«Денсаулық сақтау министрлігі басшысы ең жиі ауысқан, дені дұрыс реформа жүргізілмеген, проблемалары әбден қордаланып қалған министрлік еді»
Бүгін бір топ журналист, блогерлермен бірге Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановпен кездесуге қатысып қайттық. Жалпы, осы министрдің жұмысы бұрыннан да ұнайтын еді. Екі сағаттық әңгімеде біраз сұрақ қойылып, біраз ақпарат алып, әріптестеріміздің тарапынан ұсыныстар айтылғаннан кейін бұрынғыдан да ұнай түсті.
Министр Елжан Біртанов қазақша-орысша-ағылшынша сауатты, өз саласын жетік білетін, «медбраттан» бастап біраз сатыдан өткен адам екен. Үкіметтің жұмысы мемтілге көшті екен деп қиналып жүрген адам көрмедік. Бізбен қазақша да, орысша еркін сөйлесті, проблемаларды ашық айтты. Ұсыныстарды да қабылдауға әзір екенін жеткізді. Бір сөзбен айтқанда, БАҚ-пен байланыс орнатуға дайын.
Өзімнің осы кездесуден жалпылама түйгенім:
— Денсаулық сақтау министрлігі басшысы ең жиі ауысқан, дені дұрыс реформа жүргізілмеген, проблемалары әбден қордаланып қалған министрлік еді. Соңғы жылдары осыны түбегейлі жақсартуға қадам жасалып жатыр. Мұндай процесстің көп сыналуы заңдылық. Осы сынға қарамай «күрделі жөндеуді», мәселен, МӘМС сияқты бастаманы, денсаулық сақтау Цифрландыру процесін жүргізе беру керек, саланы жетілдірудің жалғыз жолы осы.
— Екіншіден, ақ желеңді абзал жандар күн сайын, сәт сайын қаншама адамның өмірін құтқарып жатқаны мақталмауы мүмкін. Бірақ бір келеңіз оқиға бола қалса, жұрт соны бірінші көреді. Оның алдындағы жағымды жаңалықтарды жиып қойып, жағымсызын жамырап талқылайтынымыз өтірік емес.
— Үшіншіден, халықтың денсаулық сақтауға қатысты жеңілдіктерден, тегін берілетін дәрі-дәрмек, квоталарда, басқа да игіліктерден хабары аздау. Оны тиісті орындардан сұрастырмас бұрын, алдымен әлеуметтік желіге салып шу көтергенді оңай санаймыз. Сосын, қандай да бір оқиғаның жай-жапсарын білмей жатып, басқалар оны жалаулатып көтеріп әкетеміз. «Жұрт шулады – мен де шуладым» деген әңгіме.
— Төртіншіден, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу», яғни, денсаулықты күтіну жағы бізде кемшін. Профилактикалық жұмыстар күшейтілуге тиіс. Қазір салаға бөлінетін қаражаттың 14 пайызы аурулардың алдын алуға жұмсалады екен. Профилактикалық жұмысты, салауатты өмір салтын, спортты насихаттауға бүкіл қоғам ат салысуы керек. Әркім өзінің, өз баласының денсаулығына бірінші кезекте өзі жауапты. Одан кейін ғана дәрігер.
— Екпе балаға зиян емес. Халықтың 97 пайызы екпе салдырады, бұл «кемінде 95 пайыз» деген дамыған елдердегі көрсеткішке сай келеді. Министрдің өзі де балаларына салдырады. Былтыр Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің басшысы Жандарбек Бекшин журналистердің көз алдында немересіне екпе салдырғаны есімізде.
— БҒМ-ның оқушылардың сөмкелері жеп-жеңіл деген әңгімесі өтірік. Денсаулық сақтау министрлігі олардың сөмкелерін өлшеп, салмақ стандартын көрсетіп, қандай ауыр коқулық, басқа да керек-жарақтарды мектепте қалдыру керектігін түсіндіріпті.
Бұл министрліктің жұмысы 100 пайыз керемет, денсаулық сақтау саласы гүлденіп кетті деген әңгіме емес. Көтерілуге тиіс проблема аз емес. Оның бәрін бір постыда тарқатып жазу мүмкін емес, қысқартып жазсам негізсіз сынға айналып кетуі мүмкін.
Әріптестеріміздің тарапынан айтылған ұсыныстардың ішінде ерекше ұнағандары, мен неге айтпадым деп ойландырып тастағандары бар. Оларды өздері жаза жатар деп ойлаймын. Негізі, түртіп алған, айтылуға тиіс мәселелер көп. Сұрақтар болып жатса басқа постыға немесе осы жерге коммент ретінде жауап беруге, жауапты адамдарға сілтеуге тырысайын.