Мұрат Мұқаш: «Ұлтқа рухани тәрбие беруде радионың маңызы өте зор»

Ұлттың үнжариясы болған «Қазақ» және «Шалқар» радиоларының қазақ тыңдарманы үшін орны ерекше. Біз қос радионың бүгінгі тыныс-тіршілігі, мерейтой қарсаңында атқарып жатқан жұмыстары туралы Алматы бөлімшесінің директоры Мұрат Мұқашпен ой бөліскен едік…

Қос радионың 20 млн. тыңдарманы бар

— Радионың таралу аумағы, халыққа жетуі қай деңгейде?
— Радио-эфир спутниктік жүйе арқылы еліміздің барлық өңірлерімен, оңтүстік жақтағы көршілес елдерді және Ресейдің, Қытайдың шеткі аймақтарын қамтиды. Ал кейбір шалғай ауылдарға жетпей жатыр деген сындар бар. Бірақ ол «Қазақ» радиосының кінәсі емес. Жергілікті билік өкілдері халықтың талап-тілектерін орындап, радио толқынын қабылдайтын мұнараларды жөндеуі керек. Әрине, бұл тұрғыда «Қазақстан» телерадиокорпорациясының құрамында аймақтарға хабар таратумен айналысатын, аймақтарға таралатын хабарларды бақылаумен айналысатын қызмет бар. Сол кісілер облыстарға, жекелеген аудандарға, шалғай аудандарға радиотолқынның жетуін бақылап отырады. Жетпей жатыр деген шағым түссе, жергілікті жердің әкіміне шығып, радиохабарлардың таралуын қамтамасыз етеді.

1
— Аталған радиолардың бүгінгі идеологиясы қандай?
— «Қазақ» радиосы тәулік бойы хабар тарататын республикалық үлкен арна болғандықтан, еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің, яғни неміс, ұйғыр, кәріс, түрік, әзірбайжан, татар сияқты 6 тілде хабарлар береді. Олардың өз уақыты бар. Жаңалықтар жартылай қазақ, жартылай орыс тілінде беріледі. Әрине, негізінен басымдық қазақ тілінде.
Ал «Шалқар» — таза ұлттық арна. 18 сағат тек қана қазақ тілінде хабар таратады. Екеуінің басты айырмашылығы осында.
Ұстанып отырған бағыты мен саясатына келетін болсақ, екі радио да мемлекеттің саясатын ұстанады. Қазір Елбасы жариялаған 5 реформадан тұратын «Ұлт жоспары:100 нақты қадам» бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Ол, былайша айтқанда, біздің қоғамдық құрылымның бүкіл саласын қамтитын жоспар. Оның ішіне саясат та, экономика да, әлеуметтік сала да кіреді. Одан бөлек «Бизнестің жол картасы — 2020», ауыл шаруашылығын дамытуға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасы т.б. әр саланы қамтитын бағдарламалар көп. Сол бағдарламаларды насихаттайтын, орындалу бағытын көрсететін радиода арнайы хабарлар бар. 14 облыста тілшіміз бар. Олар орыс және қазақ тілдерінде күнделікті жергілікті жаңалықтардан ақпарат беріп отырады. Түрлі саладағы жаңалықтар ғана емес, белгілі бір мекеменің басшылары туралы, мемлекеттік бағдарламаның орындалуы, қысқасы, 14 облыстағы атқарылып отырған жұмыстар радио арқылы барша республикаға таралып отырады.
— Қазіргі негізгі тыңдармандарыңыз кімдер?
— Жалпы халық тыңдайды. «Қазақ» радиосын 10 миллионнан астам халық тыңдайды, «Шалқар» да сол көлемде. Осыдан-ақ аудитория ауқымының қаншалықты екенін білуге болады.

