Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін 9 күн бойы тойламақ

Жамбылдықтар Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін 9 күн бойы тойлайды. Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінің баспасөз қызметі өткізген алғашқы баспасөз мәслихатында айтылды. Мейрам аясында әулиеаталықтар түрлі мәдени-спорттық шаралардың куәсі болады.

Мәні мен мағынасы бөлек мерекені атап өту жоспарын облыс әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі  Біржан Сөктай таныстырды. Өңірде Ұлыс күнін тойлау 14-наурыз, яғни ертең басталады. Бұл күні облыс әкімдігіне қарасты мекемелерде, білім мен мәдениет ұйымдарында түрлі қойылымдар ұйымдастырылады. Ал 15- наурыз – «Мейірім күні» аталып, қайырымдылық шаралары өткізіледі. 16 наурыз – «Тағзым күні» болмақ. Мешіттерде арнайы құран бағыштау рәсімдері, ескерткіштерге гүл шоқтарын қою, еске алу шаралары өтеді. 17-наурызға белгіленген «Алас күні» жалпыхалықтық сенбілікке ұласады. Жамбылдық жұртшылық 18 наурыз – «Наурыз шашу» күні ақындар айтысы мен конкурстарды тамашалап, жәрмеңкеге қатыса алады. Ал, 19- наурыз – «Ынтымақ күні» аймақтағы этномәдени орталықтар мен этнос өкілдері мерекелік концерттер, салт-дәстүрлерді насихаттауға бағытталған көрсетілімдер мен «Достық фестивальін» ұйымдастырады. 20 наурыз – «Шаттық күні». «Жаңа жыл келді жадырап» деген айдармен жасөспірім балалардың  сурет салу байқаулары, концерттік бағдарламалар болады. 21 наурыз – «Үйлесім күні». Кеш бата 22-сі күнгі таңды қарсы алу үшін орталық алаңға жастар жиналып, «Селтеткізер, «Ұйқыашар» дәстүрлерін жаңғыртып, бір-біріне  сыйлық тапсырады.

Негізгі іс-шаралар 21-22 наурыз – «Ұлыс күніне» белгіленген. Әулиеаталықтар «наурыз көжеден» дәм татып, үздік киіз үй байқауы, театрландырылған көріністер, мерекелік концерттерді тамашалайды.

 

Дереккөз: zhambylnews.kz