Кэри Хироюки Тагава: Жапон-қазақ бір туған батыр халық

Киноларын кішкентайымыздан көріп өскен Кэри-Хироюки Тагавамен емен-жарқын отырып әңгімелесу былай тұрсын, кездесудің өзі ойыма кіріп-шықпапты. Осы жолы Шығыс Қазақстан туралы деректі фильм түсіруге келген бір топ голливудтық актерлердің ішіндегі ақсақалы — Кэри-Хироюки Тагавамен әңгімелестім. Қарсы алдымда отырған аудармашы Әлия Бақытбекке «дайынсыз ба?» дегендей бір қарап, сұрақтарымды қоя бастадым.

— Киелі Шығыс Қазақстанға қош келдіңіз! Жеріміз ұнап жатыр ма?
— Құшақ жая қарсы алып жатқандарыңызға рақмет! Қазақстанның Шығысына алғаш рет келдім. Қыс кезі болғандықтан өңірлеріңізді толық аралай алғамыз жоқ. Бірақ Өскеменнің маңындағы Нұртау шаңғы базасында болып қайттық. Ғажап жер екен. Өзім шаңғы теппесем де Марк Дакаскос пен Бай Лин таудан сырғанап мәз болды. Кешкілік облыс әкімі Даниал Ахметов музейге апарып, қазақ халқының салт-дәстүрлерімен, әдет-ғұрыптарымен таныстырды. Ұлттық тағамдарыңыздан дәм таттық. Алдағы күндері Шығыс Қазақстандағы киелі орындарға арнайы барып, бастаған фильмнің жалғасын түсіреміз.
— Қазақ десе көз алдыңызға кімдер елестейді?
— GGG. Геннадий Головкинді жақсы білемін. Жанкүйерімін. Содан кейін «Ұлытау» тобының күйлерін сүйіп тыңдаймын. Жаныма жақын. Әуендерінде жауынгерлік рух бар. Қазақ болып туғандарыңызға мақтаныңыздар.
— Бір сұхбатыңызда «Қазақстанның азаматтығын» аламын деп қалдыңыз.
— Білесіз бе, жапон-қазақ бір туған текті халық, батыр халық. Осыны ешқашан естеріңізден шығармаңыздар. Мен де қазақтар сияқты көшпендімін. Шыны керек, көшіп жүргенді жақсы көремін. Сондықтан келешекте азаматтық алуым әбден мүмкін.
— Сонда Голливудты тастап Қазақстанға көшіп келуіңіз де мүмкін ғой.
— Голливудтың менің өмірімдегі алар орны ерекше. Айтайын дегенім, Голливудтағы алға қойған мақсаттарыма жеттім. Адам белгілеген бір межеде тоқтап қалмай үнемі алға ұмтылуы керек. Тағы да айтайын, мен көшпенді жауынгермін. Көшпенді халыққа бір орында тұрақтау жараспайды. Сондықтан үнемі ізденіс үстіндемін. Ал Қазақстанға көшіп келуім уақыт еншісінде. Қазақтың жері маған жат емес. Түркі халықтары, оның ішінде кәрістер де, жапондар «біздің ата-бабаларымыз Алтайдан тараған» деп жатады. Мен мұны жерлестерімнен бұрын түсінгенмін. Қазірде Жапонияда бұрынғы жапон және бүгінгі жапон деген ұғым қалыптасты. Бүгінгі жапон бұрынғысын ұмытып, заманауи жапон болуға тырысады. Бұл ұлт үшін қауіпті. Оның бір себебі — атом бомбасының зардаптары болса керек.
— Атом бомбасы деп қалдыңыз, біздің ел де ядролық сынақ полигонынан зардап шеккенімізді білесіз бе?
— Әрине. Осы жағынан да тағдырлас халықпыз. Осы тұста айта кетерлігі Сіздердің Президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарудан бас тартып үлкен іс тындырды. Сондай-ақ қазақ пен жапон халқы рухының мықтылығы арқасында атомның әсерінен аман қалды. Қазақ пен жапонның мықтылығы ғой. Мен де жапон замандастарыма жауынгерлік рухты жоғары ұстау керектігін айтып жүремін. Біз батысқа еліктемеуіміз керек. Біз үшін адамдарды құрметтеу мен сыйластық бірінші орында. Ал Батыстың ойында атақ пен ақша ғана. Біз болсақ, ешқашанда ақшаны алдыңғы орынға қоймаймыз.
— Жалпы жапондармен тағдырлас, рухтас қазақ халқы барын қашаннан білесіз?
— 2002 жылдан бері білемін.
— Сізге облысымыздың әкімі Даниал Ахметов Абайдың үш тілде басылған кітабын тарту етті. Абай туралы ше, бұған дейін білуші ме едіңіз?
— Абай — ұлы тұлға екен. Шыны керек, Абайды білмеппін. Әкім сыйлаған Абайдың кітабын міндетті түрде оқимын. Осы бір-екі күн ішінде қазақ тарихының тамыры тереңде жатқанын байқадым. Мәдениеттеріңіз бен салт-дәстүрлеріңіз де өте бай екені көрініп тұр.
— Арнольд Шварценеггер, Жан-Клод Ван Дамм сияқты әріптестеріңізбен араласып тұрасыз ба?
— Мен актерлерді ұнатпаймын. Маған шынайы адамдар ұнайды. Қарапайым, өздерің сияқты адамдармен кездесіп, әңгімелесу ұнайды. Мен үшін атақты болу емес, адам болу маңызды.
— Шығыс Қазақстан туралы деректі фильм туризмді дамыту мақсатында түсірмексіздер? Туризмнің дамуына фильмнің әсері қалай болар екен?
— Туризмі дамыған елдерде адами қасиеттер аз. Өмірімде мен осыны байқадым. Мысалы Лас-Вегас пен Сан-Франсиско. Туризмі дамыған ел болғанымен адамгершілігі төмен. Сіздерге айтарым, мынандай керемет табиғатты ақшаға айырбастамасаңыздар. Сөз жоқ, тамаша табиғатты көрсету керек, туристерді шақыру керек, бірақ соны сақтауды ұмытып кетпейік.
— Әңгімеңізге алғыс білдіреміз!

Сұхбаттасқан — Мерей Қайнарұлы