Жамбыл облысында соңғы екі айда 90 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамтылған
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалық етуімен өңірдегі жұмыспен қамту мәселесі жөніндегі жиын өтті. Басқосуда қаңтар-ақпан айларындағы өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санын нақтылау бойынша атқарылған жұмыстар талқыланды.
Жалпы биыл облыста жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспарына сай 32452 адамды жұмыспен қамту белгіленген. Ағымдағы жылдың 2 айында 4721 жамбылдық жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Кешенді жоспарға сай өңірде 538 мүмкіндігі шектеулі азаматты жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Тек екі ай ішінде облыста 90 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыс орнымен қамтамасыз етілген. Негізінен өңірде бір жыл ішінде 5368 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланса, қаңтар-ақпан айларында 802 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Биылғы жылы облыста «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына» 9,9 миллиард теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтатын болсақ бағдарламаның 1-ші бағыты бойынша барлығы 4870 адамды қысқа мерзімдік оқытумен қамтылмақ. Бұл орайда, аудандар мен Тараз қаласындағы еңбек нарығындағы үлкен сұранысқа ие 47 мамандық анықталып, азаматтарға білім беретін оқу орындары нақтылануда. Сондай-ақ «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша барлығы 2336 адам кәсіпкерлікке оқытылады. Ал ауыл тұрғындарына несие беруге 2,6 миллиард теңге, қаладағы кәсіпкерлік нысандарын ашуды несиелендіру үшін 7,6 миллиард теңге қарастырылды. Бағдарламаның 3-ші бағыты бойынша да жоспарлы жұмыстар жүргізіліп, 716 адамды әлеуметтік жұмыс орындарына, 818 түлекті жастар практикасына, 1581 адамды ақылы қоғамдық жұмысқа тарту көзделуде.
Сонымен бірге «Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» мақсатында жыл басынан бері 10 жамбылдық отбасы отбасы Солтүстік Қазақстан облысы мен Павлодар облысына қоныс аударды.
Жыл басында анықталған зейнетақы жарнасы аударылмай жұмыс істеп жатқандардың мәселесі бойынша 3782 адамның еңбек қызметі заңдастырылды. Мұнан бөлек, тиісті шараларды қолға алынып, өз бетінше нәтижесіз жұмыспен қамтылғандардың саны 5557 адамға азайды.
Басқосу соңында салалық басқарма басшылары облыстағы жұмыспен қамту саласындағы жұмыстарды жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстарын да ортаға салды.
Дереккөз: zhambylnews.kz