«Жарқын болашақ» әлемге қанат қақты

Жиырма бес елдің жүрегі

Адами ойдың піскені —
Асықтың алшы түскені.
Бірігіп кеткен секілді,
Әлемнің барлық түстері.
Еліме бақыт қонып тұр,
Концерттің залы толып тұр.
Жиырма бес елдің жүрегі,
Бір жүрек болып соғып тұр.
Қазақтың тілі керуендей,
Әлемдік тілге енгендей.
Жиырма бес жылым құттықтап,
Жиырма бес ел боп келгендей.
Көңілге көшкен көктемдей,
Астана бейне көк белдей.
Халықтар бірден тұтасып,
Дос болып бәрі кеткендей.
Қуансам алам жиі дем,
Ұрпаққа қарап сүйінем.
Жақындап жатыр көңілдер,
Жырымен, әні, биімен.
Ел-жұртым риза, бала шат,
Сағына күтем тарасақ.
Бесіктей бізді тербеткен,
Жасай бер, «Жарқын болашақ»!

Саят Қамшыгер

Сегіз жылдан бері табысты өтіп келе жатқан «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасы биыл елорда төрінде «Халықаралық тіл және мәдениет фестивалі» болып айрықша тойланды. Әсерлі думанымен, білім қуған жастарға деген шынайы қолдауларымен ел жүрегінен орын алған «дәстүрлі мереке» Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына және 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ҚР Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты құзырлы орындармен бірлесе отырып, әлемнің 25 мемлекетінен түрік лицейлерінде білім алып жатқан өнерлі өрендердің басын қосып, айтулы мерекеге тарту ретінде «Жарқын болашақ» республикалық қазақ тілі олимпиадасын халықаралық деңгейде атап өтті. Халықаралық KATEV қоғамдық қорының тікелей қолдауымен өтетін аталмыш олимпиада биыл өз талаптарына өзгерістер енгізген екен. Нақтырақ айтсақ, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан және Алтай Республикасы секілді көршілес елдерде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың балаларына да қатысуға мүмкіндік беріпті. Осы арқылы оларға атажұрттың әсемдігін көрсетіп, елжандылық сезімдерінің оянуына мүмкіндік беруді көздеген. Сәл шегініс жасап, айтулы доданың жәй-жапсарын да түсіндіре кетпекпіз. Халықаралық KATEV қоғамдық қорының көмегімен 2008 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл олимпиада республикамыздың әр аймағындағы мектептердің 7-11 сынып оқушылары арасында қазақ тіліне басымдылықтар бере отырып, қазақ және өзге ұлт топтарында оқитын оқушылар арасында өтетін дәстүрлі тіл сайысы болып табылады. Ондағы мақсат — мемлекеттік тіл мерейінің өсе түсуіне үлес қосумен қатар, жастардың шығармашылық қабілетін ашу, әлеуметтік белсенділігін арттыру және жарқын болашаққа нық сеніммен қарай алатын тұлғаны қалыптастыру. «Жарқын болашақ» олимпиадасында оқушылар 5 конкурс бойынша бақ сынайды. Дәлірек айтқанда, «Тілші-әдебиетшілер» бағыты бойынша, қазақ тілі теориясын терең меңгерген оқушылар мектеп бағдарламасы бойынша тест сұрақтары, сондай-ақ сұрақ-жауаптар негізінде емтихан тапсырады. Ал «Сөз мәнері» конкурсында қазақ тілінен мәнерлеп оқудан бақ сынайды. Мұндағы мақсат оқушыны ауызекі сөйлеуге үйрету болса, «Әнші-бұлбұлдар» конкурсында қазақтың халық әндері мен өзге де ұлттық әндерді кеңінен насихаттау жане талантты жастарды анықтау. «Жас ғалымдар» конкурсында қазақ тілінің тарихы, тілдің өзекті мәселелерін түсіндіретін ғылыми жоба қорғалады. «Жазушылар» конкурсында үміткерлер туған жерлерінің табиғаты мен елеулі тұлғалары жайлы шығармаларын бәйгеге қосады.IMG_8137
Бұл дәстүрлі сайысқа ҚР Білім және ғылым министрлігі, Сенат депутаттары, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Тіл комитеті, облыс әкімдері, облыстық Білім басқармалары, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар және атақты әншілер барынша қолдау көрсетуде.
