«Алғыс күні» – халық бірлігінің белгісі
Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының «Жалпы білім беру пәндері» кафедрасы және Атырау медициналық колледжінің ұйымдастыруымен 1 наурыз «Алғыс күніне» орай «Ұлт ұлысқа ортақ үй – Қазақстан», «Шын жүректен мың алғыс» тақырыптарында дөңгелек үстелдер өткізілді.
Аталған іс-шараға Атырау мұнай және газ университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы, «Светоч» славян, «Таврос» армян, «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестіктерінің төрағалары мен төрайымдары, медициналық колледжінің профессор-оқытушылар мен студенттері, «Қоғамдық Келісім» КММ-нің қызметкерлері қатысты.
Шараның мақсаты: 1 наурыз «Алғыс айту күнін» ерекше насихаттау, татулықты қастерлеуде ұлттар достастығын күшейту, жастар арасында патриоттық сезімді тәрбиелеу.
Шара барысында мемлекеттік және орыс тілінде жоғарғы оқу орындарының студенттерінің баяндамалары тыңдалды. Әр баяндама сайын өзге ұлт өкілдері тіліндегі концерттік бағдарлама тамашаланды.
Сондай-ақ, мемлекетімізде жүргізіліп жатқан игілікті істеріміздің барлығы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатымен байланысты. Отан, достық, бейбітшілік деген киелі ұғымдарды қастерлеген халықпыз. Осы ұранды барша адамзатқа жолдап, жер бетінде тыныштық пен келісім, бейбітшілік пен ынтымақ болуын тілеп, әр адамды осыған шақырамыз.
Еліміз аман, халқымыз тыныш болсын, «Алғыс күніміз» құтты болсын ағайын!
Атырау облысы әкімі аппаратының
«Қоғамдық келісім» КММ
баспасөз қызметі