Поляк сенаторы Қазақстанда
Бүгін Польша Республикасы Сенатының төрағасы Станислав Карчевский Елбасы Н.Назарбаевпен және қазақстандық әріптесі Қасымжомарт Тоқаевпен жүздесті. Ақорданың ресми сайтының хабарлауынша, поляк сенаторының Елбасымен кездесуінде Қазақстан мен Польшаның экономика және инвестиция салаларындағы ынтымақтастығы, сондай-ақ парламентаралық өзара іс-қимылдың перспективалары талқыланды.
ҚР Президенті қонаққа екі ел арасындағы өзара ынтымақтастықтың бір жолға түскенін айта келе:
-Біз Польшада атқарылып жатқан істерге зор құрметпен қараймыз. Сіздің ел Еуропадағы даму қарқыны жөнінен көшбасшы елдің бірі болып саналады. Біз Варшавамен жақын саяси қарым-қатынаста болғымыз келеді, – деді. Ал, С.Карчевский екіжақты ынтымақтастықты дамытуда ерекше үлесі үшін Елбасына алғысын білдіріп, оның Варшаваға сапарын поляктардың мемлекет басшысы А.Дуданың күтіп жүргенін ескертіп, арқасынан қақты.
ҚР Сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаевпен жүздесуінде де польшалық қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықты талқылап, маңызды халықаралық мәселелер жөнінде де пікір алмасты. Келіссөз барысында Қ.Тоқаев:
-«Польша Шығыс Еуропадағы ең дамыған елдердің бірі, бұл мемлекеттің әлеуеті өте жоғары, сондықтан Қазақстан үшін бұл елмен ынтымақтастықты одан әрі дамыту тиімді. Елбасы бұл мемлекетпен екіжақты қарым-қатынасты тереңдету үшін көп еңбек етті. Ал, қазір біз осы саладағы жұмысты жалғастырып отырмыз», — десе, С.Карчевский де Қазақстанды мақтаудан қалыс қалмады. Реті келгенде Польша мемлекетінің Қазақстанды стратегиялық әріптесі санайтынын баса айтып, саяси, экономика, сауда және инвестиция салаларындағы өзара іс-қимылды ілгерілетуге ниетті екенін жеткізді. Сондай-ақ, шетелдік қонақтың жалғыз еместігін, Польша сенаторлары, билік өкілдері, журналистерімен бірге жүргенін айта кеткен жөн. Олар алда Жамбыл, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарына қонаққа баруды жоспарлап отыр.
«ЕлАна»