Қалыптасқан дәстүр бойынша жыл сайын сәуір айында өтетін Республикалық қорытынды жиналыс биыл, 1 мамыр мерекесіне орай ұйымдастырылыпты. Қорытынды жиналысқа халық әдеттегідей көп жиналды. Елорданың айрықша сәулет үлгілерінің бірі болып саналатын Қазақстан орталық концерт залының алды адамдарға лық толды. Жиналған қонақтар арасында облыстардан келген ата-аналармен қоса белгілі ғалымдар, елге танымал тұлғалар, Парламент депутаттары болды. Концерт басталғанша жанымда тұрған адамдармен әңгімелесіп үлгердім. Халық есімді жігіт ағасы фестиваль болатынын естіп, арнайы келіпті. Кезінде қазақ-түрік лицейінен екі бірдей ұлы білім алып шығыпты. Үлкені қазір АҚШ-та оқып жатса, екіншісі Назарбаев университетінің 2 курс студенті екен. Аталмыш оқу орнының білім беру жағындағы артықшылықтарын тізбелей келген ағамыз: «Бұл мектептің тәжірибесі өзгелерге үлгі болуға тұрарлық», — деді. Өзін кәсіпкермін деп таныстырған Ғизат Кәрімұлы баласын «Нұр Орда» халықаралық мектебінде оқытып жатқанын айтты. «Бірнеше тілді меңгерген, жан-жақты, интеллекті жоғары жеткіншек тәрбиелеу бүгінгі заман талабы десек, бала болашағына жақсы бағыт беруді мақсат тұтқан қазақ-түрік лицейлері өз кезегінде талап үдесінен шығып, барлық деңгейдегі жарыстар, олимпиадаларда жоғарғы деңгейлерден көрініп жүр. Осындай оқу орнында біздің де балаларымыз саналы тәрбие, терең білім алып жүр», — деп, ата-аналар ризашылықтарын жарыса жеткізіп жатты.IMG_8050
Көп күттірмей концерт те басталды. Халықаралық KATEV қоғамдық қорының Президенті Дархан Өте барлық ата-аналар мен шетелдерден келген қонақтарға, ұрпақтар үшін аянбай тер төгіп жатқан ұстаздарға ризашылығын білдірді. ҚР Білім және ғылым министрінің су жаңа вице-министрі Эльмира Суханбердиева ханым министр Ерлан Сағадиевтің құттықтауын оқып шықты. Осы жолғы Халықаралық «Жарқын болашақ» тіл және мәдениет фестивалінің жабылу салтанатында әлемнің 25 елінен келген жас өрендер Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына тарту ретінде өз өнерлерін көрсетті. Сенегалдан келген қара меруерттің орындауындағы «Үш қоңыр» әнімен басталған сауық кешінің әр сәті көрермендерін ризашылыққа бөледі. Әр елден келген балалар өз тілдерінде ән айтып, би билесе, өзіміздің өнерпаздарымыз да аянып қалған жоқ. Угандадан келген қара домалақтың Ибрагим Ескендір және Абзал Жаңабай бауырымызбен бірге «Қазағым» әнін айтқаны көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Қасымда отырған Сәлима Қасымбекқызы апайымыз кезінде атақты «Айгүл» ансамблінің мүшесі болған екен. Әр орындалған ән мен биге кәсіби көзбен қарап отырып: «Осы Астана күні секілді дүбірлі мерекелерге шетелден әнші шақырып, миллиондап ақша ысырап қылғанша, осындай өнерпаздарды қатыстырса ғой, ұлты бөлек, нәсілі басқа дегенмен, балалардың көңіліндей таза көңіл, еш боямасыз тап-таза сазды дауыс қайдан болсын?! Оның үстіне шеберліктері қандай десеңші, арзан даңғазамен нан тауып жеп жүргендер мыналарды көрсе ұялар еді!» — деді көңіл күйін жасырмай.13072634_265017990509024_7818865163804691231_o
Бір айта кетерлігі, осы Халықаралық шара республикамыз үшін ең маңызды «ЭКСПО — 2017» ұлттық жобасын әлемге танытуға жақсы мүмкіндік болғандай. Өйткені қонақтарымыз келген күннен бастап Елорданың көрікті жерлерін тамашалап, жас қаланың келбетін айрықша бағалапты. Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің, Сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаевтің, Парламент мәжілісі Аппаратының басшысы Жасұлан Есенғалиұлының қабылдауында болып, «Қазмедиа» орталығын, Ұлттық музейді, «Астана» телеарнасының редакциясын, «Бәйтеректі», «Хан шатырды» және тағы басқа жерлерді аралау мүмкіндігіне ие болған екен.
