Ескерілмеген ерліктер, еленбеген ерлер: Ұланын ұлықтаған да ұлылық
Қазақтың қаһармандығы қай қырғында да қалмаған!
Аты исі қазаққа мәшһүр болған ғалым Манаш Қозыбаев ағамыздың Ілияс Қозыбаевпен бірігіп жазған, жалпы білім беретін орта мектептің 10-сыныбына арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында мынадай жолдар бар: «…ал Орал өңірінің жас офицерлері К.Мәденов пен Р.Қараманов 1008-атқыштар полкінің туын Берлин Ратушасының төбесіне тікті…» (Алматы, 1993, 203-бет).
Томағасын сыпырған тастүлек
Рақметолла Естебайұлы Қараманов 1909 жылы есімі Жем-Атырау өңіріне кеңінен таныс болған белгілі би, атақты Дәден бидің шәкірті, Мәтжан сынды билердің замандасы Естебай би Елемесұлының жанұясында, қасиетті Жылой жерінде дүниеге келді. Оның туған жерін ескіше «Жем-Атырау болысындағы 13-ші ауыл” деп атаушы еді. Рақметолла 1923-1929 жылдары сонау Ойылдағы мектепте оқып, алты сынып көлемінде білім алып шығады. Жас жігіт өзінің еңбек жолын осы 1929 жылы бастауыш мектептің мұғалімі болып бастады. Аталмыш жұмыста 1931 жылға дейін болған ол сонымен бірге үлкендердің арасында сауатсыздықты жою ісіне де үлкен үлес қосты. Бұдан кейін Рақметолла әскер қатарына шақырылып, 1937 жылға дейін әскери қызметте болды. Тоғыз айлық полк мектебін бітіріп, кіші командир атанған Р. Қараманов 1935-1937 жылдары КСРО-ның Моңғолиядағы сауда өкілдігінің бақылаушысы болып, жұмыс жасайды. Осы жылдардың фотосуреттері балаларының қолында бар. 1937 жылы әскери қызметтен босаған ол туған жеріне оралып, 1942 жылға шейін Жылой аудандық қаржы бөлімінде аға инспектор болды.
Майдандағы мехнат
Рақметолланың бұдан кейінгі төрт жылы тағы да әскер қатарында өтті. 1942 жылдың маусым айында Ұлы Отан соғысының майданына шақырылған Р.Қараманов 1943 жылдың ақпан айына дейін Оңтүстік-Батыс майданда атты әскердің қылышкерлер взводында командир санатында ерлікпен шайқасты. Осындай бір шайқаста ауыр жараланған жас командир мамыр айына дейінгі уақытта Тарасовка қаласындағы госпитальда емделеді. Қайтадан жауынгерлік сапқа тұрған Рақметолланы енді майдан талабына орай жаяу әскерлер қатарына қосады да, оны 4-Украин майданындағы атқыштар ротасының старшинасы етіп тағайындайды. 03 copy
1943 жылдың қазан айында батальондық партиялық ұйымдастырушылардың үш айлық курсына жіберіледі. Оның бұдан кейінгі өмірі 1944 жылдың қаңтар айынан бастап 1946 жылдың сәуір айына дейінгі аралықта алғашқыда 3-Украина майданының, кейін 1-Беларусь майданының құрамында ерлік күрес жүргізген 266-атқыштар дивизиясының 1008-полкындағы 2-батальонның өмірімен біте қайнасты. Алғашқысында ол осы батальонның взвод командирі болып тағайындалған-ды. Ал, 1943 жылғы қазан айындағы бір ұрыста батальонның партиялық ұйымдастырушысы қаза болады да, енді Рақаң осы батальонның партиялық ұйымдастырушысы болып тағайындалады.
1944 жылы Қызыл тулы Запорожье дивизиясы атанған атқыштар дивизиясының Одердегі ерлігі сол заманның ұлы қолбасшысы, маршал Г.К. Жуковтың «Естеліктер мен ойлар» кітабында ерекше атап көрсетілген болатын.
