Самарқанның көк тасы: аңыз бен ақиқат

Қазақ тілінің баю, толығу жолдарының бірі тіліміздегі сөздердің мағыналық өзгеріске түсуі,  олардың мағыналарының тарылуы немесе кеңеюі екені айтылып келеді. Тіл ғылымында мұны семантикалық үрдістер деп атайды. Осындай семантикалық үрдістердің қатарында Наурыз мерекесі қарсаңында айтылатын «Самарқанның көк тасы жібиді» деген сөз бар.

Қазақ ғалымдарының ішінде де осы тақырыпқа қатысты пікір айтқандар бар. Соның бірі Мұхтар Арын «Самарқанның көк тасы» қиял ма, әлде шындыққа жанасымды белгілері бар ма деген сұрақтарға қатысты былай жауап қайырған екен: «Меніңше, Наурыз мерекесін адам бойындағы жүректің жылылығымен байланыстырып өткізген дұрыс. «Самарқанның  көк тасы еритін күн» деумізге себеп – Самарқанда әйгілі Ақсақ Темірдің тағы бар, бұл күні қаһарлы ханның қаһары жібиді, егер біреу өлім жазасына кесілсе, соған өлім бұйыртпай аман алып қалатын, райынан қайтаратын күн бұл».

Мұндай пікір профессор Т.Қордабаевтың зерттеулерінде де кездеседі. Кейбір тұжырымдамаларда ғұлама Ұлықбектің обсерваториясындағы аспан денелерін белгілеген тасқа күн мен түн теңескен Ұлыстың ұлы күні – Наурызда күн сәулесі тікелей түскенде әлгі тас жібиді екен деп те айтылады.

Қалай айтылса да осы «Самарқанның көк тасы» қиял ма, әлде мифтік ұғымдардан шыққан сөздер мен сөз тіркесі ме немесе жалпы түрлі қиялға ортақ «көк», «көк тәңірі», «көкжал», «көгілдір» және т.б. сөздермен мағыналық байланысы бар ма деген сұрақ кім-кімді болса да мазалайтындығы рас. Себебі осындай мазалаған ойлардың ішінде Самарқанның көк тасы қандай болады, ол қашан ериді, жалпы, осы көк тасты қайдан алады деген сұрақтар бар.

Геологиялық термин сөздіктерде лазурит – «көк тас» деп көрсетіледі. «Лазурит – силикаттар класының каркасты типіне жататын минерал. Сингониясы – текшілік, агрегаттары тұтас тығыз масса. Түсі – қою көктен күлгінге дейін, жылтырлығы – шыныдай, қатты, жіктілігі жетілмеген, меншікті салмағы сілтілі және қышқыл интрузиялардың жапсарында метаморфталған әктастарда кездеседі. Әшекей тас ретінде қолданылады. Синонимі: ультрамарин. Лағыл – минерал, мөлдір корунд; хром қоспаларын кіріктіруіне байланысты әдемі қызыл түске боялған; І класты асыл тас» (Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі геология, 4000-ға жуық термин. Алматы, «Мектеп» 2003 ж. 134-135 б.).

Ал лазурит тас шығаратын орындар дүние жүзінде саусақпен санарлық болып келеді. Яғни осы асыл тас шығатын кен орындары Оңтүстік Америкада, Ресейдің Байкал көлі жағалауында, Сібірдің Слюдянна өзені мен Ауғанстанның Бадахшан деп аталатын таулы өлкелерінде кездеседі. «Асыл тас» деп атап көрсетіп отырғанымыздың бір себебі – оны Шығыс елдерінің қасиетті қазынасы, айырбас заттардың орнына жүретін асыл тастар есебінде заңды түрде қолданған. Әмірлердің бұйрығы бойынша шетелге осы асыл тасты алып шығуға, сатуға қатаң тыйым салынған.   

