Даниал Ахметов: Су тасқынына табиғат емес, өз міндеттеріне салғырт қараған кей лауазымды тұлғалар кінәлі.
ШҚО әкімі Даниал Ахметов Өскемен қаласының су басқан аудандарында болып, табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындармен кездесті деп хабарлайды Altaynews.kz-ке сілтеме жасаған NUR.KZ.
Естеріңізге салайық, облыс орталығында екі күн бойы толассыз жауған қар аралас жаңбырдың салдарынан қаланың бірқатар ауданы мен көшелерін су басып, төтенше жағдай қалыптасқан болатын. Апаттан Красин кентіндегі Кожедуб және Пушкин көшелері бойында орналасқан төрт үйдің тұрғындары зардап шекті.
Жергілікті тұрғындардың бірі Андрей Татарченконың мәлімдеуінше, мұндай жағдайдың орын алуына осы маңдағы арық арнасының жөнді әрі уақтылы тазаланбауы себепші болған.
Нәтижесінде арық суы арнасынан асып, іргедегі аулалар 40 сантиметрлік су астында қалған.
Апатты жою мақсатында оқиға орнына төтенше жағдай департаментінің мамандары мен техникасы жұмылдырылып, жексенбі күні түннің бір уақытына дейін жүргізілген жұмыстардың арқасында аулалар судан тазартылды.
Дәл осындай жағдай Аблакетка ықшамауданында да қалыптасқан. Бірақ бұл жердегі екі ауланы басқан тереңдігі 80 сантиметрлік суды жою іс-шаралары әлі де жалғасуда.
Қажетті жұмыстар жүргізіліп жатқанына қарамастан, оқиға орнына барған облыс әкімі Даниал Ахметов төтенше жағдайлар департаменті мен қала әкімдігінің жұмысын қатаң сынға алды.
«Сіздер бір арықтың сумен бір тәулік бойы алыстыңыздар. Айналдырған төрт үйдің проблемасын осыншама ұзақ уақыт шеше алмауларыңыз ақылға симайды. Бұл — барып тұрған масқара ғой. Былтыр сіздерге қомақты қаражат бөліп, мұндай жағдайда қажетті болатын техника алуға көмектескенбіз. Сол техника қайда, неге пайдаланбайсыздар? Жалпы, мұндай ахуалдың қалыптасуына, табиғат емес, өз міндеттеріне салғырт қараған кей лауазымды тұлғалар кінәлі, — деді әкім.