«Жарқын болашақ» олимпиадасы 2008 жылдан қазірге дейін 7 рет республикалық деңгейде ұйымдастырылды, жыл сайын оған 1000-нан астам мектеп пен 5000-нан астам оқушылар қатысып, 8 жыл көлемінде 118 оқушыға алдыңғы қатарлы ЖОО-да білім алуларына мүмкіндік беретін білім гранттары табысталыпты.
Осылайша көңілді концерттің соңына да жеттік. Биылғы сайыстың қорытындысына сәйкес бес бағыт бойынша жеңімпаздар анықталыпты. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылып, мектеп бітіруші түлектер арасында 25 оқушыға, Алматы қаласындағы Сүлеймен Демирел атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті сияқты білім ордалары жеңімпаздарға білім гранттарын ұсынды. Осы қатарда шетелдерден келіп, бақтарын сынаған үш қандасымызға Қазақстандағы ЖОО-нда білім алу гранттары берілді. Аталған жастарды марапаттауға сахна төріне шақырылған ҚР Сенатының депутаты Қуаныш Айтақанов мырза өз сөзін «Жарқын болашақ» олимпиадасын жыл сайын ұйымдастырып жатқан Халықаралық KATEV қоғамдық қорына, қазақ-түрік лицейлерінің ұстаздары мен ата-аналарға айрықша алғыс айтумен бастады. «Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында, халықтар достығы күнінде тамаша бір кешке куә болып отырмыз. 25 елден келген 25 өрен ертең Астанамыздан бейбітшіліктің, достықтың елшісі болып аттанады. Осының өзі қандай керемет жетістік?! Мен осында отырған тиісті сала басшыларына ескерте кеткім келеді, теледидарда әртүрлі ток-шоуларды көрсете бергенше, осындай іс-шараларды мемлекетіміздің телеарналарында, Түркия елінде көрсетсе болар еді! Осылай болғанда ғана біздің татулығымыз нығая береді деп ойлаймын», — деді. Ал Түркі әлемі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әділ Ахметов ағамыз өз ықыласын білдіріп: «Жарқын болашақ» олимпиадасының деңгейі жылдан-жылға өсіп келе жатыр. Бүгінгі «құлақтан кіріп, бойды алған» әсем ән мен тәтті күйге куә болдық. Өнерге тәржіманың керегі жоқ. Балалардың салған әндері мен билері бізге бейбітшіліктің қаншалықты құнды екендігін дәлелдеді. Осы орайда бір ұсыныс айтар едім. Мынау әндер мен билер БҰҰ-ның бас пәтерінде көрсетуге лайықты дүние екен», — деді. ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов мырза да алғысын айта келіп: «Осыдан біраз жыл бұрын халқымыздың ардақты перзенті Әбіш Кекілбаевпен Түркияға жасаған бір сапарымызды да осы KATEV қоры ұйымдыстырған еді. Содан бері де талай нақты істерімен көзге көрініп келе жатыр. Біздің балаларымыз мектепте жаттайтын тақпақтарының бірінде «ақпыз, қара, сарымыз, ағайынбыз бәріміз» деп келетін тамаша өлең жолдары бар. Бүгінгі тамаша концерт адамзаттың бір-біріне бауыр екендігін, бәріміз Адам ата-Хауа ананың ұрпағы екенімізді дәлелдеді», — деді.IMG_8100
Осылайша көңілді кеш те өз мәресіне жетті. Қазақ елінің көптеген жерлерінде білім беріп, дарынды балаларды тәрбиелеп жатқан қазақ-түрік лицейлері өздерінің қандай деңгейде жұмыс атқарып жатқандығын дәлелдесе, KATEV қоғамдық қоры да әрісі АҚШ, берісі Бішкектен Астанаға алып келген болашақ тұлғаларға қазақ елінің жарқын келешегін әйгілеп бергендей еді. Марапатқа марқайған көңілмен қоса батпан ойларды басымызға көтеріп шығып бара жаттық. «Адам болар баланың бетінен қақпай, белін буып» жатқан түрік ағайындардың еңбекқорлығына қалай риза болмасқа?! Осындай игі шараларға керенаулық танытып жатқан мемлекеттік мекемелер мен кердеңдеген басшысымақтардың «кісілігіне» не дерсің? Түсінген жұртқа ұялатын нәрсеміз де аз емес секілді…

