Қайырымдылық концертімен қуаныш сыйлады

Қазақстан халқының бірлігі тәуелсіздік жылдарында нығая түсті. Ежелден қолындағы барын қонағына ұсынатын ұлтымыздың қонақжайлық қасиеті жеріміздегі сан ұлттардың басын біріктіріп, тату-тәтті ағайынға айналдырды. Атырау жеріндегі барлық ұлттардың бойында осы мейірбан ізгілік игі шаралардан көрініс табуда.

«Светоч» славян этномәдени бірлестігі мүшелері «Алғыс айту» күнінде «Қазақ соқырлар қоғамы» мекемесінде болып, ұжымды айтулы мерекемен құттықтады. Дайындап апарған көркемөнерпаздар концерті кездесудің сәнін келтіріп, ортаны думанға бөледі.

Мейірім мен жан жылуы қашанда биік адамгершіліктің, руханияттың белгісі.

«Светоч» славян  этномәдени бірлестігінің мүшелері мұндай мәдени шараларымен біраз жылдардан бері қаланың біршама мекемелерінде болып жүр. Олардың репертуарында ұлттық билер мен халық әндері, қазіргі заманның музыкалық шығармалары бар.

«Бұл күнді біз зағип жандарға арнап, бір уақыт қамқор көңілімізді бөлуді жөн санадық, осындай жағдайға ұшыраған жандардың «Жарық дүниені бір сәтке болса да көру үшін, бүкіл өмірімді қияр едім» деген сөзі көкейімізден кетпейді. Оларға жігер мен төзімділік берерліктей, өмірге деген құштарлығын шыңдайтын жан қуатын әнмен, музыкамен жеткізуге тырыстық, — дейді «Светоч» славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Раиса Биткова.

«Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының төрағасы Марат Умбеталиев осындай қайырымдылық бағдарламасымен келіп жатқан  ұйымдастырушыларға «Аспанымыз ашық болсын, ниеттеріңіз қабыл болсын»  деп  шексіз алғысын білдірді.

Концерттік бағдарлама мен мол жайылған дастарқан арқылы өздерінің қамқор құшағын, ынтымағын, ақ пейілін танытқан «Светоч» славян этномәдени бірлестігінің мүшелері алдағы мерекелерге дайындалуда.

 

                                                                                     Светлана Муньянова