Ата-бабаларымыздан қалған асыл мұра
Ұлы Дала. Ғасырлар бойы ұрпақ өсірген кең-байтақ қазақ жері. Халқымыз оның қадір-қасиетін жақсы түсініп, жоғары бағалаған. Ол тек қана біз емген жер емшегі емес, ол біздің Отанымыз, көне заманнан бері ұрпақ өсірген ата-бабаның мекені. Мен қазақпын деп ешкімнен қымсынбай кең жайлап жүретін қасиетті кеңістік.
Қай заманда болса да қазақ халқы өз жерін қасық қаны қалғанша қорғай білген. Осыған байланысты бір-екі аңыз бен тарихи фактілерді айта кетсек артық болмас. Сонау көне замандардың бірінде қазақ еліне кемеңгер Мәді (Моде) басшы болған деген аңыз бар. Сол аңыз ұрпақтан ұрпаққа айтылып, бүгінгі біздерге жетіп отыр.
Сол басшыға қазақтармен көрші отырған бір елдің патшасы нөкерлерін жіберіп Мәдіден өзінің ең сұлу әйелін және астына мінген тұлпарын беруді талап етеді. Мәді кеңесшілерін жинайды, бөтен елдің басшысының өктем талабын жеткізеді. Кеңесшілері Мәдіге бұлардың талабы бізге көрсеткен қорлық, оны орындауға болмайды, одан да сол елмен соғысқа шығайық деп ақыл айтады. Кемеңгер Мәді біраз ойланып отырып, бір әйелмен бір аттың құнына бола екі ел соғысып, қан төгіскені дұрыс болмас, сұрағанын беріңдер дейді көмекшілеріне.
Осыдан біршама уақыт өткеннен кейін жаңағы көрші елдің өкілдері қайта келіп Мәдіге өз патшаларының қазақтан бір жер телімін талап еткенін жеткізеді. Мәді тағы кеңесшілерін жинайды. Кеңесшілері қазақ жері кең-байтақ, бір пұшпағын берсек одан тарылып қалмас, бергенің дұрыс деп кеңес береді. Кемеңгер Мәді жоқ олай етуге болмайды. Жер мемлекеттігіміздің негізі, аз-көп болсын бөтенге жер беру мемлекеттігімізді жоғалтады. Соғыс ашамыз, ұрысқа дайындалыңдар деп әмір беріп, ата-баба жерінің қадірін білмеген кеңесшілерінің басын алдырады.
Осы аңыз ұрпақтан-ұрпаққа жетіп қазақ халқының өзінің жерін асыл қазына, мұра деп қалай бағалайтынын айқын көрсетіп отыр. Шынын айтсақ бұл аңыз емес, бабалар өсиеті, оны орындауға дайын екендігімізді талай көрсеттік. Кешегі «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» кезінде қазақтың көп жерін жоңғарлар басып алды, бірақ ел есін жинасымен қазақ батырлары ұзаққа созылған соғыс ашып, сол жерлерді тегісімен қайтарып алды. Яғни бабалар өсиетін орындады. Кеше егемендік алған тұсымызда біздердің мекеніміз қазақ жері деген аты болмаса оның басқа елдермен шекарасы айтарлықтай халықаралық шарттармен айқындалмаған еді. Осының арқасында байтақ жатқан жерімізге көз тігіп, иемденгісі келгендері де болды. Оны біздер, егемендіктің замандастары, жақсы білеміз.
Осындай қауіп-қатерді жақсы түсініп Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев барлық көршілермен қазақ елінің шекарасын халықаралық деңгейде ресми құжаттармен бекітуге егемендіктің алғашқы сәтінен бастап-ақ кірісті. Шекара дауы, шекара туралы келіссөздер шым-шытырық қиын, үлкен табандылықты, жан-жақты дайындықты, дипломатиялық шеберлікті талап ететіні тарихтан белгілі.
Елбасы осындай қайраткерлікті, дайындықты көрсете білді және қазақ үшін жер иен дала ғана емес, ол асыл қазына, баға жетпес асыл мұра екенін де көршілерге келіссөз барысында жеткізе білді. Сондықтан да болар, сол кездегі Қытай елінің басшысы Цин Цзямин Назарбаев мырза! Сіздің жүректен шыққан сөзіңізден сіздің халқыңыздың, Сіздің өзіңіздің ата мекендеріңізді қанша қадірлеп, сүйетіндеріңізді сезіп тұрмын. Осы менің басшылық тұсымда екі ел арасындағы шекара мәселесін шешу ісіне кірісейік, деген екен. Міне, осындай шеберлікпен жүргізілген келісімдер арқылы Қазақстан Қытаймен, Ресеймен, басқа да көршілерімен шекара туралы халықаралық дәрежедегі келісімшарттарға қол жеткізді. Осы ресми келісімшарттар Біріккен Ұлттар Ұйымына тапсырылып, тіркелді. Нәтижесінде Қазақстан шекарасы бүгінгі таңда әлемге белгілі, біздің жеріміз туралы қауіп-қатерден сақтандыра алатын өте маңызды құжат. Осы жұмыста үлкен қайраткерлік пен ұлтжандылықты көрсете білген Нұрсұлтан Әбішұлын өз кезегінде бабалар өсиетін орындай алған Ұлт перзенті деп мадақтауымызға негіз бар.