Осы Одердегі ұрыста көрсеткен ерен ерлігі үшін Жылой батыры І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды. Айтпақшы, бұл жерде оның жоғарыда маршал көрсеткен қырғыз перзенті, батыр майдангер Құлинұр Үсенбековпен дос болғандығын атап өткен дұрыс.
Батырлығын бағалауды байыптаған
Полк командирі Царевтің аса құнды ұсыныс-хатында оның «266-шы атқыштар дивизия-сына қарасты 1008-ші полктағы атқыштар батальонының партиялық ұйымдастырушысы» екендігі, Қазақ КСР-інде 1909 жылы туғандығы, ұлтының қазақ екендігі, БК(б)П-ның мүшесі екендігі, майданға Жылой әскери комиссариатының шақырғандығы, Қызыл Әскер қатарында 1942 жылдың желтоқсанынан бері жүргендігі, Отан қорғау шайқастарына 1943 жылдың 1 қаңтарынан бастап қатынасып келетіндігі, 1943 жылғы 10 ақпанда жеңіл жараланғандығы, бұған дейін КСРО-ның Қызыл Жұлдыз, бірінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталғандығы жазылыпты. Ең бастысы және маңыздысы сол — бізді қуантқан құжаттың басында және соңында тайға таңба басқандай етіп, «Ленин ордені мен Алтын жұлдыз медалі қоса тапсырылатын ретпен Кеңес Одағының Батыры атағын беруге ұсынылады», «Ленин ордені мен Алтын жұлдыз медалі қоса тапсырылатын ретпен Кеңес Одағының Батыры атағын беруге» толық лайық» деп жазылыпты. Полк командирі подполковник Царевтің адалдығына шын риза боласың.
Міне, осы бүгін біз әңгімелеп отырған құнды құжат батырдың бірінші ерлігі былайша баяндалыпты: «Қараманов жолдас 1945 жылғы 17 сәуірде Ной-Харденберг селосының тұсында Альти-Одер өзенінен шабуылмен өту кезінде жауынгерлік тапсырманы жеке құрамға нақты түсіндіре отырып, батальонды тіке шабуылға көтерді және аса шапшаң қимылмен дұшпанды алдыңғы жақтағы әскери орларынан түре қуып шықты. Өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, дұшпанның нөсерлете жаудырған оғының астымен жер бауырлай жылжи отырып, ДЗОТ-қа жетті де, оған бірнеше гранатасын лақтырды, оның ішіндегі тоғыз неміс солдатының көзін жойды, сөйтіп, батальонның одан әрі табысты шабуыл өрбітуін қамтамасыз етті».
Ал Р.Қарамановтың келесі бір қаһармандығы былайша суреттеліпті: «1945 жылғы 23 сәуірде Берлин қаласына жасалған тіке шабуыл кезінде жау оқшашардың оғының және фауст патронның көмегімен ротаның жылжуын тоқтатқан ұрыстың қиын сәтінде Қараманов жолдас жеке өзі фауст патронмен дұшпан бекінген үйдің қабырғасын жарып жіберді, сол арқылы оған кіріп барды да, граната лақтырып, жеті неміс солдатын құртып, он бесін тұтқынға алды».
Марапатқа ұсыну құжатындағы үшінші ерлік іс те оны оқушыны бей-жай қалдырмасы анық. «1945 жылғы 26 сәуірде ротаны жауынгерлік жағдайға келтіре отырып, бір топ жауынгерлермен бірге неміс автоматшылары орналасқан үйге басып кірді және тең емес ұрыста немістің он жеті солдатын жер құштырды. Оның батальоны жауынгерлік тапсырмаларды үлгілі орындап келеді», — деп жазыпты подполковник Царев.
Берлинді алған батырлардың бірі
Ең ақырғы, шешуші шайқасқа батальон командирі мен партиялық ұйымдастырушы жауынгерлерді жан-жақты дайындады. Ол кезде әсіресе үгіт пен насихат мәселесіне жете мән беретін-ді. Н. Бобылев пен Р.Қараманов та қапысыз әзірленді.
