ОҚО-да көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 38 мың тонна жанармай бөлінді

Оңтүстік Қазақстан облысында ағымдағы жылы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан 3,2 млрд.теңге қаржы қаралған. Жылдық жарнасы 6 пайыздан аспайтын болады. Жалпы көктемгі дала жұмыстарын мерзімінде атқаруға облыста толық мүмкіндік бар. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков мәлім етті.

Оның айтуынша, ағымдағы жылы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге Шымкент мұнай өңдеу зауытынан облысқа 38 мың тонна жанармай бөлінген. Оның ішінде ақпан айына — 4 мың тонна, наурыз айына – 19 мың тонна, ал мамыр айына — 15 мың тонна қарастырылып отыр.

«ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан бөлінген 1 тонна дизель отынының зауыттағы босатылу бағасы – 156 мың теңге шамасында белгіленді. Литрге шаққанда – 130 теңге, оператордың агроқұрылымдарға жеткізу қызметін қоса есептегенде 1 литрі – 138-140 теңге көлемінде. Жанармай тасымалдаушы операторлар тізімі белгіленіп, мұнай өңдеу зауытымен келісім-шарт жасасып, 21,5 мың тонна дизель отынына төлем жасалды. Бүгінгі күні бірқатар аудандар жанармай тарату жұмыстарын бастап кетті», — деді Серік Ордабекұлы.

  Бұдан өзге, айдалуға тиісті 507,8 мың гектар жердің 99,2 пайызы жыртылған. Ал сор шаю жұмыстары 101,8 мың гектарға межеленіп, 83,9 мың гектар жердің соры шайылды.

Айта кетерлігі, облыста тауар өндірушілер жаздық дақылдардың тұқымымен толық қамтамасыз етілген. Аудандардың мәліметі бойынша егілген 182 мың гектар күздік астықтың жағдайы қалыпты.  

 фотограф: Самат Мырзалиев

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі