Кемшілікті жақсылыққа пайдалана білген адам (ғибратты әңгіме)
Баяғы заманда Үндістанда патша сарайына су таситын кісі болыпты. Мойнына иін ағаш салып алып екі шелектеп күн сайын су таситын көрінеді. Бір кем дүние дегендей, оның шелектерінің бірі тесік екен. Сарайға жеткенше бірталай су жерге төгіліп қалады екен. Осылайша екі жылдай уақыт өтеді. Сушы патшаның үйіне бір жарым шелек су апарады екен. Бүтін шелек күн сайын өзінің толып келетінін мақтан етеді де, тесік шелек өзінің кемшілігінен жерге кірердей ұялады екен.
Күндердің бір күнінде тесік шелек сушыға қарап адамша тіл қатыпты: «Мен өзімнен қатты ұяламын және бүгін сізден кешірім сұрағым келіп тұр»
— Неге, не болып қалды, шелегім, — дейді су тасушы.
— Неге дейтіні бар ма? Екі жылдан бері түбімнен су ағып тұратынын білемін. Өз міндетімнің жартысын ғана орындаймын. Оның үстіне сізді бекер шаршатып жүрмін. Міне, осы кемшілігім мені жегідей жеп барады.
— Айналайын, шелегім! Анау патшаның үйіне бара жатқан жолдың бір шетіне көз салшы. Қандай әсем гүлдер өсіп жайқалып тұр.
Тесік шелек гүлдерге мән беремін деп тұрғанда, тағы да суының жарымы төгіліп қалып, бұрынғы ұялатын әдетіне қайта басыпты. Сушы әңгімесін жалғайды: «Жолдың сен жүретін жағында ғана гүл өсіп, екінші жағында шөп те жоқ екеніне мән бердің бе?.. Мұның себебі осыдан екі жыл бұрын-ақ сенің кемшілігіңді білгенмін. Бірақ сол кемшілікті жақсылыққа пайдалағым келді. Сол үшін жолдың сен жүретін жағына гүлдің дәнін сеуіп тастадым. Осылайша күн сайын сен осы гүлдерді суғарып жүрсің. Ал мен болсам, мына жайқалған гүлдерден десте жасап, патшаның көңілін көтеріп жүрмін. Сен осындай болмасаң, осындай жақсылықтар болар ма еді?»
Тұжырым. Иә, негізінде, әрқайсымыз тесік шелек секілдіміз. Кемшіліктеріміз басымыздан асады. Бірақ сонымызға қараймастан Алланың құзырында өз орнымыз бар. Алланың қалауында ешбір нәрсе бекерге, босқа жаратылмайды. Сондықтан кемшілігіміздің өзінде үлкен күш бар екенін ұмытпағанымыз абзал. Ендеше, әр адам мына дүниеге өзіндік жақсылығын қоса алады.