Жұмыс орындарын көбейту керек
Әйтеуір бір бәле іздеп отырамыз. «Атып кетті», «шауып кетті», «сұмдық болды» десе елдің бәрінің құлағы соған елең ете қалады. Тіпті, әлдебір әншінің кімге тиіп, кіммен ажырасқаны да қызық. Алайда сол «қызық қуып» жүргенде кейбір салмақты оқиғалар туралы ақпараттардан сырт қалып қоятындар қатары көбейді. Керек емес ақпарат сияқты көрінеді. Бірақ, түптеп келгенде елде экономиканың дамуы, халықтың әлеуметтік жағдайы көтерілуі үшін не істеліп жатқанынан да хабардар болып ортыру керек-ақ.
Сол керек ақпараттың бірін ұсынайын.
Бүгін «Сенатта «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар – өңірлік даму институты» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел отырысы болды.
Шараны Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаев ашты. Дөңгелек үстелдің мақсатынан Сіздерді толық хабардар ету мақсатында А.Бейсенбаевтың сөзін толық ұсынғанды жөн көріп отырмын.
– Бүгінгі отырыста аталған барлық шаралар өңірлерді дамыту, капиталды тарту, технология мен білімнің трансферті, өндірістің өсуі, экспортты ұлғайту, экономиканың жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру және елде жаңа сапалы жұмыс орындарын құру бөлігіндегі Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмаларын іске асыруды қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазіргі таңда Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары бизнесті қолдау және экономикалық белсенділікті ынталандыру секілді өңірлік даму өсімінде айрықша талап етіледі. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары кәсіпкерлер бастамасын қолдай отырып өңірде бизнестің іскерлік белсенділігінің катализаторына айналуы қажет.
Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар құрылған кезден әлеуметтік бағыттағы кәсіпорындар ретінде өз рөлін атқарды, уақыт өзгерді, мемлекет жаңа белестерге көтеріліп келеді, сондықтан корпорациялардың әрі қарай дамуында олар тек әлеуметтік кәсіпорындар болып қана қоймай, корпорацияларды дамытудың Тұжырымдамасында негізделген өңірлер экономикасын дамытудағы өсу нүктесінің драйвері болуы тиіс.
ӘКК-лар қарқынды түрде инвестициялар тартуға және оны басқаруға, жекеменшікті сектормен сенімді әріптес болуы, басқа да бизнесті дамытуға жәрдемдесетін институттармен жұмыс істеуге бағытталған кәсіпорын болуы тиіс.
Осылайша, Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін реттейтін келесі нақты шарттарды бекіту қажет:
— инвестицияларды тарту және оларды тиімді басқару;
— бизнесті дамыту және ынталандыру;
— жұмыс орындарын көбейту;
— экспортқа бағытталған сапалы өнім шығару және тағы басқалар.
Сол себепті бүгінгі күні Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар қызметінің нәтижелігін көтеру өңірлерді дамытудың негізгі басымдылықтарының бірі болып табылады.
Бірқатар функцияларды қаржылық қамтамасыз етумен іс жүзінде Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларға бәлкім бере отырып, бұл ретте «бір терезені» ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырып, жергілікті атқарушы органдар мен корпорациялардың арасындағы нақты өзара іс-қиыл жасауды анықтау қажет,-деді Комитет төрағасы.
Сондай – ақ дөңгелек үстелде сенатор Әлімжан Құртаев (төмендегі видеоны қараңыз) ӘКК қызметіндегі өзекті мәселелерді атап көрсетті.
Ұлттық экономика министрінің орынбасары Серік Жұманғарин әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар қызметіндегі негізгі көрсеткіштерді дөңгелек үстелге қатысушыларға таныстырды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда облыстарда, Астана мен Алматы қалаларында 16 әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар жұмыс істеп келеді, олардың 85 еншілес әрі тәуелді кәсіпорны бар, оларда 102 инвестициялық жобалар жүзеге асуда. 2016 жылдың қорытындысы бойынша барлық әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жалпы кірісі 31,5 миллиард теңгені, шығыстары 31,8 миллиард теңгені құрады.
Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Арыстан Қабыкенов Қазақстанның 8 аумағында (Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында) 23 индустриялық аймақтар жұмыс істейтінін айтты. 136 миллиард теңге (25,6 пайызы шетелдіктердің қатысуымен) салынған 127 жоба іске қосылды, 186 жоба жүзеге асу кезеңінде, 8 мың жұмыс орны ашылды, өндіріс көлемі 160 миллиардтан астам теңгені құрады, 14 миллиардтан астам теңге салық түрінде қайтарылды. Бұл ретте барлық индустриялық аймақтардан инфрақұрылымның құрылысына арналған бюджет шығындары 61 миллиардтан астам теңгені құрады. Сөйтіп, инфрақұрылымға салынған бюджеттің 1 теңгесіне жеке инвестицияның 2,2 теңгесі тартылды.
Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Арман Евниев азық-түлік тауарларының тұрақтандырушы қорларын қалыптастыру мен пайдалануда министрлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялармен өзара тығыз әрекет етінін атап өтті.
«Аstana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жетекшісі Нұрлан Жақыповтың деректері бойынша, «1000 орын – көше саудасы» бағдарламасы аясында 800 миллионнан астам жеке инвестиция тартылған, астанада мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылғаны айтылды.
Сөз алған «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Айтмұхамед Алдажаров облыста 11 индустриялық аймақ құрылғанын, онда 156 миллиард теңгенің 172 жобасы жүзеге асқанын айтты.
Парламент Сенатының депутаттары дөңгелек үстел отырысы барысында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының тиімді дамуына бөгет болып отырған өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылады. Заңнамалық және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, қаржыландырудың қосымша көздерін табу, жер бөлу мерзімдерін қысқарту және басқа да мәселелер айтылды.
Дөңгелек үстел отырысының қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленіп, олар еліміздің Үкіметіне, жергілікті атқарушы органдарға және басқа да мүдделі ұйымдарға жіберіледі және бұдан былайғы заң шығару жұмыстары барысында Сенат депутаттары ескеретін болды.