
Және оларда «жаман» деген болмайды.
Қыршын кетсе бұл фәниден баласы
Ата-ана үшін бұдан артқан жоқ қайғы.

Әке-шеше тірлік берген балаға,
Ең қымбат жан болып қалмақ санада.
Бауыр еті — баласы үшін сүретін
Олар лайық ең жоғары бағаға.

Атырумен көз ілместен ақ таңды,
Асыраған ол екеуі көп жанды
Міндет қылып көрмейді әсте мұнысын,
Өйткені, олар қаламайды мақтанды.

Шындығында бұл олардың міндеті,
Ұзақ жылдар әдет болған күндегі.
Неге тұрмақ сәби үшін ананың
Шырт ұйқысын төрт бөлгені түндегі?

Бар байлығы жарық көрген ұрпағы,
Саф алтын ғой аналардың құрсағы.
Ата-ананың ойлайтыны көшетті
Соқпағаны тағдыр-дауыл бұршағы.

Әжім басқан ақша беттен нұр тайса,
Бала қамын жеумен жүріп қартайса
Бар баласы жиылып кеп екеуін
Баға алмайды, жем тасыған торғайша.

Тағдыр-талқы осындай ғой білгенге,
Жұмыр жерді басып мынау жүргенде.
Бала біткен ата-ананың қадірін
Біледі өзі осы рольге кіргенде…

Ермек Сахариев