Жеңіс СЕЙДОЛЛАҰЛЫ: «Біздің толқын мен қазіргі жастардың айырмасы – жер мен көктей»

Бүгін қазақтың маңдайалды музыканттары мен әнші, биші, күйшілерін ел-жұртқа танымал еткен әйгілі «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында баспасөз маслихаты өтті. Күні кеше өнер ордасының тізгінін ұстаған белгілі әнші Жеңіс Сейдоллаұлы Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған бұл жиынның аса маңызды екенін баса айтты. Ол өз сөзінде:

-Осындай зәулім ғимараттың ішінде қандай ғажап дүниелердің дайындалып жатқанын халық журналистер қауымы арқылы кеңінен біле алады. Сондықтан, бүгінгі жиынның біз үшін мәні зор. Біздің ұжымның атқарып жатқан жұмыстарын, алдағы жоспарларын халыққа ұсынатын сіздерге алғысымыз шексіз,-дей келе, елордасы Астананың 20 жылдығы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өтетін «Astana Musical» театрының гастрольдік сапары жайында баяндады. Жаңа басшының сөзіне сүйенсек, аталмыш мюзикл театры 23-27 наурыз аралығында ару қала Алматының тұрғындарына өздерінің алғашқы қойылымдары «Достар серті», тұңғыш рет қазақ тілінде үн қатқан «Ромео мен Джульетта», еуропаның 5 ірі мемлекетінің астаналарында қойылған «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклін, сондай-ақ, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев шығармаларына негізделген «Жырлайды жүрек» музыкалық-поэтикалық спектаклін ұсынбақ.

«Ұшам деген қанатқа дүние кең» демекші, Ж.Сейдоллаұлы дәл қазір өнерлі жастардың өсіп шығуына, ел ықыласына бөленуіне «Қазақконцерт» ұйымының зор мүмкіндік беріп отырғанын тілге тиек етіп:

-Қазақта «Алдыңнан артың биік болсын» деген даналық сөз бар. Біз қашан да ұлт руханияты мен мәдениетін аманаттап қалатын болашағымыз бүгінгі жас өнерпаздарды қолдап келеміз. Тек жастар ұдайы шығармашылық ізденісте болып әрі оларды жүйелі түрде насихаттай алсақ, Димаш Құдайбергенов сияқты қазақ өнерін әлемге танытатын жарық жұлдыздардың көптеп шығуы бек мүмкін. Басшылық қызметке келгеніме де көп болмады, ұжыммен енді ғана танысып жатырмын. Бірақ, бір байқағаным – бүгінгі жастар мен 1984 жылы «Гүлдер» ансамбліне қабылданған менің толқынымның көзқарасын салыстыру мүмкін емес. Тіпті, олардың арасы – жер мен көктей десем, артық емес,-деді.

Бұдан бөлек, 2009 жылдан есігін айқара ашқан өнер ордасына экскурсия ұйымдастырылып, журналистер сахна сыртындағы қызу дайындыққа, таң қалдырар дүниелердің куәсі болды.

ЕлАна-ақпарат