Шеберлік сабағын өткізді
Әлемге әйгілі «ХасСақ» этно-фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі Ержан Жәменкеев пен Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының ұлт аспаптар оркестрінің дережоры Абылай Тілепбергенов жақында Павлодар қаласына келді. Елімізге белгілі күйшілер өңірімізде үш күндей болып, Павлодар музыкалық колледж студенттеріне арнап шеберлік сабағын өткізді.
Колледж директоры Серік Сыздықовтың сөзінше, бізде кейбір этнографиялық-фольклорлық аспаптарды халық біле бермейді. Тіпті осы салада оқитын студенттердің өзі ұлт аспаптарының санаулы түрін ғана біледі. Ал, бұл жолғы шеберлік сабағының мақсаты — біздің өңірде әлі жарыққа шыға қоймаған көне аспаптарды студенттерге көрсету.
— Қазіргі таңда әр жерде неше түрлі ансамбльдер мен оркестрлер құрылып жатыр ғой. Сондықтан, бірінші күнгі сабағымызды ансамбльмен және оркестрмен жұмыс істеу тақырыбына арнадық. Яғни, қазақ ұлттық аспаптарынан құрылған осындай шығармашылық ұжымдар қалай болу керек? Әсіресе, жаңа құрылған топтар өздерінің ұлттық нақыштарын, ұлттық бояуларын қалай сақтауы керек? Міне, осы секілді мәселелерді түсіндіруге тырыстық. Сонымен қатар, аспаптардың тарихымен таныстырдық, — дейді Ержан Жәменкеев.
Алатаудың баурайынан арнайы ат терлетіп келген ұлттық өнер өкілдері домбырамен жекелей және топпен жұмыс жасау жөнінде өз тәжірибелерімен де бөлісті. Сонымен қоса, бүгінгі күнге дейін көп жарыққа шыға қоймаған кейбір ұлттық аспаптарды ойнап көрсетті.
— Кейбір күйлерді тек домбырамен ғана емес, қобызбен, фортепианомен бірге орындайды. Оның әртүрлі техникалық әдіс-тәсілдері және стильдік ерекшеліктері бар. Емтихан алу кезінде осының бәрі ескеріледі. Одан бөлек өзіміз тартып көрсеткен күйлердің шығу тарихынан мағлұмат бердік. Себебі, күйші күйді орындамас бұрын ол шығарманың тарихын біліп, табиғи ерекшелігін бойына сіңіруі қажет. Шығарма сонда ғана сәтті шығады, тыңдармандары да жақсы қабылдайды. Жалпы, Павлодар музыкалық колледжінде болашағынан үміт күттіретін жас домбырашылар бар екен. Біздің айтқан ақыл-кеңестеріміз бен кейбір ескертулерді бірден қабыл алып, нәтиже шығаруы – соның дәлелі. Алдағы уақытта осы оқу орынмен жиі байланыс жасап, тәжірибе алмасып тұруға дайынбыз, — дейді ұлт аспаптар оркестрінің дережоры Абылай Тілепбергенов.
Данияр ЖАҚСЫБАЕВ: Павлодар музыкалық колледжі қазақ ұлт аспаптар бөлімінің студенті:
— Екі күнгі шеберлік сабағы барысында бұрын-соңды өзімізден байқамаған көп кемшіліктерімізді түзеттік. Әсіресе, оркестрге дережерлық жасау және ансамбль құрамында өнер көрсету бойынша мол тәжірибе алдық. Соңғы күні жеке орындаушылық өнерімізді шыңдадық. Ағаларымыздың сөзінше, бір күйді үйрену үшін оны алдымен бірнеше мәрте тыңдап құлаққа сіңіру керек екен. Содан кейін сол шығарманың шығу тарихын білу аса маңызды. Сонымен қатар, бұған жарыққа шыға қоймаған кейбір көне ұлттық аспаптармен таныстық. Осындай мүмкіндік берген колледж басшылығына және алыстан арнайы келген өнерпаз ағаларымызға алғысымыз шексіз.
Тілеуберді САХАБА