Жазушылар Одағының жаңа төрағасы туралы қысқаша мәлімет
Ұлықбек Оразбайұлы Есдәулет — қазақтың ақыны, журналист. 1954 жылы 29 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Үлкен Қаратал ауылында дүниеге келген.
С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін (1977) журналист мамандығы бойынша, М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары әдеби курстардың поэзия бөлімін (Мәскеу қаласы, 1985) әдебиетші мамандығы бойынша бітірген. Гуманитарлық ғылымдар академиясының құрметті академигі (2004 жылдан). Қазақстан журналистика академиясының толық академик-мүшесі.
М. Әуезов атындағы Семей университетінің құрметті профессоры (2007 жылдан). «Қанат қақты» (1974), «Жұлдызжарығы» (1977), «Аптайдың алтынтамыры» (1979), «Ұлыстың ұлы күні» (1982), «Ақ керуен» (1985), «Жаратылыс» (1989), «Жүректегі жарылыстар» (1995), «Алтай асулары» (1988), «Заман-ай» (1999), «Киіз кітап» (2001) кітаптарының; «Ахиллестің өкшесі» өлеңдер жинағының (2003); қазақ тіліндегі 5 томдық шығармалар жинағының (2006), «Ынтық зар» (2009), «Әбілхаят» (2009) авторы. «Семей-Невада» қозғалысының әнұраны «Заман-ай» әні сөздерінің авторы. Ақынның шығармалары шет телдеріне аударылған.
Үнді, түрік, фин, африка, алжир, украин, әзірбайжан, қырғыз, абхаз, монғол, саха-якут және басқа халықтардың ақындарының өлеңдерін; сондай-ақ М.Лермонтовтың, А.Блоктың, Д.Кедриннің, Н.Рубцовтың және т.б. бірқата шығармаларын қазақ тіліне аударған. Қазақ, орыс және түрік тілдерін біледі. 1971 жылдан — Шығыс Қазақстан облыстық газетінің корректоры. 1977 жылдан — республикалық «Қазақстан пионері» газетінің бөлім меңгерушісі.
1979 жылдан — «Жазушы» баспасының редакторы (Алматы қаласы). 1985 жылдан – Қазақ телевизиясы жастар редакциясының редакторы. 1986 жылдан — «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясы сын бөлімінің тілшісі. 1988 жылдан — Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы.
1991 жылдан — «Жас Қазақ» газетінің бас редакторы. 1993 жылдан — ҚР Сыртқы істер министрлігінде бөлім меңгерушісі. 1997 жылдан – ҚР Қоғамдық келісім, ақпарат және мәдениет министрлігінің бөлім меңгерушісі. 2000 жылдан — ҚР Премьер-министрінің Кеңсесінде мәдениет секторының меңгерушісі. 2002 жылдан — «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясының бас редакторы. 2008 жылдан бері — «Жұлдыз» әдеби журналының бас редакторы. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы. Мемлекеттік сыйлықты тағайындау жөніндегі ҚР Мемлекеттік комиссиясының, Ескерткіштер мен монументтер жөніндегі Мемлекеттік комиссиясының, Түркі әлемінің әдеби журналдары конгресінің Тұрақты кеңесінің мүшесі.«Ақбар» бильярд клубының мүшесі.
«Құрмет» орденімен (2001); «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Астананың 10 жылдығы» (2008) медальдарымен марапатталған. Қазақстан Ленин комсомолы (1986), «Жігер» шығармашыл жастар байқауларының (1979), түркі тілдес елдер поэзиясы байқауының (1995), халықаралық «Алаш» (2000), ҚР Мемлекеттік сыйлықтарының (2003) лауреаты. Ресейдің Алтын Есенин медалінің кавалері (2007). «Қара пима» поэмасы «Жалын» республикалық (жабық) әдеби сайысының жеңімпазы атанған (1982). «Мүшайра»ақындар сайыстарының бірнеше мәрте жеңімпазы.