4Дүниежүзілік деңгейде жабдықталған

— «Қазақ» радиосы техникалық жағынан қазіргі заманға сай ма?
— 2012 жылдың күзінде радионың басты кеңсесі Астанаға көшті. Сондағы «ҚазМедиа» орталығында радиоға арналып арнайы құрылғылармен жабдықталған кеңсе бар. Сол жердегі техника ең алдыңғы қатарлы озық техника деп айтуға болады. Ал Алматы бөлімшесіндегі бұрынғы техника болса да, өте сапалы. Осыдан екі жыл бұрын АҚШ-тың Вайоминг штатынан дүниежүзіндегі радио саласын зерттеп жүрген ғалым келген. Сол кісі менен сұхбат алды, аралап, танысып көрді. Сонда сол кісі «сіздердегі қазіргі радионың даму жүйесі, техникалық тұрғыдан жабдықталуы дүниежүзілік деңгейден кем емес» деген пікір айты.
— Шетелдермен тәжірибе алмасып тұрасыздар ма?
— Шетел дегенде, мәселен, көршілес Ресейді алар болсақ, оларда “Радио Росси” деген үлкен республикалық радио бар. Әрине, Ресей үлкен мемлекет болғандықтан, радионың өзі бірнеше құрылымдардан тұрады. Біз Ресей радиосымен, жалпы, Ресейдегі электронды БАҚ-пен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Ал техникалық жабдықталуына келетін болсақ, қазіргі жабдықталу жүйесі өзге елдердегіден кем емес. Біздің басшылар, қызметкерлер Ресейге де, Түркияға да, Қытайға да барып келді. Ол кісілердің айтуынша, ешқандай айырмашылық жоқ. Қайта, кейбір тұстарымыз олардан артық.
— Елдің назарына іліккен қандай танымдық бағдарламаларыңыз бар?
— Жалпы, елдің рухани, әлеуметтік, салт-дәстүр, тарихы тұрғысынан алғанда ұлттың қаймағы сақталған ақпарат құралдарының бірі деп радионы айтсақ болады. Бұл жер таза қазақи орта. Хабарларын айтсақ, таңғы эфирде шығатын «Қайырлы таң, Қазақ елінен!» бастап, ерекше дүниелер жетерлік. Салт-дәстүрлерге қатысты «Қазақтың қазынасы», отбасылық қарым-қатынасты, ата мен немеренің, келін мен ененің, құда мен құданың сыйластығын дәріптейтін «Шаңырақ шуағы», «Бесігіңді түзе», әдебиет пен мәдениеттегі белгілі тұлғаларға арналған «Ағымнан жарылсам», жастарға арналған «Алматы түні» атты бағдарламалар дайындалады. Қазақтың ауыз әдебиеті, жыраулық, термешілік өнерге арналған «Інжу-маржан» деген керемет хабар бар. Оның әр хабары бір-бір энциклопедия. «Қазақ» және «Шалқар» радиосында басқа радиоларда жоқ ертегілер бар. Батырлар жырына арналған хабарларымыз да тартымды. Бұның бәрі біздің ауыз әдебиетімізді саралап, ұрпақтың санасына сіңіруге арналған хабарлар. Қазақтың поэзиясына, прозасына арналған хабарлар да үнемі ел назарында. Жалпы, саралап айтар болсақ, хабардың түрлері өте көп. Оларды бірінен-бірі артық, кем деп айтуға болмайды. Әрқайсысы халыққа өзінше керекті дүниелер. Ондай хабарлар біздің екі радиода да өте көп. Жалпы, жастарға, ұлтқа рухани тәрбие беру бағытында біздің екі радионың рөлі, маңызы өте зор деп ұялмай айта аламын.
— Саяси-әлеуметтік бағдарламаларды қаншалықты қамти алдыңыздар?
— Жоғарыда айтқанымдай, екі радио да мемлекеттік радио болғандықтан, екеуі де Елбасының «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам» мемлекеттік бағдарламалар бойынша жан-жақты хабарлар дайындап, жұмыстар жүргізіп жатыр. Сондықтан сол бағытта дайындалатын хабарлардың барлығын саяси-әлеуметтік бағдарламалар деп айтуға болады. Саясаттың негізгі өзегі экономика десек, бізде қазір экономикалық бағдарламалар көп. Ол тікелей эфир түрінде де, таспа түрінде де дайындалады.
Бізде аптасына екі рет орысша, екі рет қазақша «Заңгер кеңесі» хабары беріледі. Бұл қазіргі қоғамға өте керек. Себебі заңның түрі көп. Түрлі өзгерістер болып жатыр. Заңгердің кеңесіне тыңдарман өте мұқтаж. Халықтың білмейтін нәрсесі көп. Сондықтан біз халыққа әлеуметтік көмек беруге тырысамыз. Бұл хабар 10 жылдан бері үздіксіз шығып келеді. Ел сұрақтарын қояды. Заңгер ол сұрақтарға жауап береді. Былайша айтқанда, тегін кеңес алады. Сол секілді «Денсаулық» хабарында білікті дәрігерлер кәсіби тұрғыдан кеңес береді. Бұл хабарлардың рейтингтері өте жоғары. Халықтан сұраныс көп. Саяси бағдарламаларға «Жаңа Қазақстан» деген радиожурналды айтсақ болады. «Қазақ елі», «Менің елім», «Экономика тынысы» деген сияқты көптеген хабарларды да атауға болады. Биыл кәсіп ашқысы келетін азаматтарға арналған «Бизнес-бастау» деген хабар аштық. Белгілі кәсіпкер Ахметбек Нұрсила кеңестер айтады. Бала тәрбиесіне арналған, ата-аналарға кеңес ретінде берілетін «Ізгілік жолы» деген бағдарламалар да бар.