Асыл тас деп аталатын «лазурит» немесе қазақ халқында «көк тас» деп аталған осы заттың алғашқы үлгілерін біздің заманымызға дейінгі қолданыста болған шумер жазбаларынан табамыз. Белгілі орыс ғалымы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры В.В. Емельяновтың көрсетуінше: «Ко времени І династии Ура относятся две гробницы: в одной был погребен лугаль Мескаламдуг, в другой – некая знатная женщина по имени Пуаби. Пуаби была погребена в подземном сводчатом склепе, где она лежала на спине на деревянном ложе, в плаще, украшенном синими лазуритовыми бусинами, в пышном головном уборе из золотых листьев и венков. Здесь же найдены арфы тонкой работы, к резонаторам  которых были приделаны золотые или серебрянные головы быков с лазуритовыми бородами».

Көне жазбаларда «көк тасты» алу үшін кен тасын отқа қақтап, әбден қыздырып барып үстіне суық су құяды екен. Сонда температураның күрт өзгеруінен тас молтынып, оның құрамындағы шашыранды көк түсті минерал асыл тастар бөлініп-бөлініп кетеді де, содан соң ала беруге болады.

Ғалымдардың пайымдауынша, «Самарқан» және оның ежелгі аты «Мараканда» деген атаулар осы қастерлі тас атауына байланысты шыққан. Олай болса, Самарқанның көк тасы дегенді біз Самарқан қаласының атауымен байланыстыра қараған жөн деп есептейміз.

Парсы тілінде «кан» қазіргі кен сөзі дегенді білдіретіндігі «Парсыша-орысша сөздікте» (М,1959) талданып жазылады. Сонда Самарқаныңыз «самаргда» (асыл тас) кеніне сәйкес келеді. «Кан» сөзі кейін «канд», «кент» елді мекен, қала, шаһар деген мағынаға өзгеруі мүмкін деген топшылаулар бар.

Қазіргі кезде «жұмбақ кен-тасты еріту», «Самарқанның көк тасы», «тәңірлік тасы», «Самарқанның көк тасы еріген кез» деген сөздер өткен өмірдің табиғи бейнесін, оның көріністерін бойына сыйдырып тұр. Жоғарыда аталған сөздер  бұрынғы қалыптасқан діни сарыны бар, қоғамға жат деген пікірлерді ығыстырып шығарып, күн мен түн теңескен табиғаттың бір өлшемі ретінде қолданылуда. Сондықтан «мағынасы өзгерді, бұл көнерген сөз» дегеннен гөрі, қазақ халқында оның мағынасының терең екендігін түсінуіміз қажет. Тағы бір ескеретін мәселе, «Самарқанның көк тасы» – ұлтымызды рухтандандыратын, Наурыз мейрамының әдемі бір бояуын бойында сақтаған сөз. Сондықтан Наурыз мейрамы ұлттық мейрам болып аталып өтетін болғандықтан, мейрамды халықтың бір күндік шеруі қылмай немесе Латын Америкасындағы халықтардың карнавалы сияқты емес, келер ұрпаққа берер тағылымы мол ұлттық мереке ретінде өткізу қажет. «Самарқанның көк тасы еритін күн» дегенде ата-бабаларымызда осыны меңзеп айтқандай…

Ата-бабаларымыз үлкен мен кіші арасындағы сыйластықты, кешіріммен қарауды, ұрпаққа өнеге болатындай іс істеуді, даналық пен ұлағаттылықтың үлгісін көрсетуді және салт-дәстүрлерді, әдеп-ғұрыптарды сақтап қалу бағытындағы дәстүрді қай сөзінде де ылғи өнеге етіп қолданған деп есептейміз және жоғарыда айтылған пікірлерге сүйене отырып, «жұмбақ кен-тасты еріту», «құпия кен, таңба», «Самарқанның көк тасы», «тәңірлік тасы», «Самарқанның көк тасы еріген кез» деген сөздерді талдау арқылы көне тарихымыздың бір бетін зерделегендей болдық.

Нұрдәулет АЛДАШЕВ, филология ғылымдарының кандидаты

Дереккөз: http://kazakh-tv.kz/kz/view/blog/page_191805_samarkannyn-kok-tasy-anyz-ben-akikat