Ал енді ақ білектің күшімен, көк найзаның ұшымен ғана емес, Нұрсұлтан Назарбаев сияқты қайраткеріміздің қарымды ісімен де әлем мойындаған қазақ жері шетелдіктерге саудаланады деген алып-қашты әңгіме, тіпті ешқандай негізі жоқ ақпарат ел ішіне тез тарап, алаңдаушылық білдіргенін көріп отырмыз. Негізі жоқ дейтінім, сонау егемендіктің алғашқы жолдарында «Жер туралы» заң қабылданғаннан бастап оның тарихын мен жақсы білемін. Ол заңда да, 25 жыл ішінде алынған басқа заңдармен ресми құжаттарда да ешуақытта жерді, ауылшаруашылық жерін шетелдіктерге сату мәселесін қараған да, шешім қабылдаған да жоқ. Президент арнайы қадап айтқан «жер ешкімге сатылған емес, сатылып жатқан жоқ, сатылмайды да» деген сөздер жер мәселесіндегі қисынсыз пікірлерге тосқауыл қойып, өрекпігендер сабасына түсуі керек.
Сонымен қатар, 1 шілдеде күшіне енетін жерді пайлану туралы жаңалықтардың мәнін тереңірек түсіне білуіміз керек. Біріншіден, ауылшаруашылық жерлері тек Қазақстан азаматтарына ғана сатылады. Осының маңызы зор. Өйткені, иесі жоқ жерлерді арамшөп басып кеткенін және құнарлылығы төмендеп бара жатқанын баршамыз көріп отырмыз. Осындай жерлерге ие болып, оны шаруашылық айналымына қосуға мемлекет тарапынан ел азаматтарына жақсы мүмкіндік жасалған. Жер сатып алатын болсаң оның құнының жартысын бірден төлейсің, қалған жартысын он жыл ішінде төлесең болғаны.
Тағы бір жақсы мүмкіндік бар. Осыдан 5-6 ай бұрын Парламентте ауылшаруашылық кооперациясы туралы заң қабылданды. Ол заң фермерлер шаруашылығын біріктіріп, мемлекеттік емес, өзін өзі басқаратын, өз табысын мүшелеріне өзі бөлетін өндірістік кооперативтер құруға жол ашты. Бұл бұрынғы колхоз іспеттес, бірақ мемлекеттік жүйеге бағынбайтын, өз жұмысын өзі жобалап іске асыратын ұжымдар. Олар құрылған жағдайда жерге сұраныс көбейетіні сөзсіз. Аталмыш заң олардың да жер сатып алуына жол ашып отыр.
Қазақстан жері ұлан-ғайыр, аз ғана халық оны сатып алып, ие бола алмайды. Сондықтан заң ауылшаруашылық жерлерін өз азаматтарымызға да, шетел азаматтарына да жалға беруді көздеп отыр. Ауылшаруашылық жерлерін жалға беру әлемде кеңінен дамыған шаруашылық тәсілі. Жалға жер алып, оның түсімінен жақсы табыс тауып отырған шаруашылық қожалықтарын мен АҚШ-та, Израильде, Германияда, әлемнің басқа елдерінен де көрдім. Біздің жеріміз көп, ол текке жатпай тіпті, шетелдіктерге айтылған мерзімге жалға беріліп, ол ел игілігіне жұмыс істесе бұны неге қолдамасқа. Біздің ата-бабаларымыздың өсиетінде жерді бедірейтіп текке сақта деген жоқ. Қайта оны барынша пайдаланып, ел тұрмысын жақсартуы керек деген аманат бар. Жалға беру ісі, оның мерзімі, дұрыс пайдалану тетіктері, қайта мемлекетке қайтару тәртібі, барлығы толық заңдастырылған. Қорыта айтсақ, Қазақстанның ауылшаруашылық жерлерін экономикалық дамудың сүбелі факторына айналдырудың кезеңі келді. Алдымызда белсенді жұмыс күтіп тұр. Іске сәт, ағайындар!
Кенжеғали САҒАДИЕВ,
академик