«Аймақтағы әкімдіктер тасқынның алдын алудың орнына оның салдарымен күресіп жүреді»
Өздеріңіз білесіздер, қазір Алматы және Шығыс Қазақстан облысында су тасқыны біраз елді мекенді шайып кетті. Ия, қазір қар мен мұз еритін кез. Сәйкесінше, өзендер арнасынан шығып, тасиды. Бірақ бұл жыл сайын болатын жайт. Табиғаттың тосын сыйы емес, қайталап айтамын, әр көктемде болады.
Мені таң қалдыратыны – осыны білсе де, аймақтағы әкімдіктер тасқынның алдын алудың орнына оның салдарымен күресіп жүреді. Қай өзен таситынын жобалап біледі, арнасынан шықса, қай бағытта жайылатыны да жергілікті мамандарға мәлім. Бірақ біле тұра, ағып кететін арна даярлап, елді-мекендердегі арықты тазалап, мұз жарудың орнына, бар күшті су астында қалған халықты құтқаруға жұмсайды. Соңынан алдын алу шарасын жасамаған әкім аяғына резіңке етік киіп, су кешіп жүрсе, жұрт оны Фейсбукте жатып келіп мақтайды. Бұл қалай? Себебімен емес, салдарымен күресетін әкімді не үшін мақтайсыздар? Кабинетінен шығып, аяғына резіңке етік кигені үшін ғана ма? Түсінбеймін!