«Ратушаға шабуылға біздің батальон және Алексеев бастаған 1-батальон әзірленді… Таңертеңгі сағат 7-де артиллерия Ратушаға оқ атты, танктерге еріп біз де шабуылға шықтық… Екі сағатқа созылған көше ұрысынан кейін батальонның екінші ротасы Ратушаға лап қойды, бірінші болып төменгі этажға Мәденовтің взводы енді. Полктың 1-батальоны да көше беттен шабуылға шықты. Біздің батальонның жауынгерлері түгелге дерлік ішке еніп, бірінші этажды босаттық. Әр бөлме, бұрыш үшін қызу ұрыс жүрді… Комбат Бобылев екеуіміз бірнеше солдатпен бір бөлмеге ене бергенімізде іштен немістер оқ жаудырып, дүрсе қоя берді. Менің ординарецім жараланды. Комбаттың бір құлағын оқ жұлып кетті. Бобылев оған қарамастан қарсы келген неміс офицерін жағасынан алып, жерге басып жатты, біз қалғандарын жайғастырдық. Бұл мекемені қорғаушылар СС армиясының таңдаулы бөлімдері екен. Қатты қарсыласты… Ратушада бір генерал, үш полковник және басқа көптеген офицерлер қолға түсті. Ратушаға ту тігілді…», — деп еске алды 1970 жылы отставкадағы гвардия аға лейтенанты Қараманов.
Міне, ғалым-тарихшы М.Қозыбаев сүйсіне жазып жүрген тамаша ерлік осылай жасалып еді. Аталмыш батырлығы үшін Рақметолла 10 мамыр күні Қызыл Ту орденін алды.
Бейбіт өмірдің де қаһарманы болып еді
1946 жылы әскерден босаған майдангер Р.Қараманов туған жері — Жылой ауданына оралып, абыроймен еңбек етті. 1954 жылы ауыл шаруашылығын көтеруге жіберілген отыз мыңшылардың қатарында Сталин атындағы ұжымшарға жіберіліп, оның алға шығуын мүмкін етті. Жылой, Есбол, Мақат аудандық қаржы бөлімдерінің бастығы, жоспарлау комиссиясының төрағасы, ірі шаруашылықтың кемел басшысы болған Рақметолла Қараманов өмірінің ақырына дейін халық құрметіне бөленіп өтті. Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Ол 1986 жылы қайтыс болды. Бүгінде қала атанған Құлсарыда оның атын алған көше бар, жыл сайын осы ауданда оның атындағы спорт турнирі үзбей өтіп келеді.
Рақметолла Қараманов өнегелі әулеттің де басшысы болып еді. Жары, шөберелерін көріп кеткен Сұлтанқызы Секер апамызбен бірге Мұрат, Жалғас, Темір, Еркін, Кенжеғали, Мақсат атты арыстай алты ұлды тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда оны осылардан өрбіген немере-шөберелер де зор мақтаныш тұтады. Рақаң ондай мақтанышқа толығымен лайық азамат, тарихи тұлға!
***
Осындай батырлық көрсеткен азаматымыз әлі күнге шейін Ресейдің тарапынан лайықты бағаланбай келеді. Ендеше, оны өзіміз неге дербес республикалық «Халық қаһарманы» атағымен марапаттамасқа?! 2004 жылға дейін асқан ерлік істері еленбей келген жауынгер апамыз Хиуаз Доспановаға Елбасымыз Н. Назарбаевтың Жарлығымен осындай ең жоғары ерекше атақ беріліп, бүкіл халқымыз зор қуанышқа кенелмеп пе еді?! Мұндайын тамаша абзал істің тағы бір реті келіп тұрғандай. Сонда тағы да тарихи әділеттілік салтанат құрар еді! Лайым, солай болсыншы!!!
Аманғали Әміржанұлы,
ҚР Мәдениет қайраткері, Атырау қаласы