Радиожурналистің жұмысы мазасыз әрі қауырт

3

— Қаржылық қиындыққа тап болсаңыздар, өз-өздеріңізді қаржыландыра аласыздар ма?
— «Қазақ» радиосы бюджеттен қаржылан-дырылатын мемлекеттік арна ғой. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының құрамында 4 радио, 3 телеарна бар. Соның құрамына кіреді. Мемлекеттік арна болған соң, мемлекеттік бағдарламаны насихаттаумен айналысады. Ондай қаржылық дағдарыс бола қояды деп ойламаймын. Ал мемлекет қаржыландырмайды, радио өз күнін өзі көрсін десе, ондай тығырықтан «Қазақ» радиосы шыға алады. Ол жағынан түрлі әдіс-тәсілдері, техникасы, тәжірибелері бар. Жарнама арқылы табыс табады. Басқадай жолдары да бар.
— Сөз бостандығы туралы… не айтасыз?
— Біз республикалық арна болғандықтан, белгілі бір деңгейде шектеулер болуға тиіс. Ол кез келген мемлекетте бар және бола да береді. Жалпы, газетке де, радиоға да, теледидарға да қойылатын талап осы болса керек. Тіпті ол жекеменшік болып кеткеннің өзінде белгілі бір шектеулер болады. Себебі азаматтық ар-ождан, ұлттық намыс деген болады. Өз еліңнің істеп жатқан саясатын жақсы жағынан көрсету керек. Сен еліңе сол арқылы көмектесесің. Ал тырнақ астынан кір іздеушілер жөнінде бөлек әңгіме. Менің ойымша, олар елдің дамуын, заманға сай кемелденіп өскенін онша қаламайтын адамдар. Сондықтан шектеулер болады. Тәртіп, жүйе болмаған жерде қылмыс өршиді ғой.
— Радиожурналистердің басқа журналистерден қандай ерекшелігі бар?
— Бізде Алматы бөлімшесінде 10-нан астам редактор бар. Газетте тілші дейді ғой. Сол кісілердің әрқайсысы 2-3-тен хабар дайындайды. Бір ғана мысал, жаңағы мен айтқан «Қазақ елі» хабарын біз аптасына 4 рет дайындаймыз. Ол 10-ақ минуттық хабар. Ол 10 минуттық хабардың ішінде кем дегенде 2 адамды сөйлетеді. 2 адамды сөйлету үшін 2 күн тынымсыз жұмыс істейді. Әрқайсысынан сұхбат алады. Ол адам жарты сағат сұхбат беруі мүмкін. Оны жазып келіп, қажет деген 5 минутын ғана алады. Оны монтаждайды. Екінші адамды да солай қарайды. Радиожурналистің басқа журналистен айырмашылығы, бір 10 минуттық хабар үшін қыруар дүниені атқарады. Үлкен процестен өтеді. Бұл тікелей техникаға тәуелді жұмыс.
Ал қойылатын басты талап, мемлекеттік саясатты жақсы түсіну, заңдық шектеулерден асып кетпеу, мемлекеттік саясатқа қарсы келмеу, жалпы, журналистік этиканы өте жақсы білуі керек.
— Қос радионың мерейтойы қарсаңында қандай шаралар атқарылып жатыр?
— Жылдың басында осы екі радионың мерейтойына байланысты Астанадағы басшылық арнайы бағдарлама бекіткен. Ол бағдарламаның ішінде көптеген шаралар бар. Онда екі радиоға арналған хабарлар дайындау, одан бөлек мәдени мекемелерде, халықтың ортасында, жетімдер үйі сияқты мекемелерде арнайы шаралар өткізу. Бір жағынан, бұл үгіт-насихат болады, бір жағынан, халықты әлеуметтік-мәдени жағынан аздап қолдау. Астанадағы әріптестер де «Шалқар» радиосының 50 жылдығына орай сол жақта шара өткізді. Бізде наурыз айының 2-сі күні Алматы қаласында Орбита ы/а 1 балалар үйінде ұжымның барлығын алып барып, қайырымдылық шарасын өткіздік. Біздің ұжымның ерекшелігі — музыка саласында мамандар көп. Және әншілердің өздерін қатыстырып, концерт қойып, кәсіпкер азаматтарды тартып, жетімдер үйіне қомақты материалдық көмек көрсетіп қайттық. Алдағы мамыр айының соңына қарай тағы да сондай шараны ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, арнайы кітап шығару, телеарнадан, радиодан хабар дайындау, газет-журналдарға сұхбаттар беру. Жалпы, жоспар бойынша насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Әңгімелескен — Нұрбике Бексұлтанқызы