Халықаралық «Жарқын болашақ» тіл және мәдениет фестивалі», бұл: Бірлік пен бейбітшілік бастауы; Тіл мен мәдениет мерекесі; Ұлттар мен ұлыстардың достығы; Әлем халықтарын біріктірген ортақ құндылықтар; Сахна мен сана сыйластығы; Төрткүл дүниені мәдени сабақтастыққа үндеу; Жаһанның жылы жүздері; Ғаламдық құндылықтар.

жаркын

Фол Мбегги

мозамбик

«Қонақжай қазақ елін қимай кетіп барамын», — дейді Мозамбик қызы

Түйін:
1 мамыр күні «Нұр орда» мектеп-лицейінде Халықаралық «Жарқын болашақ» тіл және мәдениет фестиваліне 25 елден келіп, өз өнерлерін көрсеткен жас өрендермен қоштасу кеші болды. Шара барысында Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойымен құттықтап келген оқушыларға сертификаттар, «ақылды» қолсағаттар, қазақы нақышта жасалған қамшы, киіз үй, тоқыма бұйымдар және басқа да естелік сыйлықтар табысталды.
Бір апта бойы бірге болған түрлі ұлт өкілдері осы уақыт аралығында бір-бірлеріне бауыр басып қалғандығы сөйлеген сөздерінен, қимай қоштасуларынан және көз жастарынан байқалып тұрды. Соның нақты мысалы ретінде «Жарқын болашақ» фествалінде «Үш қоңыр» әнін орындаған сенегалдық Фол Мбеггиді айтуға болады. Ол сөз алған сәтінде жасқа толған жанарын ұстап қалуға қанша тырысқанымен, көз жасына ерік беріп: «Маған қазақ халқы қатты ұнады. Мен осы елге келіп, өнер көрсеткеніме және осындай достар тапқаныма қатты қуаныштымын. Сондай-ақ, осы шараны ұйымдастырып, әлем балаларының басын қосқан аға-әпкелерімен шын ризашылығымды білдіремін. Достар, мен сендерді сағынатын боламын…» — деген сөздерін соңына дейін аяқтай алмады.
Ал шетелдегі қазақ диаспорасынан келген қандас бауырларымыз атажұртына келгендегі қуаныштарын шын ықыластарымен жеткізіп жатты. Бірнешеуі Қазақстанға, кейбіреуі Астанаға алғаш рет келгендерін де жасырмады. «Біз елге оралғанда ол жақтағы ағайындарға Қазақстан, Астана туралы айтатын боламыз. Біз ата-бабамыздың кіндік қаны тамған жердің мұндай екенін білгеніміз жоқ. Келесі жылы да осы олимпиадаға шақырып тұрыңыздар. Сіздерге көп рақмет!» Шетелдегі қазақтардың қоштасу сәтінде айтқан сөздерінің басым бөлігі осы сарында болды.
Бұл балалар осы арқылы әлемдегі түрлі қақтығыстар мен қарама-қайшылықтарға тосқауыл, бірлік пен бейбітшілікке бастау болады. Мәселен, талай ғасыр бойы ақ адамдар тарапынан кемсітіліп келген Африкадан келген қара нәсілділер осы «Жарқын болашақ» арқылы өздерінің бүкіл адам балаларымен тең дәрежеде екенін тағы да жан дүниесімен сезінді. Өйткені алғаш келген сәттегі жатырқау күйдегі оқушылар қоштасу күнінде мүлдем еркін, бақытты, өзге ұлт балаларымен тең дәрежеде ұстағандай болды. Сондай-ақ, талай жылдардан бері соғыстан көз ашпай келе жатқан Ауғанстаннан келген жас өрен Қазақ еліне келіп, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында тәуелсіздіктің, бейбіт өмірдің дәмін сезді. Осы сарындас Азиядан, Еуропадан және дүниенің өзге де бұрыштарынан келген оқушылар туралы да айтуға болады.
Осылайша 25 сәуір мен 2 мамыр аралығында бірге болған әлем балалары төрткүл дүниені мәдени сабақтастыққа үндеу, ұлттар мен ұлыстардың достығына айналған Халықаралық «Жарқын болашақ» тіл және мәдениет фестиваліне өз ризашылықтарын шын көңілмен айтып та, жазып та кетті. 25 мемлекеттен келген қарлығаштар Қазақ елін, қонақжай дәстүрін, мейірімділікке толы кең пейілін, әсем қала Астанасын, «сендер қандай бақыттысыңдар, қазақстандық достарым» деген достық ниеттерін білдіріп, қимай қоштасты. Ақ жол, елдеріңе аман жетіңдер, достар!
Осылайша «Жарқын болашақ» білім бағдарламасының аясы кеңейіп, қанатын кең жая бастағанының куәсі болдық.

Ерқазы Сейтқали